Аманхан Әлімұлы: «Бала күнімізде ауылымызда көнекөз қариялар көп болды»
Менің балалық шағымдағы ауылым, дариясы асып-тасып жатқан, аң-құсы ну тоғайда мекен ететін, адамдары жайдарлы, мейірімді, шапағатқа толы мекен—Оңтүстік Қазақстан олысы Отырар ауданындағы Қожатоғай елді мекені. Есейіп, қызмет істеп, ару қала Алматыға келген күннен бастап кіндік қаным тамған жерді, алаңсыз, кіршіксіз бала күнім өткен жерді сағынбаған күнім болған емес. Бұрындары қауырт жұмыстың арасынан уақыт тауып, әйтеуір жылына ауылға екі-үш рет барып қайтушы едім. Шырайлы Шымқалаға тоқтамай, тіке ауылыма тартып кетіп, балық аулап, жатып алатынмын. Осы әдетімді байқаған журналистер маған «ауылына ұрланып барып, ұрланып қайтатын ақын» деген «атақ» берген. Соңғы жылдары жұмыстан қол босамай туған жерге баруым сиреп кетті. Ауылымды сағынғаным соншалық, тіпті түсіме кіретін жағдайға жетті.
Бала күнімізде ауылымызда көнекөз қариялар көп болды. Шіркін, олардың әңгімелері тағлым-тәрбиесі мол ұлағатты ойлар ғой. Сол ақсақалдардың арасында талай бірге отырып, батырлар жырын тыңдап өстік. Өзім де оларға батырлар жырын оқып беріп жүретінмін. Атам (әкемді солай атаушы едім) шежірешіл, құймақұлақ кісі болатын. Кез-келген естіген әңгімені кәдімгі диктофон секілді миына жазып алып, сол қалпында өзімізге қайталап айтып беретін. Әкеміздің білімпаздығы маған да дарыса керек үшінші сыныпта ежелеуді білмей, кітапты зуылдап оқитын дәрежеге жеттім. Ал, төртінші сыныпта аудандық газетке мақалаларым шықса, бесінші сыныпта алғаш өлеңім жарық көрді. 86 жасында өмірден өткен ағам мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы болды. Жәй ғана ұстаз емес өзі ақын еді. Міне, сол кісінің және басқа да ұстаздарымның тәрбиесі, берген білімдері мені әдебиет әлеміне жетеледі. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне өлең жіберіп едім. Сонда, түсімде аталмыш газетке өлеңім шығып, үлкен ақын болып жүр екенмін. Мынадай ғажайып түсті көрген соң таңертең ерекше шаттанып тұрдым. Алайда, ертеңіне Әбубәкір Нілібаев дейтін ағамыздан «Балам, өлеңің нашар. Мазмұнын әлі аша түсуің керек» деген жауап келді. Өлеңімнің шықпағанына аздап ренжігеніммен, еңсем түспеді. Кейін тоғызыншы сыныпта «Қазақстан пионеріне» Өтежан Нұрғалиев ағамыздың мақаласы шықты. Онда «болашақта бұл балалардан үлкен ақын шығады» деп бір топ ақынжанды балалардың аттарын атап тұрып, мақтаған екен. Ол тізімде мен де бар едім. Үлкен ағалардың осындай сөздері менің мерейімді өсіре түсті. Бала күнімде кітапханашы болуды армандасам, есейе келе журналистикаға қатты қызықтым.
Балалық шақ қызық қой. Ауыл балаларына қосылып дариядан балық ауладық, тоғайдан есекке артып мия тасыдық, қырдан шөп ордық. Асық, ләңгі, он екі таяқ дегендер біздің заманымыздағы балалардың сүйікті ойындары болды. Бір сөзбен айтқанда балалығым романтикаға толы еді. Романтика демекші оныншы сыныпта оқып жүргенде тоғызыншы сыныптың бір қызына ғашық болып, өлең шығардым. Оны ақ параққа әдемілеп жазып, тарих кітабының ортасына салдым да, қыздың сыныптасынан беріп жібердім. Содан қиялымдағы ару өлеңді қалай қабылдады екен деп бас қатырып жүрдім. Сөйтсем.... Қыздың үлкен әпкесі мектепте сабақ беруші еді. Сабақ үстінде сіңілісі әрі оқушысынан әлі оқылмаған ғашықтық хатым салынған кітапты сұраған ғой. Оның ойында ештеңе жоқ, бере салған. Парақтап отырып мұғалім әпкесі хатты көріп қалыпты. Ол апай бізге де сабақ беретін. Бірде тарих сабағынан соң ол «Аманханнан басқаларыңа сыныптан шығуға рұқсат» деді. Сол сәтте «Не бүлдіріп қойдым екен?» деп, жүрегім зу ете қалды. Сонда апайымыз «Аманхан, саған махаббат туралы өлеңдер жазуға әлі ерте» деді, бірақ ұрысқан жоқ. Жалындап тұрған бозбала бұл сөзге құлақ ассын ба?! Іштей бәрібір іс-әрекетімді дұрыс санап жүрдім. Айтпақшы, сол өлеңім мектеп оқып жүргенде-ақ аудандық газетке шыққан.
Ұстаздарыммен қалжыңдасуды жақсы көрдім. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін ағаймен. Өзі соғысқа қатысқан, жасы келген кісі еді. Қария болғасын шаршап, кейде ұйықтап отыратын. Бірде оның ұйықтап отырғанын пайдаланып, алдыңғы партаға отырып алдым. Алақаныма ащы қызыл бұрышты сеуіп, ағайдың тұмсығының түбінен жәймен үрлеп отырдым. Бір кезде ол тынымсыз түшкіре бастады. «Балалар маған суық тиіп қалыпты, сабақтарыңды оқып отыра беріңдер» деді де, үйіне қайтып кетті. Тағы бірде сыртқа қарай ашылатын есікке ішінен еден жуатын құрал ретінде пайдаланатын таяқты сүйеп қойдым. Сырттан мұғалім есікті ашып қалғанда әлгі таяқ ұстаздың шекесіне барып тигені де есімде. Кейде қызық іздеп жүріп, артық кеткен тұстарым да болды. Екі аяғы протез мұғаліміміз бар еді. Мен тентектік жасап, оның сал кемістігін бетіне басып, ауыр сөздермен өлең жаздым. Сол шалалығыма әлі күнге дейін өкінемін.
«Менің атым Қожа» шығармасына бала күнімнен «ғашықпын». Мені тәрбиелеген Қожа десем де болады. Шығарманы әлі күнге дейін қайталап оқып тұрамын. Қазір байқап қарасам сол Қожадан өзімді көргендей боламын. Мен де «қара көже» секілді бұзық, қиқар, сабақ үлгерімі орташа оқушы болдым. Егер, мен балалық шағым жайлы кітап жазар болсам қазақ прозасына тағы бір «Менің атым Қожа» келер еді. Әрине, көшірме емес, өйткені, әр баланың өзіне тән мінезі, қылықтары болады ғой.
Осындай қызықты күндерімді өткізген ауылымнан мен көп нәрсе алдым. Менің бойыма жақсы қасиеттерді дарытқан, ақын болып қалыптастырған сол ауылымның жүздерінен мейірім төгілген тұрғындары, жайылып жатқан шалғын белдері мен көкмайса шөптері.