Исраил Сапарбай. «Жас Қазақ»
Жалғанда жалғыз Құдай бар,
Басыңнан сипар басқа жоқ:
Жайыңды сенің кім ойлар,
Жанып бір туған, Жас қазақ?
Құйылса көктен қаршыға,
Құрбаны қашар сайлақпен.
Өзіңді өзің қамшыла!
Өзіңе өзің қайрат бер!
Мүлгіген жетпес мұратқа,
Қалғыған мінбес құр атқа.
Көңілің жүрер Жұмақта,
Көзіңді салсаң жыраққа...
Тілеуің болса адал, ақ,
Тамшыдан теңіз құралар.
Атадан қалған аманат,
Бабадан қалған мұра бар.
Тақымға көнбей талабың,
Таймасын тұяқ тақырда.
Айласы басым ағаның
Ақылына еріп аһ ұрма.
Ажалдың құрып амалы,
Сақтасын сені Құдайым.
Кешегі күннің сабағы
Санаңда жүрсін ылайм.
Тағдырың тәлім баршаға,
Ақиқат жолын айғақтар.
Араңда әлі қаншама
Ләззаттар мен Қайраттар...
Сатулы бүгін сәлем де,
Қатулы бүгін қас-қабақ.
Қатыгез мынау әлемге
Қасқайып қара, Жас қазақ!
Қашаннан қаскөй қиянат
Қайтерсің батса шымбайға.
Береке, бақыт тиянақ
Табатын, қайран күн қайда?
Айдаһар ашса аранын,
Дәрменсіз қалма, дал болма:
Халқыңның тағдыр таланын
Қаймықпай, қане, ал қолға!
Шала ұйқы көрер шақ туды
Саған да, жаным, маған да...
Абылайдан қалған ақ туды
Алып бір шықшы Алаңға!!!