Сен бұл үйде бақытты бола алмайсың...

Oinet.kz 25-08-2022 7292

Өткен өміріме көз жіберіп қарасам,  күйеуім мені бақытты ете алмайтынын әу бастан-ақ білген екен.

Screenshot_8.jpg

Үйленгеннен үш ай өткесін ол маған:

- Сен бұл үйде бақытты бола алмайсың.  Кет! -- деген.

- Неге? -- деп сұрап едім себебін айтпады.

Әйелдің ойы жүйрік болады ғой. Елдің өсегіне қалатынымды, әке-шешемнің мен үшін жерге қарайтынын ойлап үлгердім. Сөйттім де:

- "Кіммен қарайсаң сонымен ағар" деген. Не болса да осы үйде қалам. Аяғым ауыр екенін білесің. Әкемнің көзінше шермиіп жүруім керек пе? Үйде босануым керек пе сонда? -- деп ашуландым.

Ол үндемеді. Ертесі таңертең шай үстінде енем атама қарап:

- Не істейміз? Ұлымыз өлем дейді, келініміз кетем дейді, -- деп отыр.

Таң-тамаша болып қалдым. Адамның көзін бақырайтып қойып, айтпаған сөзін айтты деп қалай жала жабуға болады? Мұндай адамды жиырма бір жыл өмірімде бірінші рет көріп отырмын. Қанша таңырқасам да қашан айтыппын демедім. Одан бөлек те жанға тиетін сөздер айтылды. Ләм-мим деп үн қатпадым.

Кейін оңашада күйеуім:

- Апама жауап қайтармағаныңа риза болдым, -- деді.

Енемнің сөзі көп кісі еді. Қатты шаршайтынмын сөздерінен. Үйде жұтатын ауа қалмаған кезде күйеуіммен бірге отын, шөп шабуға кетіп қалатынмын. Есек арбада келе жатып, осы жүрісіме қатты намыстанушы едім. Күйеуім оңаша щыққасын мені мазақтап:

- Журналист боп қалада тұратын қыз ба мынау шөп шабуға шыққан? -- деп күлетін.

Армандарымды айтқанмын ғой бұрын.

- Қалада тұрамыз, тойымыз болады дегенің қайда? -- деп ызаланып жылайтынмын ондайда.

- Үйдің тірлігінен шаршап жүрсің ғой демалшы, -- деп арбаны тұрғызып қойып, көлеңкелеп береді. Ұйқы қанбайтын кез ғой. Аузымнан суым ағып ұйықтаймын айдалада.

Отын мен шөптің сезоны емес кезде қозы-лақ жайып кететінмін. Көшеде көрген бір әйел:

- Қаланың қызы ауылға кеп қозы жайып, қор болды-ау, --  дегені есімде. Естімеген адам сияқты кете бердім.

Өзімше сол жүрісімде нағыз келіннің образын сомдап жүрмін ғой). Әдеби кітаптарды көп оқығанмын. Зейнеп апаның "Шуақты күндері",  Бексұлтан Нұржекеевтің әйел тақырыбындағы бар шығармасын оқыдым-ау... "Күтумен кешкен ғұмыры" тіпті тамаша еді. Ә.Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдары"... Сондағы Меңтайдың апасының ақылдары бар еді ғой. "Қызға жігіт 100% жақсы боп жолықпайды..." деп басталатын. Мен соны оқып алып, өзім тәрбиелеп аламын деп көкуші едім. "Мә, тәрбиелеп  ал", -- деді-ау тағдырым))). Ойланып сөйлеу керек екен негізі. Екі иықта екі періште ауыздан шыққан әр сөзді жазып алып тұрады, періште әумин деп қояды деген үлкендердің сөзі рас болғаны ғой.

Өзбекше "Хает" деген ән бар. Өмір, тағдыр деген сөз ғой. Сонда мейлі тағдыр мені қанша сынаса да мен армандауды тоқтатпаймын деген сөздері бар. Сол әндегідей мен де жаным қанша күйзелсе де бір сәтке армандауды тоқтатқан емеспін. Сол қозы жайып жүріп те құрсақтағы шаранама біз әлі керемет бақытты боламыз дейтінмін. Мұның бәрі менің болашақта жазатын кітабым қызықты болу үшін болып жатқан оқиғалар дейтінмін.

Құсты қанаты, ерді талабы ұшырады демей ме қазақ. Арманың неғұрлым асқақ болса, соғұрлым өмірге құштарлығың да мықты бола ма деймін))).

Жас күнімдегі көп арманым шетінен орындалып келеді. Аллаға сансыз мадақ, сансыз шүкір!

Гульмира Аширбекова

Фейсбуктегі парақшасынан

Күйеуімнің бұрынғы қалыңдығы мені жек көреді
Күйеуім екі баласын тастап, өзгеге кете барды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу