Үйдегілерді арамдықтан бойы өспей қалған жездемнен құтқарғым келеді

Oinet.kz 13-10-2022 3152

Есейе келе, бала кезде армандаған бақытты болашақ, бай бағландарша өмір кешу деген дүнелер со күйі арман болып қала береді екен. Бала кезімде байып кетем, әке-шешемді, бауырларымды үлде мен бүлдеге орап тастаймын деп ойлайтынмын.

Screenshot_5.jpg

Ал қазір оларды жай ғана арамдықтан бойы өспей қалған жездемнен құтқарғым келеді. Үйде 6 баламыз. Ең кішкентайымын. Әпке-ағаларымның бәрі отбасын құрған, кейбірі 2-3 рет үйленіп-ажырасып үлгерді. Әке-шешем жасы келген адамдар, зейнетте. Ортамызда аман-есен жүргендеріне рақмет айтып, тілеуін тілеп отырамыз. Бауырларымның бәрі ауданымызға жақын жерлерде тұрақаған, ең әрісі бір сағаттық жер. 

Кіші әпкем мен жаңа туған кезде тұрмысқа шыққан. 17 жасында сыныптастары "бешір" болады деп алдап апарып, бір сыныптасы өзінің ағасына алып қалған. Әпкем мен жездемнің арасы 15 жас. Мен есімді білмей жатып тұрмысқа шыққасын, оның үстіне құдайдың құтты күні әпке-жездем бала-шағасымен үйде жүргесін, бір күні мамамнан "сіз әпке мен ағаның қайсысын туғансыз?" деп сұрайтынмын. Себебі, жездемді "аға" дейтінмін. Балаларының үлкені менен 1-ақ жас кіші. 5 баласы бар. Бесеуі де ұл.

Жездем әкеден де, шешеден де ерте қалған тұл жетім. 4 бауыры бар. Жетім деп жарылқады ма білмеймін үйдегілер, оларға қатты қарасты. Әлі қарасып келе жатыр. Елуге таяп қалған жездем әлі күнге бізге қарап, алақанын жайып отырады. ҮЙде тұрған нанға дейін салып алып кетеді. Үйдегі ағамның да солар сияқты бес баласы бар ғой. Оны ойланбайды. Өздері жұмыссыз отырса мейлі. Ағам әке-шешемізді қатты жақсы көреді, айтқандарын екі етпейді, сол үшін амалсыз олардың басымызғаа шыққанын күліп көтеріп жүр. Жақында үлкен үй соғып, кіріп алды. Оны да ағам, әкем көмектесіп жүріп, әрең бітірді. Жездем үйде тұрған жаңа нәрсенің бәріне жау, алып кеткісі кеп тұрады. Үйге күнде бір соғып кетеді. Міндетті түрде тамаққа ортақтасу керек. Соңғы кездері мені жиендерім қорқытып жүр. Тура жездем сияқты болып бара жатыр. Үлкені мектеп бітіріп қалаға кеткен. Одан кейінгі жиенім біздің үйде ұрып жатыр. Үлкен әулет болғасын үйге келім-кетім адам көп, бала-шаға бар. Өздерінің даңғарадай зәулім үйлері тұр. Жоқ біздің онсыз да жетпей жатқан үйімізде тұрып жатыр. Е сабағын оқымайды, е әкелеріме мал жайғасуға көмектеспейді. Жатады да қояды созылып. Үйдегі жеңгеме қатты сөйлейтінін байқап жүрмін. Туған жеңгем болса да, мен қатты сөйлемеймін оған, ал інім оны жұмсап, тиісіп отырады. Бірдеңе десе "атама айтам" деп қорқытады. 

Бір күні үйге әпкем қалған балаларын алып моншаға келген. Жездем жұмысым бар деп қалып қойыпты. Біз ет асып жатқанбыз, үйдегі кішкентайлардың бірін көріп-шығайын деп залға кірсем әлгі жиенім әкесімен сөйлесіп жатыр екен. "Мыналар ет асып жатыр. Келіп жеп кетсеңізші" дейді. Үстінен түскеніме сасып қалды ма өтірік күлді. Ұрысуға зауқым болмағасын үндемей жылы жауып қойдым. Кейін үйде көп нәрсе жоғала бастады. Үйде бәрі бір-бір іспен айналысады. Бәрінің қалтасында ақша жүреді. Бірақ жеңгемнің ақшасы көп жоғала бастады. Басында, менен көрген кезде ренжіп қалдым. Кейін ойланып қарасақ, үйге жиенім келген сайын бірдеңе жоғалады екен. Бірде бәріміз банка жауып сыртта жүргенде, жиенімнің үндемей үйге кіріп бара жатқанын көріп, артынан кірдім. Жеңгемнің бөлмесіне зытып бара жатыр екен. Ашуланып айғайға бастым. Бірақ әпкемнің көңілі түспесін деп, жеңгемнен басқа ешкімге айтпадым. 

Тағы бірде әкеммен сөзге келіп қалдым. Әкем өзі қызба адам. Бірақ сол күні ештеңе демей сыртқа шығып бара жатқанда, жиенім кеп "атама сөйлеме" деп айғайламасы бар ма. Бір-екі рет үстінен түскеніме кектеніп қалды ма, әлде очко жинағысы келді ме?!. Сосын оған "Сен көзіме көрінбей аулақ жүр. Әйтпесе, жағдайың қиын болады" деп қойып қалдым. Әкем естіп қойып, "араласпа" деп үйден шығарып жіберді оны.

Бір күні сыныптастарымен көшеде сөйлесіп тұр екен. Мен көше жақта аула сыпырып жүргем. Мені байқамады білем сыныптастарына: "Мынау менің үйім. Өскесін бұл үй маған қалады. Қазір сол үшін әкем мені осы үйде тұрғызып жүр. Ата-апаның көңілін тап дейді",- деп тұрғанын естіп қойдым. Мен не істерімді білмей, үйге қарай кетіп қалдым. 15 жасар бала да соншалықты арамдық ойлай алатынына таң қалдым. Сонда өзімнің ағаларым, олардың балалары, қолдағы 5 немересін ысырып, соларға үйді тастап кетеді деп жүр ме?

Сонда жездем ақылды, қалғандары ақымақ па? Мұндай арам пиғыл фильмерде ғана жүзеге асады екен десем. Содан кейін жездемді де, жиенімді де жек көріп кеттім. Тіпті, дұрыс амандаспаймын. Соны біліп тұрып әлі күнге үйден шықпайды. Жездемді туысқандардың бәрі "күшік күйеу" дейді екен. Оны да жақында естідім. Сонда оның арам пиғылын бізден басқалардың бәрі байқаған екен де...

Енді осы әңгіменің бәрін үйдегілерге айтсам ба, жоқ па деп ойланып жүрмін. Әке-шешемнің жүрегін ауыртқым келмейді, бірақ бәрін айтып қазірден басын ашып алған дұрыс па деп ойлаймын.

Ақбота

Анамыз бөлек болса да, сіз бөтен емес едіңіз
Үш рет жігіттерге алданып қалдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу