Тарихта із қалдырған оқиға
Омардың ибн Хаттабтың халифалығы кезде үш жігіт бір кісіні халифаның алдына алып келеді де:
- Бұл адамның жазаға тартылуын талап етеміз. Ол біздің әкемізді өлтірді, - дейді.
Омар әлгі адамға қарап:
- Неге олай жасадың?,- деп сұрайды.
- Мен түйе мен ешкі бағатын бақташымын. Бірде түйелерімнің бірі мына жігіттердің әкесінің егістігіне барып жатып алған екен. Егістіктің иесі ашуланып, түйені таспен соққыға жыққаны соншалықты жануар сол жерде жан тәсілім ете жаздаған болатын. Бұл жағдай менің де ашуымды оятып, сол таспен иесін ұрып-жықтым да, жан тәсілім еттім.
Болған жайтты соңына дейін тыңдаған Омар:
- Адам өліміне себепкер болғаның үшін, сені өлім жазасына кесемін,-деді.
Омар әділ әрі қатал еді, алайда халқына мейірбан әрі жанашыр да болатын. Ол кісі жазаланушының соңғы тілегін естімек болғанда әлгі адам:
- Уа, Халиф! Маған үш күн мұрсат бер. Әкемнен аманат болып қалған мұраны ініме беріп кетейін. Егер мені дәл қазір дарға асар болса, бауырым мұрагерлікке құқылы болғанын жариялай алмай қалады,- дейді.
- Саған кім кепіл болады? Сені бұл жерде ешкім танымайды ғой,- деді Омар.
Байғұс бақташы адамдардың жүзіне ашына қарап шықты да, топ ішінен бір адамды нұсқап :
- Міне, мына адам кепіл болады!,- деп айқай салады.
Бақташы нұсқаған адамға қараған жұрт іштерін тартып тына қалады, өйткені ол ардақты пайғамбардың сахабасы Әбу Зарр болатын.
- Мына адамға кепіл боласың ба?,- деп сұрайды Омар.
Әбу Зарр басын изеп, келісімін береді. Мұны көріп тұрған халық шулап, Әбу Заррды бұл ісінен бас тарқызбақ болады. Себебі жазаланушы келмеген жағдайда, оған кепіл болып қалған әз пайғамбардың сахабасы өлім жазасына кесілмекші. Жазаланушы кетеді, Әбу Заррға жандары ашыған халық та тарасады. Өзге елден келген бөтен адамға кім сенеді дейсіз?
Мәдина халқы күткен күн де келіп жетті. Жұрттың бәрі алаңға жиналып, күтіп тұрды. Алайда әлгі адам келмеді. Күн батуға таяған шақта адамдар арасынан «Келді! Келді!» деген дауыстар естіле бастады. Бақташының алыс жол жүріп келгені шаршаңқы әрі шаң басқан жүзінен көрініп тұрды.
- Мен сөзімде тұрдым. Үйімді, анамды және ағамды бауырыма табыстап келдім,- деді ол.
- Ендеше, жазаға тартуды бастауға болады,- деген Омар бақташының ерлігіне сүйсіне, жүзіне қарап:
- Уа, Алланың құлы! Қайтып келуіңе не себеп болды? Қашып кете алатын едің ғой,-деп сұрайды.
Сонда бақташы:
- Ел-жұрт «адамдарда иман қалмапты» деп айтуынан қорықтым,-деп жауап береді.
Сол кезде Омар Әбу Заррды жанына шақырып:
- Өміріңде көрмеген, қайтып келетіні я келмейтіні белгісіз бұл бейтаныс адамға кепіл болуыңа не себеп болды?,-деп сұрайды.
- Ел-жұрт «адамдарда сенім қалмапты» деп айтуларынан қорықтым,- деп жауап береді Әбу Зарр.
Бұл сөздер қайтыс болған егіншінің ұлдарына қатты әсер етіп, жүректері мейірімге тола:
- Біз кешірдік,-дейді.
- Неге?,- деп сұрайды Омар.
- Ел-жұрттың «адамдар мейірім мен кешірімнен жұрдай болыпты» деп айтуынан қорқамыз,- деп жауап берген екен.