Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жасым отыз сегізде. Қызметім де жоғары. «Карьера-карьера» деп жеке өмірімді де ұмытыппын. Уақыты келгенде ойлана бастадым. Жұмыстан соң интернетке отырып, танысу сайттарына кіріп жігіттермен таныса бастадым. Кездесуге де барып жүрдім.
Өзім жалғыз тұратындықтан, не істеймін, не ішем, не жеймін демедім. Ата-анам Шет ауданында тұрады, қартайған жандар. Сондықтан, мен өз өмірім туралы ешкімнің алдында есеп те бермедім. "Не істесең де өзің біл, тек жыламасаң болды" деп ата-анам да өміріме араласқан емес.
Осылайша кездесуден соң кездесу. Мен ұнасам, олар маған ұнамайды, өзім ұнатқан жандарға мен ұнамаймын. Өз дегенімді істейтін, өзіме деген сенімім мол қызбын. Елдің бұйырып бұйрық беретінін де ұната қоймаймын. Ақыры, өзіме бала тауып алуды шештім. Жұмыс орным берген пәтерім де бар, қаражат жағынан қысылған емеспін, бір баланы асырап-қағуға шамам жетеді деп ойладым.
Бір күні интернет арқылы Дидар есімді жігітпен таныстым. Жігітті бірден ұнаттым. Дидар екі баласымен ажырасқан, оңтүстік облыстың жігіт екен. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Екі бөлмелі үйін балалары мен әйеліне тастап кеткен екен. Араласа бастадық, жігіт мені қатты ұнатпаса да өзіме ұнағандықтан барымды салдым. Үйіме шақырып, жылы-жұмсақты төсеп жағуға тырыстым. Арасында мінезіміз келіспей қалса да шыдап жүрдім. Жігіттің маған ұсыныс жасайтын ойы жоқ. Бірде Дидарға одан бала сүйгім келетінімді айттым, ол келісім бермеді. Осылайша екі жаққа кеттік.
Мен тағы бұрынғы әдетіме басып, бала табатын жігіт іздей бастадым. Отбасылы еркектен тапқым келмеді. Бір күні көшеден Дидарды бір қызбен көріп қалдым, екеуі тым бақытты сияқты. Кейін естісем, үйленгелі жүрген қызы екен, махаббатын жолықтырған сияқты.
Бір жыл өтті. Бір күні аяқ асты Дидар маған хабарласып тұр. Кездеселік, сөйлесетін әңгіме бар деп. Келістім. Үйге шақырдым.
Жағдайы былай екен, үйленетінін естіп, бес жыл бұрын ажырасқан әйелі қайта келіп, ұрыс шығарған сияқты. Ақыры, әйелімен ерегесіп, екі баланы соттасып алып алуды шешіпті. Ол балаларын өте жақсы көретін. Балаларын да қимай, бірақ әйелімен тұра алмағандықтан амалсыздан ажырасқанын да айтып біраз сырын ақтарды. Бес жыл өткен соң келіп тұрған әйелдің ойында не бар екенін кім білсін. Алиментін де уақытында төлеп, жағдайларын жасауға көмектесіп тұрыпты, екі бөлмелі пәтерді де тастаған.
Үйленетін сүйген қызымен осы жағдай үшін ажырасқанын да айтты. «Балаларым үшін сүйген қызымды тастауға мәжбүр болып тұрмын, балаларымды өз қамқорлығыма алайын деп арнайы адвокат жалдадым» дейді. Адвокаттың айтуы бойынша, балаларды өз қамқорлығына алу үшін, пәтері, тұрақты жұмысы тағысы-тағы болуы керек сияқты. Дидарда Қарағанды қаласында пәтері де жоқ, өзі достарымен пәтер жалдап тұрады. Сөздің қысқасы, Дидар әйелімен соттасуға шешім қабылдапты. Әйелі не бірге тұруға не жаңа өмір бастап үйленуіне қарсы, оған Дидардың үйленбей жүргені жайлы сияқты. Үйленсе, балаларына қарамай кетеді деп қорқа ма екен, білмедім. "Екі балам үшін бәріне дайынмын, маған уақытша "фиктивный бракка" тұралық деді. Оған керегі - бір жапырақ үйі бар деген қағаз, ал маған керегі - бала, мүмкін «жарасып кетсек ары қарай отбасы болып та тұра береміз» деп шештік. Осылайша, келесі күні арыз беріп, бір айдан соң некеге отырып бірге тұра бастадық.
Көңілі жабырқаулы Дидар менің үйіме көшіп келді. Келісім бойынша, мен баланы дүниеге әкелгенше бірге тұрамыз, жарасып жатсақ ары қарай көре жатармыз деп келістік. Сонымен екі рет сот болды, соттан жеңілген Дидар балаларын ала алмады.
Басында бәрі жақсы еді. Менің да аяғым ауыр болды. Қазір сегізінші ай. Әйел емеспін бе бәрін сеземін, Дидардың ойында сол бір-махаббаты. Тіпті төсек қатынасының өзінде де суықтықты сезіп тұрамын. Маған амалсыздан, ұялғанынан көңіл аударатындай. Үнемі көңілсіз. Екі баласына да барып тұрады. Дидарда қаржы жағы да жақсы емес, несие алып адовакат жалдап, екі балаға алимент төлеумен жүр. Маған тәуелді жандай. Арасында мен де кейде өз дегенімді айтып, мінезіміз де келіспей қалады. Ол да өзіне өзі қожайын болып қалған жан, менің де сөзімді көтере алмай қалады. Кейде шаршап кетемін, әйел сүймесе де үйреніп, бауыр басып кетеді ғой. Ал, еркектің бауыр басып кетуі өте қиын екен. Дидар болашақ жайлы да сөз қозғамайды. Ашылып ештеме де айтпайды. Өз басында проблемалары да жетерлік.
Менің босанатын уақытым да жақындап қалды. Болашағымыз не болатынын білмеймін, мен де баламен ешкімді ұстағым келмейді. Ол әлі де өз сүйгенін ұмыта қоймаған сияқты. Кейде ойлаймын "еркектің жағдайын біле тұрып өз пайдама пайдаландым ба" деп. Ол шарасыздықтан менің айтқаныма көнді де енді не істерін білмей жүрген сияқты. Әйел болып еркелей де алмаймын, ол да еркек болып бауырына тартқан да емес. Ақшасының аздығы да кейде көңіліме кірбің түсіреді. Екі баласын айта беретіні де маған шынын айтсам ұнамайды. Тіпті, соларға кездесуге кеткен күні сөйлескім де келмейді.
"Күйеуі бар" деген атым ғана, отбасымызда әйел мен еркектің ынтық махаббаты жоқ. Өзім еркелетіп жабысайын десем, басқа біреуді сүйетінін біліп тұрып, жолай алмайды екенсің. Көңіліме қарайды, анда-санда бір көңіл аударып қойған болады. Бірақ, ол маған аз, мен нағыз махаббатты іздеймін. Кейде Дидар байқамай сүйгенін де атын айтып қалады. "Екі жастың ортасына есі кеткен түсді" демекші, осылай неге жасадым деп те өкінемін.
Оқырман, айтыңыздаршы, еркек сүймеген әйелмен тұрып, сүйгенін ұмытып, бірге тұрған әйелді сүйіп кетуі мүмкін бе? Ол енді өз сүйгенін ұмыта ала ма? Мүмкін, дүниеге келер бала өмірімізді өзгерте ме? Бір жапырақ қағаз үшін, менің еркекке осылай жасағаным дұрыс па? Әлде, Дидардың басын босатып, өз өмірімді сүруім керек пе? Әлде, уақыт келе бір-бірімізге үйреніп кетеміз бе? Үйленетін сүйген қызы бар екенін біле тұрып, еркектің бағын байладым ба деп те ойлаймын, Дидарға жаным да ашып кетеді. "Өзі сүю қыздардың соры ғана" деген сөздің растығына көзім жеткендей. Мүмкін, бізді тағдыр қосып тұр ма?
Автор: Табиғат, Қарағанды