Ауылға қайтпағанымда, тағдырым бұлай болмас па еді

Oinet.kz 10-10-2021 4876

Мен Зайсан қаласының қызымын. Қазір осында қарабайыр өмір кешіп жатырмын. Қыз дәуренмен қоштасып, отбасылық өмірге енгелі күнім-күн емес қаратүнекке айналып кетті. Әйтеуір бір-біріне жалғасып мимырт тірлігім өтіп жатыр.

Screenshot_5.jpg

Мен мектепте үздік оқыдым. Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімінің мамандығын өз күшіммен алып шықтым. Әкемнің «оқытпаймын» дегеніне қарамастан, шешемнің тықпыштап берген азын-аулақ қаржысын алып, үйден қашып кетіп Семей қаласына барып педагогикалық институтты бітірдім. Қазір жасым 37-де. Ел қатарлы оқуымды бітіріп, туған еліме келіп жұмысқа тұрдым. Әттең, қазір өкінемін. Сол кезде ауданға келмей қалада қалып қойғанымда өмірім басқаша түзілер ме еді?!

Студент кезімде қол ұстасып бірге жүрген сүйген жігітім де бар еді. «Оқуды бітірген соң бір жылдай жұмыс істеп үйге қолғабыс жасап үйленеміз» деп уағдаласқан едік. Бірақ барлығы адамның ойлағанындай бола бермейді екен.

Мен 1999 жылы оқуымды бітіріп елге оралдым. Сол жылы аудандық мектептердің біріне лицейге жұмысқа кірдім. Ойым «дімкәс шешеме бір жылдай қолғабыс етіп, артымдағы екі бауырымның бір-бір қабат киімдерін түгендеп, келер 2000 жылы құтты орныма қонсам» дейтінмін.

Әкем түрмені көрген, ішкілікке үйір адам еді. Қит етсе бітті, біздің сәл жіберген теріс қылығымызды көрсе шешемізге күн бермейтін. Ішіп келіп соққыға жығып шешемнің қабырғасын майып етті, қолын шығарып жіберді. Әйтеуір шешем байғұстың көрмегені жоқ. Ақыры, неше жыл мұндайға шыдамаған соң шешем асылып өлді.

Шешемнің көзі кеткен соң үйден тіпті береке кетті. Әкем тіпті араққа салынып алды. Тіпті ішіп алып көшеде құлап жатқан жерінен бауырым екеуміз үйге сүйрелеп әкелетін едік.

Әкемнің туған-туыстары оның осындай қылықтарыннан соң іргені аулақ салған. Ал шешем бір атадан жалғыз бала еді. Қазір ойлап отырып «әкем шешемді ешкімі жоқ болғаннан кейін де қорлады ма екен» деп те қоямын.

Осылай күндеріміз өте берді. Мен бауырларыма қарайлап тұрмысқа шығуды кейінге қалдырдым. Артымдағы екі бауырымды да әкем оқытпады. Олардың бірі ауданның сиырын бағып бақташы болды. Енді бірі қара жұмысқа жегілді. Мені қашанғы тоссын, сүйген жігітім де үйлі-баранды болып кетті. Не керек, осылай жүргенде 30-ға келгенімді де байқамаппын.

Бір күні әдеттегідей «әндетіп» жүрген әкем 2008 жылды қарсы алатын жаңа жылда үйге бұжыр бет, қараторы кісіні ертіп әкелді. Айтуынша, түрмеден шыққан досы екен. Әйелі мен балалары оның түрмеден келгенін күтпестен басқа қалаға көшіп кетіпті.

Содан бері әлгі бұжырбеттің біздің үйге келуі жиіледі. Әкем екеуінің әңгімесі ортақ, ойы ортақ. Әйтеуір жан қияр достар еді.

Бір күні әкем екеуі әңгімелесіп отырып «жалғыздық құдайға ғана жарасатынын, ер адамның жалғыз жүруі жақсылық емес екенін» сөз етті. Күндер өте келе ішіп отырып әкем әлгі бұжыр бетті күйеу бала қылғысы келетінін айтатынды шығарды. Ондайда мен «қай қарындасына әпергелі жүр мынаны» деп ойлап қоятынмын. Сөйтсем әкем мені сол бұжырбетке беруді көздепті ғой.

Әкемнің ығыр мінезінен сиыр бағатын бауырым әбден жалығып 2004 жылдың көктемінде үйден Астанаға кетті. Артынша, екінші бауырым да оның артынан құрылысқа кетті. Араға бір ай салып «оқу жылын аяқтаған мен де соларға кетемін» деп ойлап жүргенмін. Бірақ бір күннің ішінде тағдырым бұлай өзгереді деп ойлаппын ба?!

Мені өзімнің туған әкем әлгі бұжырбетке ықтиярсыз қосты. Кәдімгі зат тәрізді бір күн аяусыз ұрып-соғып, қамап қойып келесі күні бұжырбет келіп алып кетті. Ол келе сала әкеме көлігінің кілтін ұстатты.

Міне, содан бері алты жыл ғұмырым өтті. Қашанғы қарсыласасың, бұжырбет өз дегеніне жетті. Мені әйел қылды. Ал мен қорғансыздың күнін кешіп, «ел аман жұрт тыныш та» өзімнен 20 жас үлкен адамның әйелі болып шыға келдім. Қит етсем бітті «мен сені бір көлікке сатып алғам» деп қоқаңдап шығады.

Екі жыл болды бір қызым бар. Бар алданышым қызым. Әйтеуір соның тәрбиесімен айналасамын. Әкеме баратын жолды ұмытқанмын. Ол да мен үйден кете салысымен бір әйелді алды.

Қазір әкем қартайып қалды. Кейде менің үйіме келіп жалтақтап маған ішіндегісін айтқысы келеді. Ондайда бірден теріс айналып кетіп қаламын. Әйтеуір көкірегімде әкеме деген бір шер бар.

Жуырда төсек тартып қапты. «Мені шақыртыпты» дейді мен бармадым. Себебі әкеме деген өкпем тарқайтын емес. Жалғыз қызы бола тұра менің балалығымды да, жастығымды да күл талқан етті. Бала күнімде әкемнің ішкенінінен қашып қыста дедектеп сыртта жүретінбіз. Ал жастығымды қор еткені мынау. Қазір мен де шешем тәрізді таяқ жеп, адамның құлағы төзгісіз дөрекі сөздерді естіп күн кешіп жатырмын.

Бұдан әрі шыдамның да шегі жетті. Ажырасып кетуге бел буып отырмын. Қанша жерден қызым «әкесіз өспесін» дегеніммен «ажырасқанымыз дұрыс, бауырларыма кетейін» деп шештім.

Бір түсінгенім, адам өз тағдырын біреудің мәжбүрлегеніне, міндеттегеніне қарап құрмауы керек екен. Сол кезде әкем мені өлтіріп тастаса да бұжырбетттің қолтығында кетпеуім еерк еді.

«Биыл жаз бауырларыма жетіп алсам, одан кейінгісін тағы көре жатармын» деп келешекке үміт артамын. Тек бір қорқынышым - түрмені көрген екі бірдей тіс қаққан адам (әкем мен күйеуім) бұған жол берер ме екен?!

Бұл қапастан қалай құтылсам екен?! Маған ақыл қосыңыздаршы...

Шынар, Зайсан қаласы

alashainasy.kz

Жеңгем ағамды алдап жүр...
Тоқал алған әкеме ерегесіп, өзім де тоқал болуға келістім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу