Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Отбасы – шағын мемлекет дейміз. Сол шағын мемлекеттің басты ұйытқысы - татулық. Шаңырақ көтеріп, отбасының бірлігін айрандай ұйытып, перзент тәрбилеп, бір-бірін аялап, құрметтеп, елге де сыйлы әрі үлгі болып жүрген отбасы қаншама. Осындай тату шаңырақтың бірі деп Асылбековтер отбасын атауға болады.
Отағасы Жақсыбек Асылбеков отбасы мен қызметті үйлестіріп жүрген, бүгінде алпыстың асуын бағындырған азамат. Талай жыл халық игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан ел ағасы қызмет жолын пионер вожатыйлықтан бастаған екен. Мектепте ұстаздық еткен ол кейіннен аудандық, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, тұрғындардың түйінді мәселелерін шешуге атсалысып келді. Ісіне адал жанды 2004 жылы Отырар ауданының сол кездегі әкімі Қуаныш Айтаханов арнайы шақыртып, өзіне орынбасары етіп тағайындады. Бертінге дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған Жақсыбек Бейсенбекұлы бүгінде Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы. «Түркістан қаласына жаңа қызметке шақырғанда біраз ойландым. Білім саласының тізгінін ұстау оңай шаруа емес. Алайда қабырғаммен кеңесе келе жауапты істі қолға алдым. Өзім идеолог болғаннан кейін осы саланы дамытуға барымды салып келемін. Өмірге келген соң қоғамға бір пайдам тисе екен деп ойлаймын. Өлшеулі ғұмырымды текке кетірмейін деген оймен киелі Түркістанның ағарту саласының қашан, қалай басталғаны жөнінде кітап жазып жатырмын» деп ағынан жарылды ол.
«Жаныңа серік болып, қуанышты да, қайғыны да сенімен бірге бөлісетін, арқа сүйейтін, қолдау білдіретін жан болмаса адамның өркендеуі, өрлеуі екіталай. Менің жанымда қай бастамама болмасын әрқашан қолдау білдірген бір жан болды. Ол менің асыл жарым – Зәуре. Екеуміз қол ұстасқан сәттен бастап қилы кезеңді де, нұрлы күндерді де бірге кешіп келеміз»,- дейді.
Әрине, «үйде күйі болмағанның түзде жағдайы болмайды» деген. Жарының қас-қабағына қарап, ісіне ақ жол тілеуші жеңгемізді ағамыз алғаш рет 1974 жылы кезіктіріпті. «Мен анамның емес апамның қолында өскен ерке ұлмын. Апамыз өзі мінезі қызық кісі болатын. «Тақиялы періштесіне жар іздеген Танадай» ол да «махаббат, сезім дегеніңді білмеймін, тек мен ұнатқан қызды аласың» деуші еді. Бір күні қолына бір жапырақ суретті ұстап жаныма келді. «Әй, балам, мына қызды қарашы, өзі сондай сұлу, инабатты. Бұл арудың аталарын, әке-шешесін жақсы танимын. Өте текті әулеттен. Сен осы қызды көрші» деді. Суретке көз салсам шынымен де көркі кісі қызығарлықтай екен. Іштей ұнаттым. Не болса да көріп келейін деп Өмірзақ деген досымды ертіп қыздың ауылына тартып тұрдық. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Көктөбе деген ауылда тұрады екен. Жолай келе жатып, үйіне барып не айтамын деп ойланып келе жатырмын. Қыздың үйіне де жеттік. Бізден сезіктеніп қалмасын деп «осы ауылға достарымыз жол тартқан екен, адасып қалған секілді. Соларды іздеп жүр едік. Біраз шаршап қалдық, бір жұтым су берер ме екенсіздер» деп өтірікті зулаттым. Үй егелері құдайы қонаққа құшақтарын айқара ашып, құрақ ұшып қарсы алды. Жан-жағыма қарасам анадай жерде бір қыз кілем тоқып отыр екен. Анықтап қарап едім, суреттегі сұлудың өзі екен. Оны көргенде махаббатым күшейе түскендей болды. Не керек, үйге кіріп жайғасып алдық. Дастархан жайып жүрген Зәурені оқтын-оқтын сөзге тартып қоямын. Сөйтіп отырғанда ыстық дәм келіп, қарнымызды тойдырып алдық. Әке-шешесі жөнімізді, ауыл-аймақты сұрап жатыр. Ал менің бар ойым қыздың көңілін аулау болды. Төрде ілулі тұрған домбыраға біраз уақыттан бері көз тігіп отыр едім. Бір кезде домбыраны қолыма алып, «мынау керемет домбыра екен, сапалы жасалыпты, үні де жақсы шығатын секілді» деп, домбыра тарттым. Одан қала берді баянды да ойнадым. Әйтеуір, бар өнерімді көрсетіп, қызға жағудың бар амалын жасадым. Созбалақтап отыра беруге тағы болмайды, бастысы қызды, оның әулетін көрдік. Сол үйдің көршілерін танушы едім. Қайтарда көршісіне жолығып, қызбен араласып тұруға мүмкіндік жасауын өтіндім. Сөйтіп құдай қосқан көршісі Зәуре екеуміздің хаттарымызды тасып, арамызды жалғап тұрды. Сөйтіп жүріп 23-ші ақпан күні арманымдағы құсымды қолыма қондырдым»,- деп еске алады ол.
Биыл олардың отандасқандарына 40 жыл толыпты. Махаббаттарының беріктігін Жақсыбек ағамыз былай жеткізді: «Жұмыстан үйге келген сайын екеуміз әлі күнге дейін сүйісіп көрісеміз. Өзгелерге ерсі көрінсе де бала-шағамыз, немерелеріміз бұған үйреніп қалған. Зәуренің айтар ойын, ақылын шәй үстінде жәймен ғана жеткізетіні оның басты қасиеті шығар. Сөзіңді бетің бар, жүзің бар демей беталды айтқаннан ешкімнің көңіліне кірбің түсірмей жеткізген дұрыс емес пе?».
Түзде талапшыл басшы, үйде мейірімді қайын ата болып шықты. «Келіндерім үйде қыздарым секілді жүреді. Олар мені көбірек сыйлайды ма, мен оларды көбірек сыйлаймын ба оны білмеймін, бірақ араларымызда үлкен сыйластық, құрмет бар. Осы күнге дейін шаңырағымызда ұрыс-керіс болып көрмепті. Алладан болмасын деп тілеймін. Өйткені отбасы адамның басты құндылығы»,- дейді ол.
Қазақы салтпен шаңырақ көтерген Жақсыбек ағамыз бен Зәуре жеңгеміз екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Тараған ұрпақтарынан бүгінде 18 немеренің қызығына бөленіп отыр.