Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Тағыдырым әу бастан ақ тасбауарлық танытқан жоқ деп есептейтінмін. Әкем ыңғай лауазымды қызметте болған соң, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда дегендей шалқып тасып бойжеттім. Ол шақта Алматыда оқу әр жастың арманы болатын. Шетел қайда?
Ылғи дөкейлердің балалары оқитын Алматыдағы «Нархоз» аталып кеткен оқу орнына түстім. Дұрысы әкемнің таңдауы сол болды. Мектепте жүргенде есеп сабағын аса қаламаушы едім, әкем «ақша бар жерде таршылық болмайды» деп сол жағына тартты.
Студенттік дәурен, айтып жеткізе алмайтын нағыз керемет шақ екен ғой. Сұлу емес, сүйкімдімін деп есептейтінмін өзімді. Алматыға келген соң тіптен ашылып, сұлуланып кеттім бе жігіт біткен соңымда. Оның үстіне дөкейдің қызы деген лақап атым тағы бар. Біреулері біліп әдейі, енді бірі білмей соңымнан салпақтайды. Жүрек біткенге әмір жүре ме, ұнатқаным жоқ, бекерге емексіткім келген жоқ ешкімді.
Сол содан өркөкірек атандым. Кеңестің кезеңі әкем бір ауданды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Ай сайын емес, апта сайын артымнан ақша келеді. Оны әкем қол астындағылардан беріп жібереді.
Алдын қыздармен жатақханада тұрғанбыз. Кейіннен әкем екі бөлмелі пәтер әперіп сонда тұрдым. Әкем сөмке сөмке тамақ беріп жіберіп тұрады. Жатақханада тұрғанда қыздар бір қарық болып қалатын. Ол кездері балықтың уылдырығы деген кейбіреулердің түсінде ғана көретін жеңсік асы еді, ал менің әкем оны келілеп беріп жіберетін. Қыздар ауыздарының суы құрып тіпті келесі жатақхананың қыздарына дейін жететін. Әкем сәлем сауқат салған күні біздің жатақта той болушы еді.
Баршылық болған соң қолым да ашық. Ештеңені қызғанбаймын. Тіпті қасымдағы жақын құрбыларыма кейде қысылғанда қарызға емес, көмек ретінде ақша да беретінмін. Ал енді ең жақын құрбыларыма дүкен аралауға шыққанда туфли, сөмке, көйлек сатып алып сыйлай салушы едім. Менің мәрттігіме бәрі риза болатын.
Ол кезде бар заттың қат кезі. Ақшасы барлар сөре астынан тығып сататын небір қымбат киімдерді әкем алып беретін. Студенттердің көпшілігі киім ауыстырмай жүргенде мен соңғы шыққан сәннен қалмаушы ем.
Балаларынан ештеңе аямайтын әкем менің болашағымның схемасын әу бастан ақ сызып қойыпты. Анамнан көрі әкеммен көп сырласатынмын. Бір жолы демалысқа келгенімде әкем «өзіңе ұнайтын жігіт бар ма?» деп сұрады. Мен жоқ екенін айттым.
Уақытты созса ұтылып қалатындай әкем сол кеште үйге қонақ шақырды. Көрші ауданның әкімі екен. Әйелі бала-шағасымен келді. Анасы менен көзін алмай қарады да отырды. Үлкен ұлы бұйра шашты, әдеміше келген, ақсары жігіт екен. Алматыда жүріп жігіттің мұндай төресін көрмеппін. Әкемнің жоспары бойынша мені көруге келген екен ғой. Ұлдарының аты Мақсат екен. Бір көргеннен бір-бірімізді ұнатып қалдық.
Әкем өз үкімін айтқанда мен де дайын едім. Мақсатқа тұрмысқа шығуға келісімімді бердім. Сол кездегі райкомның бірінші хатшысы саналатын (бүгінгі әкім) қос ауданның әкімінің тойлары қалай өтуші еді, тойымыз керемет өтті. Ол кезде салтта жоқ бүгінгідей бал айын өткізуге Мәскеуге аттандық. Бір бірімізге деген сезіміміз шексіз. Бақыттан бас айналған күндер еді.
Бар өмірім осылай өте берсе арман болмас еді-ау... Біз сияқты әкімнің балаларына даңғыл жол қашанда ашық қой. Биікке өрмелейтін баспалдақты әкелеріміз әлдеқашан дайындап қойған. Мақсат көздегеніндей қызмет баспалдағымен жоғары өрлей берді. Мені білдей мекеменің бас бухгалтерлігіне отырғызды. Балалы болған соң ол жұмысымды қойдым.
Жыл аралатып төрт балалы болдық. Төрт құбыламыз түгел бір қарағанда бізден бақытты адам жоқтай. Мақсатым бірте бірте ішімдікке әуестене бастады. Қызмет бабы солай екен, ішпесе болмайды екен. Аудан әкімдігіне дейін көтерілді. Табысы жетерлік. Қызметтік құпияларын маған айта бермейді. Менің бар жұмысым балаларды қарау. Ішім пысса дүкен аралап кетем, фитнес клубқа барамын, жыл сайын шетелде демаламыз.
Байқаймын соңғы әлетте Мақсаттың үйге қонбай қалуы жиілеген. Басында мән бермейтінмін. Кейін келе күдіктене бастадым. Бір күні жақын құрбым шақырып алып маған бар шындықты жайып салды. Мақсатымның менен басқа екі әйелді болыпты. Екеуіне де үй әперіп жайғастырып қойыпты. Баяғының шонжар балақ, шұбар төс байларындай басымнан баса көктеп мына істегеніне ішім қыз қыз қайнады. Жердің үстімен барып, астымен қайтқандай болдым. Осының бәрін білдірмей қалай істеп жүрген десеңші?
Бүкіл қала білетін «романды» мен енді есітіппін. Үйге келген соң әрине ұлы айқай басталды. Өзіңмен салғыласып олай емес деп ақталған да жақсы екен ғой. Аузын буған өгіз құсап сөйлемей қойғаны жаныма батты. Үндемегені демек мойындағаны ғой. Көкірек басым бұлай жүрмеймін деп кетуге жиналдым. Сол кезде ғана оған тіл бітіп, «кешір, әкім басыма ұят, бәрінің екі әйелі бар....» деп қарап тұр ғой. Күйіп кеттім. Бала шағаны жинап төркініме тартып отырдым.
Ойым әкемнің бір үйін беретін шығар сонда тұрамын, қайтып бармаймын деймін ғой. Үйге келген соң әкем «сабырға кел, замандарың сондай, қайтесің, балаларыңды тірі жетім етіп қалай жүресің, оның да жауабы болады ертең» деп өткен кеткенді айтып қайтуыма ақыры көндірді... ол келіп алып кетті.
Бүгінде тірі өлік сиятымын. Көшеге шыққым келмейді. Тойға бармасам ол әрине екіншісін, не үшіншісін ертіп апарады. Бұл өзі қос қос қатын алу бүгінде мода болған білем ғой. Бірақ бәйбішелердің ішіндегі шерін кім ұғар?
Шынар