Қызым күйеуге шықпай, өзім үшін бала табам дейді...

Oinet.kz 11-01-2021 3910

Сіздермен бір сырымды бөліссем деймін.

image.png

Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Жасым қазір 60-қа келді. Үш баланың анасымын. Күйеуім қайтыс болған. Екі қызым мен бір ұлымды өзім жалғыз жеткіздім. Зейнеткерлікке шыққанша ұстаз болып қызмет істедім. Аудандық мәслихаттың депутаты болдым. Кейіннен балалар ержеткен соң Алматыға қарай бет алды да, мен де осы қалаға қарай қоныс аудардым. Қазір Алматыда балаларымның сатып алған үш бөлмелі пәтерінде екі қызыммен бірге тұрамын. Ұлым Астанада қызметте жұмыс істейді, үйлі-баранды. Келініме көңілім толады. Әйтеуір өздерімен өздері еш жамандықтарын көрсетпей ұлым мен келінім тырбанып жұмыс істеп тіршілік етіп жатыр. Оларға аса уайымдамаймын. Мені қинайтыны екі қызымның «күйеуге шықпастан бала туғымыз келеді» деген ойы. Соңғы кезде қыздарымның осындай ойға белді бекем буғаны соншалық маған «біздің балаларымызды бағып, жайлы үйде отыра бересіз» дейтінді шығарды. Мен бала бағудан қашпаймын ғой, адамға өз немерелерін бағудан артық бақыт бар ма?! Мені қинайтыны екі қызымның бірдей екпіндеп келіп «байсыз бала туамыз» деген ойлары...

О заманда бұл заман мұндай сұмдықты кім көрген?! Үлкен қызымның жасы 39-да. Санитарлық қадағалау мекемесінде құрылыс бөлімінің бастығы. Қызметі де тапқан табысы да жақсы. Бізден бөлек өзіне Алматыдан тағы бір бөлмелі үй сатып алып қойды. Астында көлігі де бар. Бұл қызыма «тұрмысқа шықсаңшы» дегеніме 10 жылдан асып кеткен шығар. Бастапқыда «жұмыс деңгейімді жақсартамын» деді, онысын іштей қолдадым да «жарайды, жұмысында өсіп алған соң отбасын құрар» деп ойладым. Уақыт өте берді, оның «кәсіби біліктілігін көтеремін» деп оқу оқуы да таусылмады, жұмыста жоғары дәрежеге жетсе де тынбады. Ақыры білдей бір бөлімді басқарып отырса да, көңілі көншімеді. Бір жылдары қызым «өзіме жеке үй аламын» деді, онысын да құп көрдік. «Көлік аламын» деді, оған да қарсы болмадық. Енді тұрмыс құрып бала сүю жайын айтсам, «биылдан қалмай өзім де бала тапсам» деп жүрмін,-дейді. «Көздеген біреуі бар болды ғой, шамасы сөйлесіп жүрген ғой» деп ойласам, маған айтатыны «бір үлкендеу адамнан бала тауып алсам болғаны» дейді. Бұл қызыма «қазақта оң жақта отырып бала табу ең сорақылық, сүйекке таңба» десем, сөзімді құлағына да қыстырмайды. Айтатыны, «екінің бірі солай жасап жатыр» деп сырт айналады. Бұл аздай енді отыз жастағы екінші қызым да әпкесінен қалыспай «дұрысы күйеуге шықпай бала табу» дейді. Кіші қызым әуежай компанияларының бірінде тілмаш болып қызмет істейді. Ағылшын, қытай, француз тілдерін жақсы біледі. Биыл жасы отызға келеді. Бұл қызыма да «жасың келді тұрмысқа шықшы қызым» десем «ой, мен тұрмысқа шықпаймын, қазіргі жігіттердің барлығы жалқау. Айналамдағы жігіттерге қарасам, не үйлері жоқ, не ақшалары жоқ өңшең жолы болмағандар» дейді. «Айналайын-ау, көзіңді ашып қарасаңшы, солардың ішінде бір жібі түзу, адамгершілігі мол адам бар шығар» десем, мұнысы да бұл сөздерімді жақтырмайды.

Мен өзім 20 жасыма жетпестен 19 жасымда тұрмысқа шыққан едім. Содан болар, екі қызыма «тұрмыс құруға асықпаңдар, алдымен оқыңдар, жұмыс істеп табыс табыңдар, күйеуге шығу қашпайды» дейтін едім. Үнемі оларды жалғыз өзім жеткізгенімді, үш баланы жалғыз асырап-бағудың маған оңай болмағанын, мені жерге қаратпауларын айтып отыратынмын. Үйдің кенжесі ұлым еді, былтырғы жылы 27-ге келген ұлым «үйленемін» дегенде сондай қорықтым. Бірақ үлкен қызым «үйлене берсін, бала емес ендігі 27 жасқа келді» дегенде барып ойланыппын. Қазақ қашанда «қыз бала анаға жақын» дейді ғой. Ойлап қарасам менің екі қызым үнемі менің жайымды ойлап келіпті. Мен барлық отбасылық мәселелерді сол екеуімен бөлісіп, барлық қиындықтарды жастайынан сол екеуіне айтып отырыппын. Енді міне, қыздарымның біреуі қырыққа тақады, біреуі отызға келіп қалды, бірақ өздері отбасын құрғылары жоқ. Екеуінің де ойлары «күйеуге шықпай-ақ өзіміз үшін бала туып алсақ» дегенге саяды. Қанша жерде шыр-пыр болсам да үлкен қызым тіпті осы ойға анық бекінген. Қазір жасы үлкендеу бір адаммен кездесіп те жүр. Ондағы ойы сол кісіден бала туып алғысы келеді. «Алдыңғы арба қалай жүрсе соңғы арба да ізінен ереді» демекші, кіші қызым да үлкен қыздың жолымен жүруді дұрыс санайды.

Құрметті оқырман, маған ақыл қосыңыздаршы, мен не істеуім керек? Өз басым, күйеуім қайтыс болғаннан кейін екінші мәрте тұрмысқа шықпадым. Бар ойым, ел-жұртқа сөз болмай, балаларымды аман-есен адам қатарына қосу еді. Енді «сол арман-мақсатыма жеттім, қыздарым мен ұлымды оқыттым, жоғары білімді азамт қылдым» дегенде көрейін дегенім осы ма еді?! Әу баста үш баламды да «кішкене еті тірі болсын» деп орыс мектебінде оқытып едім. «Әлде бұл сол орысша тәрбиенің салдары ма» деп те ойланамын. Қыздарымды алған бетінен қайтару үшін не істесем екен? Екі қызым бірдей некесіз бала тауып алып отырса бұл тірідей өлім ғой. Маған ақыл қосыңыздаршы...

Зәуре, Алматы қаласы,

Алаш айнасы

​«Үш әйелімнің үшеуі де алдап кетті»: Шымкенттік жігіт енді үйленбейтінін айтты
Енемнің қылығы қажытты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу