Сол қызға жасаған опасыздығымды Алла алдыма келтірді...

Oinet.kz 02-01-2022 3853

Есімім Данияр. Жасым 36-да. Мүгедекпін. Төсек пен арбаға таңылып отырған жайым бар. Жалғызбын. Қарайласатын ата-анам, бауырым мен келінім ғана бар. Отбасым жоқ. Оған өзім кінәлімін. Осыдан 12 жыл бұрын досым Сакен екеуміз жол апатына түстік. Содан бері денсаулығым нашар.

Screenshot_4.jpg

Жақсы отбасында өстім, таршылық көрмедік. Інімнен гөрі ата-анам мені қатты жақсы көретін. Маған көп сенім артып, қалауымды алдыма қоятын. Содан болар менменшіл болып өстім. Спортпен айналысқанның арқасында бойы ұзын, сымбатты жігіттердің бірі болдым. Маған тұрмысқа шыққысы келген қыздар аз болған жоқ. Талай қыздың көңілін қалдырғаным да рас. Бірақ, бір қызға жасаған опасыздығымнан бүгін жалғыз болып жүрмін.

Соңғы курсты оқып бітірген соң, магистратураға оқуға түстім. Сол кезде емтихан барысында өзімнен бір жас кіші Аяулы деген қызбен таныстым. Шыны керек, кереметтей сұлу болмаса да,  сол қызға көзім түсті. Неге екенін білмеймін ол қызды ұнаттым. Өзі аса көп боянбайтын, кітаптан басын көтермейтін жан еді. Бірақ, сол кезде Аяулының жол болмай ол грантқа оқуға түсе алмады. Ал біз болсақ, жағдайымыз болған соң, ақылы бөлімге түстік. Аяулы болса, университетке лаборант болып қызметке тұрды. Содан жиі көрісіп тұрдық. Ол өзі ақкөңіл, жақсы қыз еді. Екеуміз көп әңгімелесетінбіз. Ол өте ақылды қыз еді. Қарапайым семьядан шыққан. Үйдің үлкені болған соң, көп шаруаларды өзі атқарып, бауырларына қарайласатын. Ата-анасы денсаулығына байланысты жұмыстан шеттетілген. Аяулыға деген жылы сезімдерім туралы достарыма айтқанда, олар маған күлетін. «Ол не қыз? Ішің пысып өлмейсің бе? Не клубқа бармайды, не кафеге бармайды, не боянбайды, не дұрыс киімі жоқ» дейтін. Аяулы расымен де сондай еді. Екеуміздің арамыз жақсы бола бастаған кез болғандықтан онымен байланысымды үзгім келмейтін. Бір күні достарымызбен бір жиында бас қостық. Қатты ұрттап алғанымыз бар. Сонда достарым «Сенің теңің емес қой» деп маған Аяулымен байланысымды үзуім керек екенін айтты. Сол бір ауыз сөз әсер етті ме, мен онымен айырылысуды жөн санадым. Ертесі күні жұмысына бардым. Кабинетке кірсем, ол шығып кеткен екен. Жанындағы ұстаз апай күте тұруымды сұрап, өзі сабағына кетті. Сонда көзім стол үстінде қызыл дәптерге түсті. Ол Аяулының күнделік дәптері еді. Ерігіп отырған соң, сол дәптерді ашып, оқи бастадым. Аяулы барлық сырын осы дәптерге жазған екен. Екеуміздің кездескенімізден бастап, барлығын қағазға түсірген. Негізі, оның сол жазбаларында артық ештеңе жоқ еді. Бірақ, маған айырылысуға себеп керек болған соң, ол кабинетке кіріп келгенде жазбаларын бетіне бастым. Ол болса, жылап, кешірім сұрап, ақтала бастады. «Мен сенің жігітің емеспін, мен саған уәде бермегенмін, мен сенімен жай дос ретінде араласқанмын, сенің сезіміңе түкіргенім бар» деп қатты сөздер айттым. Ал өзімнің де сондай сезімде екенімді айтпадым. Керісінше, ұрысқа себеп тапқандай мәз болдым. Небір сөздерді айтып, есікті тарс жауып кетіп қалдым. Кешке достарыммен кездесіп, екеуміздің айырылысқанымызды жудық. Аяулыны сол күйі көрмей кеттім. Ұстаздардан оның жұмыстан кетіп қалғанын естідім.

Арада біраз уақыт өтті. Екінші курсты аяқтауға жақын қалдық. Алдымнан қанша қыз шықса да Аяулыны ұмытқан жоқпын. Барлық қыздарды соған теңейтінмін. Бірақ, тәккапар қылығымнан оны іздемедім, қайта татуласқым келсе де, алдына барып, кешірімге келуге тырыспадым. Достарымның да сөзіне ердім.

Дипломды алған күні улап-шулап клубта жудық. Мас күйімізде үйге кетіп бара жатқанда Сакен досыммен жол апатына түстік. Рөлде отырған Сакен қарама-қарсы жаққа шығып, бір камаздың астына түсіп кеттік. Ауыр жарақат алдық, сау сүйектеріміз қалмады, барлығы сынды. Мен 6 күн, Сакен 13 күн хал үстінде жаттық. Сонда жаныма келіп, қал-жағдайымды сұрауға бір досым келмеді, Сакен досымның айтқан қыздары да болған жоқ. Ата-анама мені күтуге көмектесуге келген бір ғана адам Аяулы еді. Оның нағашы ағасы да жол апатына ұшырап, біз жатқан ауруханаға түскен екен. Сол ағасына ас алып келгенде інім көріп, жанына барып, өзін таныстырып, мен туралы айтып берген екен. Ініме қолдау көрсетіп, менің жаныма келіп, көмек көрсеткен екен. Алты күн бойы жаныма келіп, жылаған екен. Кейін мен есімді жиғанда тағы келген еді. Мен мән-жайды білместен, ештеңе сұрамастан, баяғы тәккапарлығымнан оған көзін құртуын сұрадым. Оған өкпелі адам секілді, оны көргім келгім келмеді. Ауыр жатсам да, аузыма келгенін айтып, ата-анам мен інімнің көзінше қуып шықтым. Ол болса, бетін басып шығып кетті. Содан кейін оны көрмедім. Ауруханада 7 ай жатып, үйге келіп, төсекке таңылдым. Еңбекке жарамсыз болдым. Өзгенің көмегінсіз ештеңе істей алмайтын болдым. Мүгедек деген куәлігім бар. Бұл күйімді көргім келмей, өлгім келетін. Бір күні ініме мені балконға шығаруын сұрадым. Бар ойым ол кеткенде балконнан секіріп кету болды. Ол мені арбаға отырғызып, балконға шығарды. Мен шөл қысып тұрғанын айтып, су әкеп беруін сұрадым. Ол шығып кеткенде, мен орнымнан тұрмақшы болып едім, тұрған бойда аяғым тайып кетіп, құлап, қабағымды жардым. Інім дереу келіп, мені көтеріп, қанды тоқтатуға кірісті. Мен болсам, бар дауысыммен жылап, айқайладым. Інімнің төзімі таусылған болса керек, ойындағының барлығын айтып салды. «Өзің кінәлісің, ата-анам саған бар жағдайды жасады, барлығын текке құрттың. Жаныңда жақсы достарың да болмады. Өзің секілді құр көкіректер.  Көлікті қатты айдаған Сакен досың барлығын саған итере салды. Сені көлік тізгінін ұстады деп жала жапты. Жақсы қыз жаныңа келді. Аяулыны бекер жылаттың. Сол қыздың көз жасына қалдың. Енді өлмекшісің бе? Ал өл, жеңіл болатын болса» деп мені қалдырып кете барды. Мен бөлмемде жалғыз қалдым. Жалғыз қалып, жыладым. Інімнің айтқаны рас. Сакен есін жинағанда бар кінәні маған жауып жіберген. Ата-анам ақша беріп, істі жауып тастады. Міне содан бері төсекте өтіп жүр бар күнім.

Сакен болса, екі жылдан кейін көз жұмды. Інім үйленіп, өзінше отау құрып, Атырауға көшіп кетті. Ата-анам маған қарайласатын бір медбике апайды жалдап қойды.

Расында да мен Аяулының көз жасына қалғандаймын. Оның еш жазығы жоқ еді. Кейде онымен татуласып, бірге болсам, мұндай жағдайға қалмас па едім деп ойланамын. Оның көз жасы мені алысқа апармады. Бір кітаптан «Қызды жылатқанды – өмір жылатады» дегенді оқып қалдым. Осы сөздің жаны бар екен. Жақында  інім Атыраудан ұшып келді. Әуежайда Аяулыны көріп қалғанын айтып қалды. Аяулы інімді көрген бойда жанына келіп, амандасып, мен туралы сұрапты. «Жолдасымның Астанада медициналық орталығы бар. Бізге алып кел, ем-домына көмектесейік» деп айтып, телефон нөмерін қалдырыпты. Өзі шетелден семьясымен демалыстан келе жатыр екен. Үш баласы бар, тағы аяғы ауыр екен. Жолдасы дәрігер, өзі банк қызметкері екен. Інім айтып бергенде көңіл-күйім түсіп кетті. Ол кетіп қалған соң, ағыл-тегіл жыладым. Ол сондай бақытты. Ал мен бақытсызбын. Кезінде айқайға салмай, дұрыс қадам жасағанда екеуміз бірге бақытты болар ек.

Енді жалғызбын. Не досым, не семьям жоқ. Әке-шешеме масыл болып жатқан жайым бар. Жігіттерге айтарым, ешқашан да қызды жылатпаңдар. Қыздың көз жасына қалмаңдар. Опасыздыққа жол бермеңдер дегім келеді.

Данияр, Алматы қаласынан

alashainasy.kz

Әкімнің әйелі болғаныма өкінемін
Босаға аттамай жатып жесір атандым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу