Бұл үйде әйелдің бақытты болуы екіталай

Oinet.kz 06-11-2022 6683

Жасым отызда. Он жеті жасымда, екі жас үлкен әпкем бола тұра анам өзім қаламаған адамға қинап ұзатты. Тіпті, жалынып аяғына жығылмақ болғанымда бетімнен салып жіберіп: "Есіңді жи! Саған жаман болсын демеймін! Жігітті көріп жүрсің еңбекқор, ертең не ішем, не жеймін деп қиналмайсың",- деп нүкте қойды.

Screenshot_3.jpg

Күйеуімді бірнеше рет сырттай көргем. Камаз айдап, май сасып жүретін. Оны қойшы, оқымағандықтан ба өте дөрекі, әрі болмайтын дүниелерді әңгіме қылатын өте саяз адам.

Ұзату тойым есіме түссе әлі күнге жаным ауырады. Не болып, не қойып жатқанын білмеймін, өң мен түстің арасында жүргендей болдым. Ештеңе көрмедім, ештеңе естімедім. Қайын жұртыма менімен құдағи болып ілесіп келген анамның әпкесі, шымылдық ішінде ес-түссіз отқан мені көріп анама хабарласты. "Қызың, өлімге кетіп бара жатқандай боздағанда да былқ етпедің-ау, ә?! Мына қызың өзіне бірдеңе істеп қойса, обалын арқалайсың ба, байғұс-ау?! Мынадай күйде мен тастап кете алмаймын мұнда",- деп айғайлады. Сонда анам "мені жақсы көрсе қалады",- деп телефон тұтқасын тастай салды.

Күн артынан күндер өте берді. Құдайдың ісі болар деп көндім. Ата-енем, қайынағаммен бірге тұрдық. Қайынағам жұмыс істейді. Азанда кетеді, кешке келеді еш зияны жоқ. Ал атам мен енем үйде. Енемді қойшы, атам әр ісіме тиісіп, әйелдің тірлігіне араласқанды жақсы көретін адам екен. Күйеуім түкпен шаруасы жоқ өзімен өзі жүретін адам болып шықты. Кейде мылжыңдап болмайтын нәрселерді айтады. 

Бара салып көтердім. Қызымды аман-есен босанып, емшектен шығарған соң, бір жылдан кейін ешкімнен сұранбай, базарға киім сатуға жұмысқа шығып кеттім. Ұзатылмай тұрып мектеп бітіргесін анамның қасында бірнеше ай істеп көргем. Сол кезде пысықтығыма сүйсінген бірнеше апайларға хабарласып, (анам ол кезде басқа қалаға көшіп кеткен) ісімді жүргізіп алдым. Менің жұмысқа шыққаным ешкімге ұнаған жоқ. Әсіресе атам көп тисетін. Қызымды енем қарап отырды.

Қолым жүре бастағанда өзім тұрған шағын бутикті сатып алдым. Үй тірлігін үлгергенімше жасап жүрдім. Базарда болғасын, күнде ел жемейтін азық-түлік арқалап келем. Сонда барып үйдегілердің ашуы кішкене басылды. Бірақ енем мен атам той-томалағына ақша сұрап бастады. Сауда болғасын бірде бар, бірде жоқ. Қолымда болған кезде аяған емеспін. Тек кейін енем атамның іш киімдеріне дейін маған ала кел дейтінді шығарды. Оған да ештеңе демей көндім.

Күйеуімнің де табысы жаман болған жоқ. Біреуден ілгері, біреуден төмен өмір сүріп жаттық. Тек сезімсіз шыққан соң ба, күйеуімді көрсем жиіркенетін болып алдым. Ол жұмыспен екі-үш күн жоғалып кететін күндері үйде көңілді жүрем, ол келсе басым ауыр тартып, жүйкем сыр бере бастады. Күйеуім турра әкесіне тартқан. Дастархан үстінде әркімнің әйелін өсектеп, жасаған тамақтарының қандай болғанын, жуған кірінің ашылмай қалғанына дейін айтып отырады. Жұмыстан келгесін еркек боп бір шеге қаққан емес. Оның бәрін қайынағам жасайды. Бір күні жұмыста тауар қабылдап, кеш қайттым. Қызым ауырыңқырап енемнің дастархан дайындауға мұршасы болмапты. Бара сала ас қамына кірістім. Кешкі асты кешірек іштік. Атамның қабағы ашылмады. Ақыры айғайға салды: "Үйге көрге кіргендей түнеріп ендің. Секеңдеп күніңді көре алмай отқандай әлдеқандай боп базарға шықтың. Қызың бізде қалды шырылдап. Үй тірлігің ол қалды жайына. Мына тамағыңды қалай ұялмай құйып беріп отсың, бетсіз?",- деп алдындағы тамағын бетіме шашып жіберді. Тұзы өтімді болып кеткен екен. Енем: "еркектердің тамағын беріп ал, қызыңа қарай тұрайын",- деп басқа бөлмеде отқан. Күйеуім бәрін көріп тұрып былқ етпеді. Қайта қайын ағам "Папа, қойсаңызшы. Келін де біреудің қызы ғой",- деп әкесін басқа бөлмеге алып кетті. Күйеуімнің соншалықты ынжық, соншалықты адамгершіліктен ада екенін көріп, қызымның бес-алты киімін алып үйден кетіп қалдым. Енем ғана: "Бағың ашылсын. Бұл үйде әйелдің бақытты болуы екіталай",- деп жылап, құшақтап шығарып салды. 

Әпкем универін бітіріп, қалада пәтер жалдап тұрып жатқан соған бардым. Содан бері бірге тұрамыз. 10 жылдан асты. Әпкем әлі күнге тұрмысқа шықпады. Қызым алтыншы сыныпта оқиды. Енем демалысында өзімен әкетіп тұрады. Өзім күйеуге тию жайлы ойланбадым. Ер азаматтардың бәрі бұрынғы күйеуім сияқты жұғымы жоқтай көрініп тұрады. Анам басқа қалада. Әлі күнге мені бұрынғы күйеуіммен қосқысы кеп тұрады. Базардағы жұмысымды әлі істеймін. Шүкір өз күнімді өзім көріп жатырмын. Тек өкінетінім анам күйеуге берем деген кезде-ақ үйден кетіп қалуым керек еді. Жоғарғы білім де ала алмадым.

Қазір қызым үшін өмір сүремін. Бар қалауын орындауға тырысам. Әсіресе жақсы оқуын қадағалаймын. Оқыған адам жерде қалмайды ғой... Қызым бақытты болса екен.

Енем пешенеме сыймай кетті
Күйеуім тойға әйелімен келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу