Жәркен Бөдешұлы. «Қу бас ат»
Тірі болсаң Қабанбай мінген қу бас ат,
Құйрығыңнан алар ем-ау ту жасап.
Әлдеқашан кетер едік тоз-тоз боп,
Анамыздан батыр болып тумасақ.
Ақын болып тумасақ.
О, қу бас ат,
Қу бас ат.
Қу бас ат.
Толарсағыңмен тусырылған құмды асап.
О дүниеден кісінеші, күмбірлеп,
Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.
О, қу бас ат,
Қу бас ат.
Таға
Көрікті,
Күшті,
Жап-жас қазақсың.
Көш бастадың қаншама.
Әттең,
Әттең,
Атыңды тағаламапсың,
Жүрер жолың тас болса да...
Р.S.
Жел үргілеп өрген бұлт,
Қайырыла алмас бел асса.
Не ойлайды көрген жұрт,
Атың ақсап келе жатса...