Ғани Жүнісов, әнші: «Мола басында ойнадық»
Бала күнімде Кемел деген досым болды. Бала күнгі шалалық, қызықтың бәрін бірге өткіздік. Жамбыл облысы Талас ауданындағы кіндік қаным тамған жер Талапты ауылының табиғаты өте әсем. Ауданға қарасты Ақкөл ауылында өсіп, оқығаныммен, демалыста Талаптыдағы ата-әжеме асығып тұрушы едім. Жаз шықса болды Талас өзеніне шомылып, жайлауында әбден қозы бақтық. Көршілес тұратын әжеміз болушы еді. Оның сүті мол тоқал ешкісі болатын. Бірақ үйінде бағатын туысы болмады. Содан бір күні бағып беріңдерші деп Кемел екеуміздің қозымызға ешкісін қосып жіберді. Үлкеннің өтінішін аяқ асты етпейік, әрі бәрібір қанша қозы бақсаңда сол шаруа деп тоқал ешкіні қосып алдық. Ешкінің сүті дәмді болады ғой. Алғашқы күні біз қызық көріп оны сауып көрдік. Даладан тезек жиып әкеліп, от жақтық, айналада шашылып жатқан консервілердің қалбырына сүтті құйып, отқа пісіріп іштік. Жаңа піскен сүттің дәмін-ай, шіркін. Екінші күні де бұл ләззаттан бас тарта алмадық. Не керек, күн сайын тоқал ешкінің сүтін ішіп отырдық. Кешке әжемізге ешкісін апарып бергенде «сендер менің ешкіме дұрыс қарап жүрсіңдер ме, соңғы күндері сүті азайып кетті, жақсы бақпай жүрсіңдер-ау» деп сұрады. Біз міз бақпастан «жо-жоқ, жақсылап қарап жүрміз» деп қоямыз. Ертеңіне әдетімізге салып, ешкіні сауып отырған жерімізден көрші әжейге ұсталып қалдық. Ол біздің әрекетімізге ашуланып, бізді шыбықпен сабап, ешкісін әкетіп қалды.
Әженің шыбығы аздай, бірде екеуміз ауыл қарияларынан оңбай таяқ жедік. Бұл оқиға былай болды. Күнделікті шаруамызға кірісіп, досыммен қозы бағып жүргенбіз. Ауыл шетіндегі моланың жанына келіп қалыппыз. Зерігіп жүрген біз қорымның ішіне кіріп кеттік. Қарасақ бір бейіттің басында ақ кірпіштер, құрал-саймандар шашылып жатыр екен. Бұл өмірден өткеніне бір жыл толмаған ауылдағы әулиелі, қасиетті Қожа атаның бейіті еді. Бала-шағасы, ағайын-туысы аталарының басына көк тас орнатып, қоршап жатқан. Әлі қоршалып бітпегеніне қарағанда түстің кезі болғасын жұмысшылар ауыл ішіне кеткен болуы керек. Шашылып жатқан ақ кірпіштерді Кемел екеуміз қызық көріп, кішігірім үй соқтық. Төбесін қара қағазбен жауып алдық та, қақайып тұрған күннің көзінен қорғанып, ішіне кіріп алдық. Ананы айтып, мынаны айтып, арасында қарқылдап күліп аламыз. Бір кезде сырт жақтан «астафиралла, астафиралла» деген біреудің жан дауысы шығып, гүрсілдеген дыбыс шықты. Не болып қалды екен деп үйшіктен атып шықсақ Сайлау деген ата есегіне мініп қашып барады екен. Сөйтсек ол Қожа атаның басына құран оқиын деп келген екен. Мазарға кіргенде «свежый» бейітті көріп «мынау кімнің бейіті болды екен, жақын арада ауыл ішінде ешкімнің сәбиі шетінемеген сияқты еді» деп ойланып, таңырқап тұрғанда біз айғайлап күліп жібергенбіз ғой. Байғұс шалдың зәре құты қашып, есегінен жерге аунап түсіпті. Біз үйшіктен шыққанда ол алды артына қарамай есегіне қайта мініп, ауыл ішіне тартып тұрды. Біз не күлерімізді, не жыларымызды білмей қалдық. Кешкісін қозымызды айдап, ауыл ішіне кіріп келе жатсақ, біреу «сендерді қариялар шақырып жатыр» деді. Көрші үйде құдайы тамаққа жиналған ақсақалдар Кемел екеумізді ортаға алып, сабап-сабап алды. Мазардың ішінде ойнауға, әруақтардың тынышығын бұзуға болмайтынын біз қайдан білейік.
Есейіп қалған кезімізде де досым екеуміздің шалалығымыз қалмай-ақ қойды. Кемелдің айғыры болатын. Ойымызда ештеңе жоқ, екеуміз аттың үстіне ұйытқып, шауып келеміз. Сонадайдан бір топ жылқы жайылып жүрмесі бар ма. Астымыздағы аттың сонда барып, өзгелерімен шайнасатынына көзіміз жетіп тұр. Егер олардың арасында қалсаң тірі шықпайтының белгілі. Кемел дереу аттан секіру керек деп айғайлады. Шауып бара жатқан айғырдан секіру оңай оңай ма, оқтала алмай біраз жерге дейін шауып барып қалдық. Өзен бойымен келе жатыр екенбіз. Аттың тұяғынан тапталып өлгенше жаралы болсам да секіргенім артық деп, мен көзімді тарс жұмып, суға қарай гүмп етіп секірдім. Есімді жисам қолымды тасқа ұрып алыппын. Аздап қанап қалды. Мені қоя беріңізші, қарасам Кемел әлі шауып барады екен, жүгенді ары тартып, бері тартып, болмағасын жерге аунап түсті. Досымның тура шеңгел мен жыңғылдың арасына түскені «жығылғанға жұдырық» болды-ау. Ол денесіне батқан тікенектен жан дауысы шығып, айғайлап жіберді. Қасына жүгіріп барып, үстіндегі тікендерін тазаластым. Сол күні екеуміз айғырды таппай кешқұрым соғыстан қайтқан жаралы солдаттардай сүмірейіп қайттық.
Үшінші сыныпта әке-шешем мені музыкалық мектептің баян сыныбына бергені есімде. Ағаймыз өте сұсты, қатал болатын. Кішкентайымда әлжуаз, бойым аласа бала болдым. Ауыр баянды ойнамақ түгілі, көтеру қиын еді. Оның үстіне ағайдан өлердей қорқатынмын. Амалдың жоқтығынан біраз күн барып жүрдім де, кейіннен қулыққа көштім. Үйден күн сайын музыка мектебіне кеттім деймін де аудан орталығындағы кинотеатрға кіріп жүрдім. Анамның берген ақшасын бір киноны бір апта көрсететін кинотеатрдың билетіне жұмсадым. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демей ме, арадан біраз уақыт өткесін менің келмей жүргенімді ағайымыз анама хабарласып, айтып қойыпты. Өтірігім әшкере болғасын баян сыныбына бармаймын деп жылап, әйтеуір дегеніме жеткенімді олар әлі күнге дейін айтып жүреді.