Сырым Қашқабаев: «Туған күннің соңы «су тасқынына» ұласты»

Oinet.kz 26-02-2015 1291

Менің қызықты студенттік жылдарым Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қабырғасында өтті. Академияда 1995-1999 жылдар аралығында білім алып, ұмытылмас күндерді бастан кешірдім. Кураторым Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахилям Машуровадан  тәрбие алдым. 

Screenshot_7.jpg

Өнер академиясында студент  атану өзге оқу орындарына қарағанда өзгешелеу болады. Құжат тапсырғаннан кейін ұстазыңмен бір ай дайындық жүргізесің. Ұстаз құжат тапсырған шәкірттермен бір ай жұмыс істеп, қабілеті барларын сұрыптау арқылы емтихан тапсыруға  рұқсатын береді. Емтиханнан өткен талапкерлер ғана студент атана алады. Сол емтиханға дайындық жүріп жатқан кезде оқытушыма ұнамай қалғаным бар. Ол былай болды. Елтай деген досым бар еді. Екеуміз бірге емтиханға консультацияға бара жатқанбыз. Автобуста тып-тыныш келе жатқан жерімізден мен өзімнен өзім оқуға бір аялдама жетпей түсіп қалайық деп досыма қолқа салдым. Ол да келісе қалды. Сөйтіп бір аялдама ерте түсіп қалып, ары қарай асықпай, жаяулатып әңгімелесіп бардық. Былжырап жүргенде кешігіп қалыппыз. Аудиторияға кіре сала апайымыз «неге кешіктіңдер?» деп алқымымыздан алды. Мен «апай, автобуста келе жатыр едік көлік бұзылып қалып, жаяу жүгіріп келдік» деп әңгімені жіберіп тұрған едім, апайымыз маған бажырая бір қарап «біз бір автобуспен келдік қой» деді. Сөйтсек біз мінген автобусқа апайымыз да мінген екен. Ол байқағанымен біз оны көрмеппіз. Сол кезде жалған сөйлегенім үшін  ұялып қалдым, ол да «саған көп үміт артушы едім, өтірік айтатын бала екенсің ғой» деп көңілі қалды. Ұятты тірлігім үшін ұстаздың көңілінен шығып, тәртіпті бала болып жүруге тура келді.     

Елімізге белгілі жас актер   Жанқалдыбек Төленбаев біздің  старостамыз болған. Ол табиғатынан  адамның дауысын, мимикасын, жүріс-тұрысын жақсы салатын. Бір сөзбен айтқанда пародияға жақын жігіт еді. Сабақ кестеміз бойынша түске дейін гуманитарлық сабақтар, түстен кейін актерлік шеберлік сабақтары өтетін.  Екеуінің арасында қырық минуттай уақытымыз бар. Сол қырық минутты пайдаланып, тамақтанып, сабаққа қайта асығып-үсігіп келе жатқанмын. Себебі екіге он бес минут қалғанда аудиторияда болмасаң, қатал ұстаздан сөз есітіп, сабаққа қатыса алмайтының мәлім.  Жүгіріп аудиторияның есігіне жақындап қалып едім, апайдың дауысы шығып жатыр екен. «Қап, кешігіп қалдым-ау, енді қайттім?» деп есіктен жәй сығаласам артқа қарап тұрған  жігітті байқадым.   Апайдың дауысы қайдан шығып жатыр деп ары-бері көз сүзсем де оны таба алмадым. «Ұрыс естісем де кірейін» деп есікті  ашып қалсам досым Жанқалдыбек апайдың дауысын салып тұр екен ғой. Ішіндегі жігіттер қулыққа көшіп, есікті жауып, ешкімге айтпаймыз деп шештік. Себебі артымнан тағы жүгіріп келе жатқан группаластарым бар еді.Оларды да «қатырайық» деген ойымыз ғой.  Жанқалдыбектің өнеріне мәз болып тұрғанымызда  апайымыздың өзі де келіп қалды. Оны байқамаған старостамыз шәкірттеріне ұрысып әлек болып жатыр. Ұстазымыз жәймен Жанқалдыбектің артынан келді де, иығынан түртіп «балам не істеп жатырсың?» деді. Досымның образға кіріп кеткені соншалық, ешкімді елегісі жоқ, апайға «қоя тұршы» деп, қолын бір сілтеп қояды. Сәлден соң барып, есін жиды білем, апайға қарап, қатты қысылды. Кураторымыз алдымен күліп артынан бәрімізді «сығып» алды. 

Бір күні сол старостамыздың туған күні болды. Жатақхана тұрғасын, комендант апаймен келісіп, бөлмесіне әдемілеп дастархан жайдық. Қонақтарымызды шақырып, тойладық. «Вечер» біткесін, жігіттер дастарханды жинастық. Бірақ ыдыс аяқ жуайын десек, су тоқтап қалыпты. Келген соң жуармыз дедік те ыдыстың бәрін умывальниктің ішіне салып кеттік. Туған күннен соң, әрі қарай жалғастырайық деп бәріміз  қалада  қыдырдық. Біраз уақыттан кейін үйді-үйге тарқасып, қайтып кеттік.  Әбден шаршаған Жанқалдыбек жатақханасына оралып,  түс көрмей ұйықтап жатқанда су келіпті. Ашық қалған краннан су тоқтамай ағып, түні бойы бөлменің ішіне жайылған. Көрпе төсегі, үсті-басы малмандай су болған досым оянғанда «су тасқынын» көріп, шошып кеткен ғой. Сабаққа кешігіп келген ол бізге қарап «жігіттер кеше суды жаппай кетіпсіңдер ғой» деп оқиғаны баяндап бергенде  бір күліп алдық.

Қазір сол жылдарды сағынамын. Бірге оқыған қыз-жігіттермен отбасымызбен араласып тұрамыз. Рахилям апайымызды да ұмыт қалдырған емеспіз. Оған еркелеп «сіздің лағманыңызды сағындық» деп қоямыз. Апайымыз лағманды керемет әзірлейді. Алматыға келген сайын бізді, басқа да шәкірттерін үйіне шақырып тұрады. Ұстаздар қауымымен сыйластығымыздың жоғалмағанына қуанамын.

Ғани Жүнісов, әнші: «Мола басында ойнадық»
Өмір тоқтап қалар еді... әйелсіз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу