Ағам тоғыз рет үйленді

Oinet.kz 26-08-2021 3425

Сегіз жыл бұрын туған ағам жұмыс бабымен басқа қалаға қоныс аударды. Кіндік қаны тамған жерін тастап, өзіне мүлде бейтаныс жерге бірден сіңісіп кету оған қиынға соқты. Жаңа жұмыс орнында жиі олқылықтар орын алған соң, өз басына қаражаты жетпей, расымен қатты қиналыпты. Әттең, оны біз кеш білдік.

Screenshot_2.jpg

Ағамның жаңа қалада кезіктірген достары оған ақша табудың өзге де жолдарын ұсына бастаған. Осылайша ол теріс ағымды қабылдап, біздің әлемімізден алшақтай бастады. Біз бұл жайттан бейхабар едік. Ең бастысы ағамның амандығын тілеп жүрдік. Араға уақыт салып, оның намазға жығылғанын, артынша оның өзге ағым екенін түсіне бастадық. Ағам Алматыға ара-тұра келіп тұратын. Киім-киісі, түр-әлпеті, оны қойшы…жанға бататыны мінезі қатты өзгерген. Бұрынғыдай менімен бір бөлмеде отырып сөйлесе алмайды. 

Туған-туысынан алшақтап кеткен. Мінезі жұмсақ, жүрегі кең ағатайым әпсәтте ашушаң, қызбамінез құбыжыққа айналғандай көрінді. Әпкелері мен қарындастарының бетінен сүймек түгілі, жақындап амандасып-қоштаса алмайды.Ата-анам ағама ешқашан қысым көрсетіп, өзге ата-ана секілді «Үйлен, үйге келін керек, жанымызға қайтып орал, ақша жібер» деген сөздердерді айтып көрмеген. 

Ағам жастайынан ақылды, зерек, жұмсақ адам болған. Оның әрбір шешімі отбасымыз үшін ең оңтайлысы болатын. Ағам сол қалада жүріп, бәрінен жасырынып бір қызға үйленген екен. Өзі ешқашан көрмеген Алтынай есімді қызбен некесін бірден қидырыпты. Бұл жағдайды біз кейін оның өз аузынан естідік. Жүрекке әмір жүрмеген болар, көп ұзамай ол әйелмен жұбы жараспай, талақ айтып айырылысты. Одан кейін де бұл жағдай қайталанып, қыздарды бірінің артынан бірін алмастырып, үйленіп, бір ғана ауыз «талақ» сөзімен тастап кетіп жатты. Жақын туыс-тумасының барлығы оның бұл қылығының дұрыс емес екенін айтып, санасына түйдіре алмадық. 

Осылайша ағам бүгінде үрімдей жап-жас 9 қыздың көз жасына қалды. Кейде өз өмірін таппаған адамдай көрінеді. Кейде ағамды ойлап, қатты қиналамын.Осы күнге дейін өмірде өз орнын таппаған секілді. Ата-анамыздың бар жағдайын жасаймын деп осындай қателікке бой алдырып, үлкен күнә жасады. Тек өзінің көңілі қаламаған соң, ешкімге бүйрегі бұрмаған соң, сол бір қыздардың көз жасына қалды ғой. Соның нәтижесі болар, жақында ағамның дертке ұшырағанын білдік. Оны жанымызға, туған жері Алматыға көшіртіп алдық. Қазір бір отбасы болып, басымыз қосылды. 

Ағам араласпай кеткен туған-туысымыз осынау қиын-қыстау күні бізге көп көмек көрсетті. Жағдайымызды жасап, ештеңеден тарылтқан жоқ. Ол да бір сынақ шығар. Сол қалада қалып кеткен достары хабарласып: «Бұл саған берілген сынақ. Сен тағдырыңа қарсы шыға алмайсың. Тағдырыңды қабылда. Сенің істеп жатқан ісің өте үлкен күнә» деп ағамды емделуден бас тартуға көндірмекші болды. Әрине, ем – көп уақытты және күш-жігерді қажет етті. Достарының бұл пікірімен ешқайсысымз келіскен жоқпыз. Ағамның қалауына қарамастан, емделуді жалғастырып келеміз. Оның болашағына алаңдаймын. Тек жазылып кетсе екен деп тілеймін…

Сырласу журналы

Ажырасқан еркекке үйленсем опық жеп қалмаймын ба?
Енем маған жиі қол көтеретін болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу