Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
20 жасымда танымайтын жігіттің жары атанып, басыма ақ жаулық жабылды. Көп ұзамай аяғым ауырлап, ана атандым. Күйеуімді соншалық сүйдім дей алмаймын. Бірақ бауыр басып кеттім. Балалы болғаннан кейін ол өзгере бастады. Күнде ұрыс-керіс, ортаға үнемі енем түсіп, кейде таяқ та жейтінмін.
Бас жарылып, омыртқам да сынды. Ол аз дегендей бейтаныс әйелдердің телефон қоңырауы мен смс хаттары да жүйкеме тие бастады. Ол жай бер жағы екен, тіпті күйеуімді үйге алып келген қатынды да көрдім. Таңғы төртте не қылған қатын ол? Отбасымды сақтап қалу үшін үндемей, ұрыс шығармауға тырыстым.
Тіпті, маған қоңырау шалып, байыңды жақсы көремін. Ол да мені сүйеді. Үйіңе қонбаған күні менің қасыма қонады деген сөздерді де елемедім. “Ит үреді, керуен көшеді” деумен өзімді жұбатып жүре бердім. Әйтсе де, іштей қорланып, намыстанатынмын.
Әдемі болуға тырысып, бұрынғыдан да пысық болуға талпындым. Менің жайнап жүргенім енеме ұнамайтын. Ілік іздеп баласына ұрғызғанына мәз еді. Ал мен соның баласын адам қылып, қайтсем де отбасын сақтап қалу үшін тырысып жүргенімді ұқпады. Қысқасы не керек, үйдің де бар шаруасы менің мойнымда. Өзім жұмыс істеймін , бар тапқан табысым енемнің қолына саламын, одан қалды үйде мал көп, айран, сүт, құрт пен майын, ірімшік, қаймағында өзім жасап, сатып, ақшасын енеме әкелемін. Бірақ киім алуға, өз керегімді алуға келгенде үнемі ақша жоқ болатын.
Келін болғаныма он жылдан асса да жөні түзу киім кимедім. Ұрыс болмасын, осы үйге жетсін деп, жоқтан барды киіп, сонда да өзіме қарадым. Олай етпейін десем байым анау, көрінгенмен аты шығып, мені жерге тығып жүр. Жұмыстағы әйелдерден де естимін байың пәлен жерде пәленшемен, түген жерде түгеншемен отыр дегенді. Отырмай қайтсін, малай болып біреу баласын тауып, үйіне қарап тірлігін істеп отырса. Бірақ соңғы жеген таяғымда әбден шаршаған екенмін. Ажырасамын деп кетіп қалдым. Ажыраспаймын деп қанша жүрсе де, артыма қарамадым. Тек балаларым үшін ғана ойланамын. Ал күйеуімді мүлдем жек көріп, тіпті оны көргім келмей кетті. Әйел ретінде сезінуден қалдым. Әттең, тек балаларым ертең “әкемді неге кешірмедіңіз” деп айтпаса, күйеусіз өткен өміріме де үйрендім. Тек балаларымды ойласам ұйқым қашады. Қазір жаңа жұмысқа орналастым. Беделім де жоқ емес. Тек отбасылық өмірім жайлы айтуға намыстанамын. Күйеуім қадірімді білмегеніне налимын.