Ата-енем әмеңгерлік жолмен қосқан қайным жаныма жоламайды

Oinet.kz 22-08-2022 14190

Мен небәрі 22 жасымда жесір қаламын деп еш ойламаған едім. Тұрмысқа шыққаныма екі жыл болар болмаста жолдасым жол апатынан қайтыс болды. Қыз бен жігіт болып та, көп жүрмеген едік. Таныса сала «үйленейік» деп өзі қоймай жүріп, бас-аяғы 5-6 айда үй болып алған едік.

Screenshot_2.jpg

Қазір ойласам кейбір адамға Алла ажалын сездіреді екен. Жолдасым таныса сала үйленуге де, балалы болуға да, тезірек аяғынан тұрып үйлі-күйлі болуға да барынша тырысып еді. Қазір ойласам ажалының ерте келетінін біліп, жолдасым бәріне ертерек үлгеріп қалуға тырысқандай сезінемін. Жолдасым өмірден өткенде небәрі 23-ақ жаста болатын.

Жұмыс жасап, бос уақытында шаңырақ көтереріміздің аз-ақ алдында алған көлігімен таксилетіп ақша табатын. Біраз ақша жинайын сосын, жер алып бөлек шығамыз дейтін. Сол арманына жете алмай кете барды. Сөйтіп онымен өткізген күндерім көрген түстей болып мен қала бердім. Әлі күнге ойласам көзімнен еріксіз жас парлап кетеді. Әйтеуір күйеуімнің көзіндей болып 11 айлық ұлым қолымда қалды. Соған шүкір еттім. Жақында жолдасымның жылдық асын бердік. Жолдасым үйдің үлкені болған соң «бөлек шығамыз жер алып, үйлі болсақ» деп жиі айтатын. Ақырында сол жинаған ақшасы өзінің қырқы мен жылына жұмсалды ғой. Өзінен кейін бір інісі студент, сосын қарындасы 10 сыныпта оқитын. Жолдасым қайтқан соң бұрынғыша енеммен бір жылдай бірге тұрдым. Бұрын дүкенде кассир болып жұмыс істейтінмін. Жолдасым қайтқанда декретте отырғам. Сол бетіммен әкесіз ұлымды жетімсіретпейін деп, жолдасым қайтқан соң да үйде отыра бердім. Алғашқыда күйеуімнің артынан үйге келімді-кетімді кісі болды, оның үстіне қайғыдан есімді жию да өзіме қиынға түсті.

Шынымды айтсам жолдасым қайтқан соң жас болсам да өмірдің баянсыздығын түсініп, күйреп қалдым. Ештеңе керек еместей көрінетін. Тек ұлым жыламаса, бір күндік ішер асым болса болды деп күндер өтіп жатты. Өзімнің әкем ертерек қайтыс болып кеткен. Үйде анам ініммен тұратын. Оларға барсам да сыйғызатынын, мені далаға тастамайтынын білемін ғой. Бірақ ұлым өз үйінде өссін, жолдасымның да жаны тыныш болсын, баламды ала қашпайын деп ойлағам. Сонымен келіндік қызметімді атқарып жүріп жаттым. Ата-енем де өз қайғылары өзінде еді. Көңіліме солай ма, әлде шынымен бе әйтеуір күйеуімнің жоқтығы білініп тұратын. Жетімсіреп жүрмесем де жолдасым қайтқан соң өзімді далада жалғыз қалғандай сезіндім.

Қазір жолдасым қайтқан кезден де қатты қиналып жүрмін. Жолдасым қайтқалы қайғыдан енді ес жиып келе жатыр едім. Ол кездегі қайғыны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Бірақ қазіргі халім одан кем болмай тұр. Жақында жолдасымның жылынан соң қазақи салт дәстүрімен мені жақын жуық-туған туыс бірігіп қайныммен атастырды. Іштей қарсылығым болса да ұлым өз табалдырығында өссе, күйеуім разы болса болды, төркініме кетпейін деп ойлап келістім. Алайда қайныммен үй болып кете алмадық. Қайын інімнің өз сүйген қызы бар екен. Мені келіскенім үшін кінәлап күнде ұрыс шығаратын болды. Қайным «сүйген қызымды алмасам өлемін» деп күнде далаға қашатын болды. Маған «сен екі қатынның бірі болып тұрасың, бірақ ерлі-зайыптыларша тұрмаймыз. Соған көнесің» деді. Мен қарсылық білдірдім. Сосын ата-енеме «осы ауладан бір кішкентай үй салып беріңіздер өзім ғана ұлыммен тұра берейін» деп те айтып көрдім. Ешқайсысы қолдай қоймады. Сонымен қайным ала көзімен атып, үйден қашып жүр. Енді мен екі оттың арасында қалғандай күй кешіп жүрмін. Ата-енемнің де мені жібергісі жоқ, тіпті жақында ұлды тастап кетуімді сұрады «мен ұлымсыз өмір сүре алмаймын, ең болмаса ұлымнан айырмасаңыздар етті» деп жылап жібердім. Сонымен күніміз өтіп жатыр. Ата-енем де бір шешімге келер емес. Қайнымнан да жерге кірердей болып ұялып бара жатырмын.

Бірақ қазір енді үйіме кетуге бел буып отырмын. Ата-енем ризашылығын бермесе де, бір сәт өзімнің абыройымды ойлау керек секілді. Кейде жолдасымның жылы өте сала басымның әрі-сәріге түскеніне күйініп жылап аламын. Мен әйтеуір бірдеңе қылып күн көріп кетермін, әлі басым жас қой. Бірақ немересін құшақтап күн сайын жылайтын атамды да аяймын. Ұлымды тастап кету де қолымнан келер емес. Бірақ басқа амалым жоқ болып тұр. Ақыл беріңіздерші ағайын.

Сәуле, Алматы облысы

alashainasy.kz

Жиен немере болып жарытпас
Ананың қызына жазған хаты (анасы бар қыздар оқуы керек)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу