Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бірінші курста Ақмарал есімді қызбен таныстым. Екеуіміз бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Ол жаны жайсаң, өте жақсы отбасынан шыққан. Араласып-құраласып, жақсы құрбыларға айналып кеттік. Бір күні ол мені үйіне шақырды. Сенбілік кешті Ақмаралмен өткізуді жөн деп санап, ойланбастан келісе кеттім.
Қаланың дәл ортасында тұрған зәулім сарай көзге бірден оттай басылды. Таң қалғаным сонша, үйдің алдында біраз таңырқап қарап тұрдым. Мені байқап қалған Ақмарал бірден аулаға шығып, құшақ жая қарсы алды. Ақмарал оған қоса қарапайым қыз болып шықты. Қанша сөйлессек те, шіріген бай екенін бір айтпаған. Тіпті басқа көкелердің қыздары секілді көлік мініп, ең үздік клубтарды жағалап, құтырмаған. Әке-шешесінің жеке кәсіптері бар, өздерінің ортасында өте беделді кісілер екен.
Сол күнді мен ерекше есімде сақтап қалғанмын. Себебі сол күні менің өмірім екіге бөлінгендей болды. Әлгіндей сарайдан кейін жатақхананың маңына тіпті жуығым да келмеді. Ақмаралдың отбасы – жаны жайсаң, жүректері кең кісілер екен. Мен сол күні Азаматты кездестірдім. Ол Ақмаралдың туған бауыры. Бізден 15 жасқа үлкен екен. Сонда да оның өзін-өзі ұстауы, киім киісі, сөйлеу мәнері, бәрі-бәрі мені өзіне баурап алды. Ақмарал бауырының осынша жасқа келіп енді үйленгелі жатқанын айтты. Оған қоса бауырының жағдайы да жақсы екен. Ақмаралдың айтуы бойынша Азаматтың жалғыз өзі тұратын үйі мына кең сарайдан да үлкен екен. Бұл мені одан бетер баурай түсті. Несі бар? Өзі де сымбатты жігіт екен. Қалай болғанда да «сындырып» аламын деп шештім. Ақмарал мені Азаматпен таныстырғанда оның маған қалай қарағанын байқап қалдым. Сол кездің өзінде оны өзіме қарату қиынға соқпайтынын түсіндім. Әрине, алғашқы қадамды өзім жасап, сол кеште әңгімеге тартып көрдім. Ол қарсылық танытпай, әр айтқан сөзіме жымиып қарай берді. Өзім одан әлдеқайда жас болғандықтан ба, өзімді еркін ұстай алдым.
Сол түні-ақ әлеуметтік желіден Азаматты тауып алып достыққа ұсыныс тастадым. Ол мені бірден қабылдай кетті. Өзі бірінші болып хат жазды. Одан көп ұзамай қоңырау шалатынды да шығарды. Әрине бұл маған қатты ұнайтын. Сондай ақ боз атты ханзаданың маған көз салғаны өзіме деген сенімімді ұлғайтты. Оның үйленемін деп жүрген қызын ұмыттыру үшін бәріне дайын болдым. Көп ұзамай өзі де менің артымнан қалмай, көлігімен университететтен алып кетіп жүрді. Ақмарал біздің ара-қатынасымыздың басқа деңгейге өтіп кеткенінен хабарсыз еді. Бір сөзбен айтқанда бақытты едік. Мен Азаматты сүйдім дей алмаспын, бірақ мені сыйлап, қадірлейтіні жаныма майдай жағатын. Мен оны, ол мені бақытты еткісі келеді. Екеуіміздің қатынасымызды оның отбасы да Ақмарал да мақұлдамай ма деп қатты қорқамын. Себебі, Азамат үйленбекші болған қыз осы шаңыраққа келіп, оның ата-анасымен танысып үлгерген. Ақмарал да ол қызға бауыр басып қалған екен. Азамат ол қыздан бас тартып, үйленбейтінін айтқанда, Ақмарал: «Ағам ол қыздан артық қыз таппас»,- деп айтып қалды. Не дейін? Ақмаралды жоғалтқым келмейді, оған қоса Азаматтың отбасы да мені қабылдамай қояды деп сескенемін. Ал, ол болса бәрі жақсы болады деумен әлек.