Аңдамай айтылған қарғысым, жақындарымды жалмап кетті

Oinet.kz 14-07-2022 4169

Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын күйеуімнен айрылып қалдым. Жасы небәрі 27-де еді. Жаны жайсаң, ақкөңіл, жігіттің сұлтаны Секенді жанымнан артық көрдім. Әлі де жақсы көремін. Үйленгенімізге бар-жоғы үш-ақ жыл болғанда құрылыс алаңында биіктен құлап өлді.

Screenshot_18.jpg

Таңертеңгісін кетерде екеуміз түстен кейін бір жаққа барамыз деп келістік.

Секен:

-Мен түске дейін боламын жұмыста. Сен сол жерге кел, мен сұранып көремін, - дегенде, бұл оның соңғы сөзі екенін білсемші...

Уағдаласқандай түске таман құрылыс жүріп жатқан жерге келсем, жұрт азан-қазан. Жедел жәрдем тұр. Барлық жұмысшылар бір жерге үймеліп қалыпты. Жақындап қалып едім, мені танитындардың бірі маған үрке қараса, енді бірі «Жәзира бұл маңға жоламашы, келмеші» деп шуласып, маған жармасып жатты. Жүрегім аузыма тығылды. Бір нәрсе болғанын сездім әрине. Оларды тыңдаймын ба, қаумалаған жұртты бұзып-жарып дәрігерлер тұрған жерге жетіп келсем, Секенім ес-түссіз жерде жатыр. Басым айналып, көзім қарауытып, талықсып кеттім. Секеннің бет-аузының сау жері қалмапты.

Сонымен не керек, жерледік. Сүйегін ауылға алып бардық. Жыламаған ауыл адамы қалмады. Өйткені ол сондай ғажап жан еді. Бұл жөнінде теледидардан айтқан негізі. Кейін естідім, жедел жәрдем келгенге дейін ол тірі жатыпты. Тіпті дәрігерлерге «мен өлмеймін ғой, иә?» депті. Оны естіген дәрігерлер «бүкіл денесі, барлық ағзасы осынша қатты зақымданғанына қарамастан, оның біз келгенше тірі жатқаны - оның өмірге соншалықты құштар болғаны ғой» деп аң-таң.

Секен қайтыс болғанға дейін менің туған бауырымның 17-жастағы үлкен баласы үйленуге дайындалып жатқан-ды. Кездейсоқтық па білмеймін, ағам мен жеңгемнің ұлдарының үйлену тойын жасайтын уақыт Секеннің қырқын беретін күнмен тұспа-тұс келді, анығын айтқанда арасы бір-ақ күн. Сөйтіп, біз мына жақта қан жылап, Секеннің қырқына дайындалып жатқанда, ағам қала орталығында дүрілдетіп той жасады.

Оның алдында мен ағама:

- Сен менің туған бауырымсың. Секен қартайып тұрған жоқ. Әлі тым жас еді ғой. Өзің білесің, ол сені қатты құрмет тұтты. Сен енді оның аруағын сыйла. Жұрт түсінеді. Тіпті қолдайды. Бәріне хабарласып, тойды тым құрығанда бір айға кейінге қалдыр. Жеңгеме айт, көндір оны, - дедім жылап тұрып.

Ағамның сондағы бар айтқаны мынау болды:

- Менің қолымда не тұр дейсің. Жарайды жеңгеңе айтайын. Бірақ ол көнсе... Мінезін білесің ғой.

Өмірімде бірінші рет ағама дауыс көтердім. Оның осыншалықты ынжықтығына жыным келді.

Жеңгем сөзінде тұрды. Той жасалды. Мен Секеннің туған-туыстарынан қатты ұялдым. Кірерге тесік таппадым. Өзім күйеуімді жоқтап, еңіреп отырған маған кейбіреулер ағам мен жеңгемнің істегендерін бетіме басқанда, Секеннің соңынан өліп қалғым келді. Рас, сол сәтте ондай ойлар болды менде. Бірақ екі жастағы ұлымды қайтпекпін..

Қысқасы, зығырданым қайнап отырып, «менің көргенімді сендердің бастарыңа берсін!» деп салдым ағам мен жеңгеме. Алайда менің бұл айтқаным біреуге қарғыс болып тиеді-ау деп еш ойламаппын.

Секен өлгеннен кейін арада 3-4 жыл өткенде мен аға-жеңгемді кешіріп, бұрынғыдай араласып кеткен едік. Үйленген інімді негізі жақсы көруші едім. Дүниеге келгенде кәдігімгідей қарадым ғой оған. Жөргектерін жуып, жылап қалса бесігін тербетіп, ойнататынмын. Тілі былдырлап, томпаң қағып артымнан жүгіріп жүргенде жүрегім елжіреп қоя беретін. Әйелі де сондай жақсы ибалы, алтын адам еді... Иә, «еді» деп өткен шақпен айтамын. Өйткені олар да қазір бұл өмірде жоқ.

Арада, яғни Секен қайтыс болғаннан кейін тұп-тура он жыл өткенде, дәл сол Секенім қайтыс болған қараша айда, 27 жасында інім мен келінім бір күнде қайтыс болды. Жамбыл жаққа достарының тойына бара жатқанда жол апатына ұшырады. Арттарында кішкентай қыздары қалды.

Міне, содан бері бірнеше ай өтті, өз-өзіме келе алар емеспін. Баяғыда былш еткізіп айта салған сөзім қарғыс болғаны ма? Егер де солай десек, менің өзім де күнәһар болғаным ғой... Менің күнәмнің жалғыз ұлыма зардабы тие ме деп қорқамын. Мұндай азаппен енді қалай өмір сүремін?

Жазира

alashainasy

Қызым өзінің де, менің де бақытыма балта шапты
Таңдап жүріп тиген жарым осындай деп ойлап па ем?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу