Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Айналайын, қарақтарым! Есімім - Гала. Ұзақ жылдар ауруханада терапевт болып, елдің алғысын алған əйелмін. Қазақстанға Қырымнан көшіп келгенбіз. Құдайға мың шүкір! Ауылдасым - ағайыным секілді. Өзі жақсы адамға қай жерде де бір кісілік орын болатынына күмəнім жоқ.
Он жеті жасымда осы топырақты бастым. Осы жақта келін болдым. "Əр жүректе бір арман болады" дегендей жолдасым екеуміз бір перзентке зар болған бейбақтармыз.
Уақыт бір орында тұрмады. Менен де жастық ауды. Жолдасыма мен өмір бақи разымын. Ақыр демі үзілгенше мені алақанына салып аялап өтті. Сол асыл жарым бір күні балалар үйінен бала асырап алуды ойлануымды өтінді. Сəбиге зар көңілім бірден ойын құптадым. Құжат əзірледік. Ана атандым. Жолдасым да əкелік сезіммен көкке ұшып жүрді. Құдайдың қалауымен қызды болдық. Қызымыз өте ақылды болды. Жүрегінде мейрімнің көлі бар, ақ жүректігіне бəрі сүйсінетін. Бір күні қызымыздың да бойжеткенін аңғардық. Қызым - дəрігер болып жолымды қуды. Мəскеуге оқуға аттанды. Сол жақтан өз теңін тапты. Сол жақта қалды. Жолдасым төрт жыл бұрын бақиға аттанып, қызымның қолына көштім. Бардым. Күйеу балам мені адам деп сыйламады. Қызым қанша жерден анам деп, жақсы көріп тұрса да, күйеу балам менің оның өгей шешесі екенімді бар əрекетімен аңғарта берді. Қызым барынша құрмет көрсетуін сұранды. Жалынды. Жекіді. Ұрысты. Ақыры, мен қызымның үйінен кеттім. Қазақстанға қайттым.
Қазақы ауылда өскен басым күйеу баламның "өгей" деген өзекті тілер сөзін естігім келмеді. Қызымның үш баласы бар. Өмірдің жарты жолына келді. Күйеу баламның көзіне күйік болып, қызымды қинауға дəтім бармады. Немерелерімді жаз сайын əкеліп тұрады. Күйеу баламның ұятсыздығы мен ынсапсыздығына қайранмын. Мен күйеу баламды бір сəтке болса да бөтен санаған емеспін. Атасы екеуміз бар тапқан-таянғанымызды соған салатын едік. Бір емес, үш рет жеңіл көлік алып берген де атасы болатын. Атасы барда, менің алдымда сөйлемейтін. Жолдасым - құқық қорғау саласында жұмыс жасаған аға лейтенант дəрежесіндегі адам еді. Қаймығатын. Енді маған тіл тигізетін дəрежеге жетті. Адам жақсылықты тез ұмытады екен-ау?! Жетпістің жетеуіне келдім. Арымды бəрінен биік қойып, адал əрі еркін өмір сүрдім. Енді біреудің қас-қабағын бағуға көндікпеспін.
Қыздың тағдыры - бір əулетке əсер етеді екен. Жақсы күйеу балам болса, жападан-жалғыз қалмас па едім?!.. Қызым да отасқалы өзінің жолдасын толық танымағанына əлі өкінеді. Адамды тану - ең қиын нəрсе екен. Құнан деп, қойныңа басқаның жылан боп шағады екен. Е, бұ дүнияда бəрі бір жаратқанның қолындағы дүние ғой!