Адал деп алған жарым, алаяқ боп шықты

Oinet.kz 17-07-2022 1719

Әкем ерте қайтыс болған, анам үш баласын жетілдірем деп таңның атысы, күннің батысы аянбай еңбек етті. Анама қолқабыс ету үшін мен де бір жағына шығысып, інілеріме қарап, қолымнан келгенше ерте еңбектің дәмін татып есейдім. Кей балалар сияқты азаннан қара кешке дейін ойын қуып, қаңғып жүру деген бізде болмайтын. Тек анамның көңіліне қаяу түспесін деп барынша болысуға тырыстым.

Screenshot_12.jpg

Өзімнен кейінгі екі інімді соңымнан ертіп егістік басында күнге күйіп, беліміз қайысып жүріп тер төктік.

Анам жастай жесір қалғандықтан да ма, әлде бар ауыртпалық өзіне түскеннен кейін де ме қатарластарынан әлдеқайда ересек көрінетін. Ақ басқан шаштарын орамал арасына жасырып, көңіліне түскен көлеңкені бізге байқатпау үшін барын салатын. Кей түндері анамның өксіп жылап жатқанынан оянып кетуші едім. Не деп жұбатарымды білмей амалым құритын. Өмір бізді ерте есейтті. Бала болып еркелеу, шолжаңдау деген бізде болған жоқ.

Тіпті ойыншықты қолға ұстап ойнап та көрмеппіз-ау. Мектеп бітірген соң анам жоғары білім алғанымды қалайтынын айтты. Бар зейінім сабақта, алғыр оқушы едім. Бағым жанып оқуға түсіп кеттім. Егер түсе алмағанымда ақысын төлеп оқытуға анамның жағдайы да жоқ еді.

Содан бар ықыласым оқуда, ара-арасында жұмыс істеп напақа тауып жүрдім. Шәкіртақымды есеппен жұмсап, тапқанымды қосып ауылға анама жіберіп тұрдым. Бұл кезде анамның да денсаулығы сыр берген. Біздерді жетілдірем деп барын салып жұмыс істегенінің арқасы, жиі күркілдеп жатып қалатын-ды. Бұл кезде інілерім деп қолқанат болуға жарап қалған.

Менің жіберген аз-маз қаражатымды бәріне жеткізіп жүретін. Күндіз оқудан шыға алмаймын, түнде жұмыс істеймін. Кей күндері сабақтың үстінде ұйықтап қалатынмын. Басы артық киімім де жоқ еді. Қолыма түскен қаражатты тек ауылға жіберуді ғана ойлап тұратынмын. Жақын араласатын досым бар еді, көрші елден тауар әкеліп үстеме бағасына сатайық деп ақыл қосты. Айналымға ақшаны досым шығарды. Екеулеп жүріп, сауда жасауға кірістік. Сабақтан қалған күндері оқытушыларымызбен келісіп, ауызбастырығын жасайтынбыз. Ә дегенде ақшаны ақша табады дегендей, ісіміз ілгерілеп берсін. Маусымына қарай қыста шұлық, жазда жеңіл киімдер әкеліп сатып жүрдік. Досым қолы қаттылау, Шығайбайдың нақ өзі. «Қатты жерге қақ тұрар, қатты ерге бақ тұрар» деген рас білем.

Әр тиынын ойланып жұмсайтын ол ысырапты ұнатпайды. Мен де басы артық ақша пайда болса, жұмсамай тек жинауды білем. Екеуміз қосып шатып жүріп біраз қаражаттың басын жидық. Ақылдаса келе ортадан шығарып базардан бутик сатып алдық.

Енді расында ақшаның үстіне ақша қосылып, біраз қоңданып қалдық. Оқуымды да, саудамды да қатар алып жүріп, әйтеуір дипломды да қолыма алдым. Менің тырбанып, қандай жұмыстан болса да қашпайтынымды білетін достарымның бірі мұнайлы компанияда жақсы жалақылы жұмыс бар екенін құлаққағыс еткен. Достарымнан бағымды ашқан негізі, сол досымның арқасында жұмысты да болдым. Бұл кезде інілерім де қарақанат болып қалған. Менен кейінгісі орта мектепті тәмамдауға таяп қалған. Өзінің оқуға ықыласы да жоқ еді. Обал болмасын деп оқуға түсесің бе деп сұрадым. Басын шайқады. «Сүйреп салған тазы аң алмайды» деуші еді ғой, оқуға ықыласы жоқ болса басын қатырып қайтем деп баяғы досымның ортақ бизнесіне інімді қостым.

Інім менен өткен пысық болып шықты. Сауданы бірден дөңгелетіп әкетті. Менің айлығым бар, інімнің тапқанын қосып ауылдағы үйді сатып, анам мен інімді қалаға көшіріп алдық. Кішігірім екі бөлмелі үй біз үшін хан сарайынан кем емес. Біз үшін денсаулығын құртып, өсіп жетілдіріп қатарға қоссам деген анамның қолын жылы суға малып қойдық. Ақша, жұмыс деп шапқылап жүргенде жасым отызға да тақап қалыпты. Анам «балам, бас құрасайшы, бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп құлақты қажайтынды шығарды. Оқып жүргенімде де қызбен қыдырып көңіл көтеру деген болмапты менде. Тек анам, бауырларым қиналмасын деп тапқанымды соларға тасыппын ғой. Айналама байыппен қарай бастадым.

Сөйтіп жүргенде Жанар есімді қызбен таныстым. Биязы, момындау көрінген. Бір-бірімізді әбден танып, білдік-ау деген кезде бас құрадық. Отбасылық өміріміз тәп-тәуір басталды. Бастысы Жанардың анамның көңілін тапқаны еді. Тамағын істеп, шүйіркелесіп, жүгіріп жүрген келін енеге неге жақпасын? Бұл кезде жағдайымыз жақсарып, орта дәулеттілердің қатарына қосылғанбыз. Келіншегіме не қаласа соны әперемін. Не ішем, не кием демейді. Жаңадан шыққан сәнді көйлек, бұлғын ішік соның үстінде, көлік әперіп қойғам. Үйдің шаруасын тындырып болған соң құрбыларыма барып келемін деуі жиілеген соңғы кезде.

Сән салондарынан шықпайтын болған. Қаладағы қымбат фитнес клубтың картасын әпергем. Істейтін бар шаруасы сол. Анамның көңілін тауып отырған соң артық қылықтарына да кешіріммен қараймын. Аузынан шыққан әр сөзі мен үшін заң. Сол заматта-ақ орындалады.Өзім әбден қиналып, тауқымет тартып өскен соң, тым болмаса ол қиналмасын деп тарынбаймын. Інілерімнен де, әйелімнен де ештеңені аямаймын. Өмір осылай жалғаса берсе өкінішім болмас еді-ау. Алайда... Бір күні әйелім екеуміз базарға бардық. Белгілі ғой базарға кірген әйел екі-үш сағатсыз шықпайды. Ұялы телефоны көлікте қалып кетіпті. Бір уақытта хабарлама келді. Біреудің затын ақтару әдетімде жоқ еді.

Бұл жолы не қара басқанын білмеймін, алып ақтардым. Хат құрбысынан келіпті. «Күйеуің расында нағыз ақымақ екен» деп жазыпты. Ішім қылп ете қалды. Дереу жіберілген хабарламаларды ақтарып көріп дым таппадым. Жақын арадағы ұялы телефон жөндейтін дүңгіршекке бардым. Жойылған хабарламаларды шығарып бере алатынын сұрадым.

Шебер жігіт иығын қиқаңдатып еді, жүздік көк қағазды алдына тастадым. Көзі жайнап кетті. Тек бір ғана хабарламаны тауып бере алды. Онда «Біздің лох ештеңе білмейді» деп жазылыпты. Енді басым қатты. Жанар мені қалай ақымақ қылып жүр деген сауал жаныма жай таптырар емес. Жақын араласатын Самал атты құрбысы ғой хабарламаны жіберген. Енді соны торға түсіру керек. Қалай да «ақымақ болып жүргенімді» шешуім керек.

Апта бойы мазам кетті. Ұйқым да шала. Ақыры Самалға хабарласып кездесуге шақырдым. Басында олай бұлтаңдап, былай бұлтаңдап жолатпады. Менікі де адамдық емес шығар, бірақ бұ жолы да ақшамен шешуге тура келді. Біраз көк қағазды алдына тастағанымда Самал сайрап қоя берді. Адал деп алған әйелім харам болып шықты. Маған дейін де талайлармен ойнап күлген екен ол. «Неге, неге неке түні таза болып шығып еді ғой...» Самал маған «мынау расында нағыз ақымақ екен ғой» дегендей көзі шарасынан шыға, аңтарыла қарады.

«Той болатын күнге дейін пәктікті салдырып алған доғдырларға...» деп соны да білмейсің бе миғұла дегендей тесірейе қарады. Аяғымның астындағы қара жер қақ айырылып бара жатқандай теңселіп кеттім. Ішім алай дүлей. Лоқсып жіберуге шақ тұрмын. Үйге қалай келгенімді білмеймін. Күні-түні ұйықтамай жұмыс істеп, адалдап тапқан ақшамды арамдап жүрген харамды пышақтап тастауға шақ тұрмын. Жанарға «аман тұрғаныңда көзіңді жоғалт» дедім.

Құрбысы екеуі жұлыса да, ұрыса ма ол өз шаруасы. Анама обал болды. Ештеңеге түсінбей аңтаралып қалыпты. Ашудан түтігіп кеткен маған бірдеңе айтуға да жасқанып тұр. Анамды аядым, өзімді аядым. Осыншалықты ақымақ болғаныма күйіндім. Егер Жанар бір минут аялдаса буындырып өлтіруден тайынар еместеймін. Өзімді өзім әзер бастым. Жан қиналысымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Адал деп алғаным осылайша харам болып шықты.

Талайларды қан жылатқан мұндай медицинасы құрысын дедім. Ақша үшін арды салып беретін сол доғдырлардың да үміті бар ма екен өзі? Уақыт емші, бүгінде қайғы мұңым сейілгендей, бірақ жан жарам әлі жазылған жоқ. Бәлкім біліп қалғаным да дұрыс болған шығар, әйтпегенде талайлардың саусақ безеп күлер нысанасына айналып жүретінімді кім білген?..

Серғали

alashainasy.kz

Құшағымда жатқан адал жарыма қастандық жасап жүрмін
Қайынсіңіліме жақсы болсын деп, арамызға қара мысық түсіріп алдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу