Амангелді Сейітхан: «Қанатбаевты қанағаттанарлықпен шатастырып...»
Мектепті бітірген соң бірден әскер қатарына қабылдандым. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң ғана студент атандым. Бала күнімнен журналист болуды армандап жүруші едім. Оқимын деп шешкен соң ойланбастан талай майталман қаламгерлерді түлеткен Әл - Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік уинверситетіне журфакқа құжаттарымды тапсырдым. Бұл 1989 жылы болатын. Оқуға оңайлықпен іліне қоймайтының белгілі. Мен қайтсем де университетке түсуім керек деп өз-өзімді қайрап, емтиханға әбден дайындалғанымды әлі ұмытпаймын. Кітаптан бас алмағаным соншалық басым айналып, мұрын қанайтындай дәрежеге жеттім. Қазір ойлап қарасам емтихан, емтихан деп соншама зорығыппын ғой. Сынақ күні де жақындап келді.
Алғашқыларынан сүрінбей өтіп келемін. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей соңғы емтихан тарих пәнінен болды. Менің алдымда кірген алтаудың бесеуі "құлады-ау " деймін, деканның орынбасары Намазалы Омашевтің "бұл қиын болды ғой, недобор енді", - деген сөзі естілді дәлізден. Өзгелердің жабыңқы көңіл-күйін көрсем де еңсем түсе қоймады. Өйткені әскерде яғни, Донецк қаласындағы жоғары әскери училищеде студенттерін оқу процесімен қамтамасыз ететін батальон құрамында жүрдім. Саяси жетекшілер даярлайтын оқу орнында студентттерге тарих, оның ішінде КПСС тарихы жақсы оқытылатын. Өз жұмысымды атқарып жүріп сол дәрістер менің де миыма сіңе беріпті. Емтихан тапсырғалы жатқан талапкерлердің арасында әскерде борышымызды бірге өтеген жігіттер бар еді. Емтиханға кірер алдында біліп келгенімізді көрсеткіміз келді ме, әлде жұрттың бәрі "екі" алып жатқан соң өзімізді қайрағанымыз ба, емтихан қабылдап отырған ұстазға, "бізді құлату оңайға соқпас", - деп қойып қалдық. Бұл сөзіміз ұстазға ұнамай қалған болу керек, сұрақтарды қалағанынша жаудырды. Біздің де бәріне жауабымыз дайын тұр. Мұғалім де алған бетінен қайтпай сауалды бірінен соң бірін қоя берді. Тағы сүрінбедік. Қысқасы қырық минуттай қинауға түсіп, "үш" алып шықтық. Негізі кемі 4-ке біліп тұрдық. Тіпті "5" қойса да жарасар еді. Алайда өз тілімізден кесір тауып, үштікке әрең іліндік.
Не керек, оқуға түстім. Университетке әскерден кейін түскендіктен бе, «балмұздақ» кезімде де, кейін де ешкімнен «таяқ жемедім». Әрине, "Дембелге" кімнің жүрегі дауалайды дейсіз. Үлгілі студенттердің бірі атандым десем де болады. Экономикадан Е. Қанатбаев дейтін ағай сабақ берді. Өзі өте қатал. Бірде сол ағайдың емтиханы болып жатты. Менің кезегім келіп, барлық сұрақтарға жауап бердім. Ағай мақтауымды жеткізді. Емтихан соңында ағай сынақ кітапшасына баға қойып жатқан. Көз қиығыммен кітапшаға қарап тұрдым. Бір кезде оның «қана....» деп жазып жатқанын көріп көзім шарасынан шыға жаздады. Мұғалімге іштей «мақтап мақтап алып, төмен баға қойғаны, қай мазағы?!» деп ызам келіп, «тура өстіп оқып жүрейін бе?» деп ұстазыма қойып қалдым. Ол «әрине, айналайын, тура осылай» деді кірпік қақпай. Менің бірдеңеге көңілімнің толмай тұрғанын сезген Гүлмира Сұлтанбаева, Сандуғаш Серікқалиева, Нұрила Молдабекова сынды группаластарым «Аманхан демнің арасында саған не боп қалды?» деді. Мен «не болғаны несі, көрмей тұрсың ба үш қойып берді ғой» дедім. Олар маған қарап күліп жіберіп, ағайдың алдында жатқан зачетканы жұлып алды да «қайдағы «үш» көзіңді ашып қара, «бес» қой» деді. Алып-ұшып зачеткамды қарасам «отл» деп жазылып тұр. Сөйтсем мен ағайдың қанат...баев деп жазғалы жатқанын «қанағаттанарлық» деп түсініппін. Осылай ұстаздың алдында ыңғайсыз жағдайға қалып қойғаным бар.
Лекция, сабақтан қашу деген болмапты менде. Ондай ой қаперге де келмепті. Ұстаздармен пікір таластыру, ой жарыстыру бізге сондай қызық болатын. Жалпы біздің курс өте мықты болды. Шетінен білімді. Қос Серік дейсіз бе, Рахат пен Нұрхатты аласыз ба, Индира Өтемісова, Ляззат Жұмғаұлова көп енді.. Дидар марқұм Төлеушев те сабақтан қалмайтын. Ешкім сабақ айтудан құтылып кетпейтін, себебі біздің мынадай қулығымыз болды. Алдыңғы партаға отырып алып апай, ағайларға кез-келген фамилияны атап «содан сұраймын деген едіңіз ғой» деп сыбырлап отырушы едік.
Студенттің бас қатыратын жұмысы дипломдық жұмыс емес пе? Жетекшім - Темірбек Қожакеев болды. Маған "Дубек Шалғынбаев" деген күрделі тақырып бұйырыпты. Ол Шығыс Түркістан республикасының рухани көсемдерінің бірі. Өзі публицист, редактор. Шынымды айтсам бір жыл іздендім. Жетекшім де бағыт беріп отырды. Ол стилистикаға да қатты мән беретін, тіпті әріптік бір қатені де кешірмейтін. Жұрт жетекшісін бір-екі рет көрсе, біз апта сайын дипломдық жұмысты талқылап жүрдік. Кіріспені жазуға бір апта, әр бөлімге ай жарым уақыт кеткен шығар. Бас-аяғын жиыстырып, тағы да тексерді. Түзетіп-түзетіп шимаймен бояп береді, қайта ізденесің. Ағай диплом қорғайтын күні журфак, филфактың ығайы мен сығайларын түгел жинады. Дубекті білетіндерді де арнайы шақырды. Алдымен өзі сөйледі. "Шәкірт көп ізденді. Екі жыл бұрын тапсырма алған, былтырдан бері бас алмай айналысты. Назар аударыңыздар. Тың тақырып" деді. Ұстазымның қолдауынан кейін жұмысымды сәтті қорғап шықтым. Бәрінің көңілінен шықты. Темірбек ағай менің зерттеуімді тоқтатпай, кандидаттық жұмыс ретінде бекітуді қалап еді. Бірақ менің мойным жар бермеді. Қазір сол ісіме өкінемін. Қайран ұстаздан тәлім ала түсуім керек еді.
Қызық күндерді бірге бастан кешірген группаластарыммен қазір де араласып тұрамын. Былтыр диплом алғанымызға 20 жыл толған. Сонда бәріміз кездесіп, өткен-кеткен қызықтарды айтып, арқа-жарқа болып болдық. Бір-бірімізді әбден сағыныппыз. Кейіннен ортақ кітап та шығардық.
Жазып алған: Айнұр Оңғарбай