Жанат Әскербекқызы. «Өмірзая»
Өмірзая – бір-ақ сәтке жалт етер,
Ай қалады арманын да айта алмай.
Аспандағы жұлдызға да бар қатер,
Сөніп кетер өкініші байқалмай...
Айтары көп алқаракөк түнгі әлем,
Жанарыма кіріп кетті еріксіз.
Аспан жақтан жұлдыз іздеп тұрған ем –
Алаң көңіл етпеңізші келіп Сіз...
Өмірзая...
Тағдырымыз бір біздің,
Айырмамыз:
Сен – көктесің,
Мен – жерде.
Жанып-сөнер сәтін аңдып жұлдыздың,
Аңсары ауған жердегі өмір шерменде...