Жәнібек Әлиман. «Сені жасыта алмапты өмір кәрі»

Oinet.kz 30-09-2018 835

Без названия (1).jpg

Сені жасыта алмапты өмір кәрі,

Өзді-өзі әуре менікі ненің зары?!

Жалғыз ұлдың ертеңі болмаса, ана,

Дүние ғой басқасы қолыңдағы...


Соңымдағы шұбырған гу-гу өсек,

Жаныңдағы қайғы мен мұңды көсеп...

Күзден бетер тоналдың шалыс бассам

Бізден бетер жүдедің біз жүдесек.


Бағыштады демесең елге өнерді,

Ар-намыссыз әйтпесе сорлы емен-ді.

Бір қызығым көтерсе сені көкке

Бір қылығым тірідей жерге көмді...


Сан биіктеп сен солай сан басылдың,

Әлегінен әуейі алғаш ұлдың.

Қиқарлығым, Құдай-ау, ішім сезед

Жасар әлі жалмады-ау сан жасыңды...


Өреліге болған ба өмір мәні?!

Өмір мәні...

Менікі соның зары...

Жалғыз ұлдың ертеңін қойшы, құрсын,

Ол бір жұмбақ Алланың қолындағы...

Жәнібек Әлиман. «Жүрек кейіп, жынды қылып жүйке бір»
Жәнібек Әлиман. «Жыр тілінде кісінеп құлын қырат»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу