Дүкен Мәсімханұлы, ақын: «Әншіге ғашық болдым»

Oinet.kz 20-04-2019 1628

Жарымды алғаш рет теледидардан көріп едім. Айнұр Әбиденқызы сол кезде мамандығы филолог болса да Қытайдағы қазақ эстрадасының алғашқы жұлдыздарының бірі атанды. Көк жәшікке жиі телміріп,  оның айтқан әніне де, сәніне де ғашық болып қалдым. Іздеп тауып, онымен танысуға жүрегім дауаламады. Оның үстіне әке-шешем «әнші деген жар болып жарытпайды, үйде отырып сенің жағдайыңды жасай алмайды» деген сөздерінен аса алмай жүрдім. Бірақ, оты лаулаған махаббат шіркін шыдатар емес, біраз уақыт оны ұмыта алмай, бір кездесуді армандап жүрдім. Кейіннен Үрімжіде белгілі композитор Бағдат Естемесұлы ағамыз ансамбль құрды. Мен сол ансамбльдің концерттерін жүргізіп жүрдім. Бағыма орай біздің тобымызға Айнұр қосылып, әнші ретінде қабылданды. 

Бір көруге ынтықтырған қыздың жанымда жүргеніне біраз уақыт сене алмадым. Концерттермен қазақ ауылдарын аралап, өнер көрсетіп жүрдік. Іштегі сезімім тулап жүрсе де, сыртқа шығара алмадым. Танысып, араласқанымызға көп уақыт бола қойған жоқ еді. Егер бір-екі рет көре салып «мен сені жақсы көремін» деп айтсам шошытып алармын, әрі ыңғайсыз болар деп біраз уақыт іштей пүшәйман күй кештім. Соңында шыдамым шегіне жетіп, сезімімді білдірдім. Поэзияға  ынтызарым ауып, енді ақын атана бастаған кезімде «Арман қыз» деген өлең жазып едім. Жігіт ер жеткенде болашақ жарым мынадай болса екен деп қиялындағы аруды көз алдынан елестетіп көреді ғой. Сондай сезіммен менің жарым әнші болса екен деп армандап жазған өлеңімді алдымен Айнұрға оқып бердім. «Бұл сені кезіктірмей тұрып жазған өлеңім еді, мен дәл сол өлеңдегі арманға айналған әнші қызымды  жолықтырғаныма өте қуаныштымын» дедім. Алайда ол ыңғай бере қоймады.

Screenshot_45.jpg

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін мені Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмысқа, яғни қытай тілінің оқытушысы ретінде  шақырды. Отбасымнан, ғашығымнан жыраққа кетіп бара жатқаныма аздап қиналғаныммен,   ойланбастан туған еліме жол тарттым. Бұл 1993 жылдың басы еді. Тура бір жылдан кейін арманға айналған ғашық  қызым дәл осы оқу орнына қызметке орналасу үшін сынақтан өтуге келді. Тағдыр біздің жолымызды тағы да тоғыстырды. Білім шаңырағында, жатақханада оны жиі кездестіріп жүрдім. Ара-қатынасымыз бұрығыдан да жақсара түсіп, екеуміз кездесе бастадық. Сөйтіп жүріп үйленуге шешім қабылдадық. Өміріміздегі маңызды шешімімізді шекараның арғы жағында  қалған әке-шешемізге айтқанда олар бұл жаңалықты біраз тосырқап қабылдағанымен, кейіннен ақ баталарын берді.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі жағдай ауыр болды ғой. Жалақымызды айлап, кейде жылдап бермей қалатын. Шаңырақ көтеруге бел байлаған соң Айнұр екеуміз жұмыстан тыс уақытта барахолкада сауда жасап, біраз қаражат жинадық. Әйтеуір тыраштанып, қарызданып, туған-туысты, дос-жарандарды шақырып, бас аяғы 20-30 адамды жинап, кішігірім дастархан жайып, шәй бердік. Дүркіреген тойымыз болған емес.

Мен асыл жарымның талантына, көркіне ғана ғашық болған жоқпын, сондай-ақ оның шыншылдығына, тазалығына сүйсіндім. Кейбір әйелдердің бойында күйеулері аттап басса «қайда болдың?» деп қайта-қайта сұрап, күдіктенгіш  қасиет болады. Ал ол ондай қасиеттен ада әйел. Қазақта «ерді ер қылатын да, жер қылатын да әйел» деген мақал бар. Біз  қаншама жылдар бойы жалақыға күн көріп келе жатқан ерлі-зайыптылармыз. Бір кездері «әйелім, бала-шағам заманның үлгісінен қалмай киінсе екен, жақсы өмір сүрсе екен» деп жұмысымды тастап Қытай компанияларына ауысқым келіп, талай оқталдым. Сонда ол «Саудамен, бизнеспен бәрі де айналысып жүр ғой. Бірақ сенің бойыңда ақындық дарының бар. Сенің талантың елге қажет және шәкірт тәрбиелеуден артық қандай қасиетті іс бар. Сен ғылымды, әдебиетті тастама»  деп ақылын айтып, демеу берді. Сол кезде түсінгенім әйелінің ақылына көркі сай болғаны ер адамның бағы  екен. Қазір ол Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінде  сабақ береді. Доцент, көптеген оқулықтар мен ғылыми зерттеулердің авторы, талай шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. 

Screenshot_46.jpg

Жарым маған өмірдегі ең қымбат жандарым--төрт қызды сыйлады. Үлкен қызымыз қазір Қытайда медицина саласында магистратураны оқып жатса, екінші қызымыз Еуразия университетінде білім алуда. Үшінші қызымыздың есімін ұл бала жалғассын деген ырыммен  Ұлжан деп жарымның өзі қойған еді. Ал кіші қызғалдағымыздың есімін Гүлмерей деп Алашқа белгілі ақын Мұхтар Шаханов таңдаған болатын.  

Амангелді Сейітхан: «Қанатбаевты қанағаттанарлықпен шатастырып...»
Ғани Жүнісов, әнші: «Мола басында ойнадық»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу