Журналист қыздың махаббаты
Мен ол кісімен алғаш кафеде таныстым. Жалғыз-жалғыз отырғанбыз, ол «бірге отыруға бола ма» деп өтінді, сосын бірге отырдық. Сол кеш мәнді де мағыналы отырыс болды. Кафенің келімді-кетімді адамдары, шуы, заманауи R'n'B музыкасы көңіл-күйге, әңгімеге әдемі әр беріп тұрды. Мен ол кісіден:
– Менің журналсит-блогер болу арманым еді, бірақ басқа оқуға грант болған соң, амалсыз оқып жатырмын, – дегенімде – Оның еш қиындығы жоқ, кеш емес. Әлі де журналист болуға болады. Мысалы сен қандай әдемі, сымбаттысың, сенен тамаша тележұлдыз жасауға болды.
– Мә, рас па? Күшті ғой, – деппін.
Біз біраз отырып қалыппыз. Сыртқа шықсақ сіркелеп жаңбыр жауып тұр екен, көше шамдары самаладай жарқырып асфальтқа түседі. Ол сосын таксидің есігін ашты да сыпайы ғана жымиып визиткасын ұсынды...
Осыдан кейін жиі хат жазып, хабарласып тұрдық. Алғашқы кездерде күні-түні хат жазыстын едік. Әсіресе, түндерде ол көңілді елітетін әңгімелердің майын тамызып айтқанда, өзіне әбден баурап алатын-ды.
Екінші рет бір досының туған күніне бірге бардық. Тағы да әзілге толы көңілді кеш болды. Кештен соң ол мені үйге дейін шығарып салған. Жол бойы түрлі музыкалардың өзі тыңдап жүрген жанрлары және атақты әншілердің аңыздарын аузының суы құрып айтумен болды. Мен де қызыға түстім. Екеуміз бір наушникпен Ray Charlesдің джаз әндерін тыңдадық. Бір бірімізге қарап жымиып қоямыз. Қоштасарда ол батылдық танытты, алғаш рет сүйді. Сүйістік...
Үшінші жолы кешкі паркте жолықтық. Түн ортасына дейін сәкіде құшағымыз ажырамады. Оның тіптен менен біршама жас айырмасы да мені одан кері итерген жоқ. Арамыздағы құштарлық, ынтызарлық күн сайын тереңдей түсті.
Сол кезде ол романтика жасағанды жақсы көретін. Келесі жолы кездескенде бір керемет тосын сый жасайтын болды. «Тек қарсы келме» деп ескертті.
Ертесінде таңғы жетіде ол жатақхананың алдында күтіп тұр екен. Машинаға отырдық.
– Қайда барамыз?
– Сюрприз, жаным, – деп ерінімді басты.
Таңертең кептеліс аз, қала сыртына тез шықтық. Жазық дала. Тақтайдай асфальт. Radio Classikтан жол бойы Antonio Vivaldiдің шығармаларын тыңдадық. Осы кездер де біз кілең классикалық музыкалар жайлы әңгімелесетін едік. Скрипканың сиқырлы әсем сазына балбырап ұйықтап та кетіппін. Бір оянсам, жап-жасыл таулы орман. Тұмса табиғат.
– Иоу, сен мені қайда әкеле жатырсың?
Шошып кеттім. Жүрегім бір түрлі лобылғандай.
– Сені алып қашып барам, – деді күліп.
Әсем табиғат көз жауыңды алып барады бір жағынан. Біресе жыным келді.
– Тоқташы!
– Не боп қалды?
– Тоқта дедім саған, – деп есікті ашпақ болдым тартқылып.
– Сюрприз.
– Мұндай сюрпризіңе рақмет!
– Қорықпа жаным, сен қорқатындай ештеңе болмайды!
– Рас па, уәде деші?, – дауысымнан діріл байқалды.
– Уәде! Жігітше!
Біразға дейін үн-түнсіз отырдық томсырайып. Сәл жүрген соң өзен жағасына келіп тоқтадық.
– Міне, саған сюрприз!
– Кәні?
– Мына әлемнің барша сұлулығы, мың сан гүлі, бәрі-бәрі саған, жаным!
Еріксіз күліп жібердім.
Өзен жағасына шатыр тіктік. Ол мылтығымен бірдеңе атпақшы болып тоғайға кіріп еді, бірақ онысынан түк шықпады. Есесіне қаладан алып шыққан тамақ көп-тұғын.
Мен негізі суға жүзе алмайтынмын, ол сонда да қоймай өзенге лақтырып жіберді. Сосын су шашысып ойнадық. Күні бойы шомылып, қыздырынып әбден рақаттандық. Мен судан шыққанда жұқа киімдерім денеме жабысып қалғанда ол маған ұрлана көз тастайтынын байқадым. Кейде оны өзім де әдейі еліктіре түсетін тәріздімін...
Кеш түспей қайталық деп жатқанда жаңбыр құйып кетті. Жол тайғақ жаңбыр басылсын дедік те машинада музыка тыңдап біраз отырдық. Енді жүрелік десек машина от алмайды, әр қарады бері қарады түк шықпады.
Телефон өшіп қалған. Енді не істеміз, су киімдерімізді ауыстырып, далаға от жағып отырдық. Ол сосын машинадан гитарасын алып шықты. Илья Жақановтың лирикалық әндерін бастады сиқырлы әуенмен. Буын-буыным босап, сезімге мас қалпы оған құлай түскенім есімде...
...Дала түгел қараңғыланып, түн түнерді.
***
Иен түз қаладан едәуір алыс маң. Айдың аппақ сәулесі тұнжыр үйектегі екеуміздің жанарымызға шағылыса төгілгендей.
– Жаным, көкке жиі шығып тұрайықшы, – дедім.
– ...Маған бір қызық ой келді, – деді ол сөзді басқаға бұрып.
– Қандай?
– Аспан деген алып айна емес пе екен осы?, – деді түнгі аспанға қарап.
– Мүмкін солай шығар.
– Мына жыбырлаған жұлдыздар – әне жер бетінде де толып жатыр. Әр адам өзінше бір жұлдыз. Ол жарық па, өшкін бе, білмеймін. Мысалы анау тұрған қос жұлдыз – екеуміз, – деп ол менің көзімнен сүйді.
– Екеуміз ғана десең келісем.
Ол менің көңілімді аулап, өзіне қарай қысып қояды.
– Мына ай, батып бара жатқан ай ма?, – дедім бұлттардан, биік теректердің ар жағынан зымырап бара жатқан айдың өшкін сұлбасына қарап.
– Иә бұл айды ескінің айы дейді. Ай да адам секілді, сахинадай болып туады да толады. Әбден толып жетілгенде айдың ортасы болады, қайта ай кетіле берді де өшеді.
– Неге осы айдың бетінде дақ бар?
– Келесі айдаң да бетінде осы дақ болады. Мәселе айдың бетіндегі дағы емес, сол айдағы маусымның қолайлығында.
– Осы ай қалай болды сеніңше?
Ол күрсініп:
– Ауарайы тым көңілсіз болды, меніңше. Міне, жаз ортасынан асты, жаңбыр сирек жауды. Өмірімізде де көп сәтсіздіктер болды. Сосын ғой көкке шығып демалғым келгені.
– Онда мына ай тезірек батып, жаңа ай тусыншы. Бәрін жаңадан бастайықшы, жаным, – дедім оған құныса түсіп.
Ол мені сүйіп, аймалағысы келді... Мен қысылыңқырап:
– Болмайды жаным.
– Неге?
– Өзің айттың ғой «аспан деген айна» деп. Екеумізді күллі дүние көріп отыр. Ұят емес пе?!
– Пай-пай, жүр онда шатырға барайық.
Екеуіз шатырға еніп кеттік...
Шатыр ішінде оның дүк-дүк соғып алып ұшқан жүрек үлпілін, ыстық демін алғаш сезіндім. Сезіндім де...
Біз бір шатырда от құшағымыз айқасып жатсақ та ештеңе бүлдірген жоқ едік, ол уәдесін бұзғысы келсе де мен оған жол бермедім.
Әйткенмен мызғымастай боп көрінген сол берік тігіс те сетінеді...
Бәрі вальстен басталды. Ол композитор Бекен Жамақаевтың ешкімге ұқсамайтын қиылы тағдырын; оның 60-70-жылдары ғашықтарды әлдилеп тербеткен атақты махаббат вальстері жайлы бір ғажап сырлы әңгіме шертіп отырған. Менің ішімде композитордың тағыдырына деген аяшты сезім жанымды мұңға орағанымен, бойымда бір түсініксіз ыстық ілеп ара-гідік шарпып алатындай. Ол менің көңілімді көтергісі келді ме бірден күлдіргі бір нәрселерді бастап кетті. Бөлме іші күңгірт. Ортаға балауыз шам жағып қойдық. Екеуміз үстелдің екі жағында. Әзірге арамызды дәнекерлейтін ештеңе жоқ-тын. Кенет ол менен вальс билейікші деп телефонынан баяу кілкіген вальс деуге келмейтін бір ән қойды. Бөлме ішінде музыка ырғағымен ып-ыстық өрт құшақта бірер минуттай тұрдық... Бойдағы қозданып келе жатқан шоққа жел тигендей... Дір етіп тоқ жүргендей... Шымыр-шымыр... Терезеден төгілген айдың көгілжім сүт сәулесі бұрыштағы төсекке құйылып, ю-қиюы жанды арбап, тәнді бауырып өзінің бозғыл бояуына сіңіріп, жұтып бара жатқан...
Біз бұдан кейін EstetikSpo қонақ үйінде жиі болатын едік. Алғашқы кездерде емен-жарқын әңгімелер айтылатын-ды. Бұл кезде bluseге қызығып жүрдік, әсіресе, B.B.Kingті сүйіп тыңдайтын едік. Кейін оның бәрі қалды. Тіптен, кейде қонақ үйдің ақысын өзім төлеп, оны күтіп отыратын болдым. Ол қабағын түйіп келеді де сосын сәл-пәл бір нәрселер айтқан сыңай танытады. «Жұмысын» тындырған соң әр түрлі сылтаулармен кетіп қалатын. Қонақ үйде жападан-жалғыз қалып жүрдім.
Ол кейін қатты өзгеріп кетті. Әлде біз өзгердік. Ол барған сайын ойына келгенін істегісі келетінді шығарды... Себебін сұрасам, жұмысы ауыр боп жүр екен, шаршап жүрмін дейді.
Оның үйленген отбасылы екенін білген соң, мұның бәрі өтірік екенін түсіндім. Бірақ ол кезде тым кеш еді...
***
– Жағдай осылай болды. Ұмытылмас сәттер. Офис менеджері боласың, жұмысқа алам, журналист-блогер боласың деген. Ол кезде бір телеарнада редактор болып істейтін-ді. Ақымақпын. Есіме алғым келмейді. Ойлауға да...
– И-и, қыз сорлының күні сол ғой, – деді жұбатып. – Өкінгеннен не өнеді, болды енді жылай берме.
– Сол кеште өмірім күл-талқан болды. Нәуетек пәк қалпымнан айырылдым... Басында бір-екі неткеннен ештеңе болма қоймас деп ойладым. Және ол қалайда алдағы жазда үйленеміз деп уәде берді. Кейін ішім білініп, біртүрлі бола бастағанда дүние өзгеріп сала берді, – деп болмашы томпайған ішімді сыйпағаным есімде. – Содан жатақханадан шықтым.
Көзімнің жасын сүртіп, еңсемді тіктеп отырдым. Шолпан тәте қараторы өңіме, бетімдегі болмашы шұңқырға, сосын бар мүшемді барлай қарап отырғанын сездім.
– Енді, міне, көріп отырсыз, «бір қыз керек» депсіз, жарнама арқылы таптым сізді.
– Ал, енді не істемек ойың бар, – деді ішіме қарап Шолпан тәте.
– Ары ойланып, бері ойланып... – дедім күрсініп, – Не де болса босансам деп шештім.
– Міне, мұның дұрыс енді. Абыройыңнан айырылып бір... Екі күнәһар болғаныңша, осының оңды. Тесік моншақ жерде қалмас деген. Болмаса өзім-ақ асырап алармын, – деп жылы шырай танытты. Менде жылы сөзге қуанып қалдым.
– Е-е, сіңілім, өзің бір ашық-жарқын қарағым екенсің. Осы ашық-шашық мінезіңді пайдаланып кеткен ғой, сұм еркек... – деп жұбатты тағы да. – Мені көріп отырсың, жалғызбасты жесір әйелмін. Жағдай – мынау. – Күңгірт тартқан пәтердің жағымсыздау сыз иісі, бұрыш-бұрыштарын өрмекші торындай ыс басқан, түгел ескі интерьер. – Жайма сауда сатам. Сол күнделікті күн көріс қана, – деп өз тіршілігін таныстырды.
Екі мұңлық шүйіркелесе келе бір-бірімізге тез үйренісіп, апалы-сіңілідей болып кеттік.
– Ал, қыз, мен кеттім, үй өзіңдікі, еш қысылма, бірдеңе керек болса қабарлас. Жақсылап жайғасып ал, – деп тәте базарға кетті.
Заттарымды жайғастырып болып, терезеден кешкі қаланы тамашаладым. Жақын кварталдан жарқылдап, бытырлап салют атылып жатты.
***
Үш-төрт айдан кейін бір күні, Шолпан тәте базарға кеткен болатын. Пәтерде жалғыз қалғам. Түні бойы тісім қақсап, ұйқы көрмей шықтым. Тіс бір жағынан, іш бір жағынан тәнімді ауыртса, мың батпан ойлар жанымды жегідей жеп әбден азаптап, мүжіп жіберген-ді.
– Тісім қақсап, жанымды шығарып барады, – дедім таңертеңгісін. Шолпан тәте:
– Үйбай, кыз-ау толғағың кеп тұрмаса неғылсын?
– Жоға, тәте, тіс пен толғақтың қатысы қанша?!
– Кейбір әйелдердің тісі қақсайды деп естуші едім, бір таныс акушер бар еді, телефон соғайыншы, – деп еді, өзім өтірік күлімсіреп:
– Жо-жоқ, керек емес, тәте. Жай ғана ойылған тісім ғой, – деп тайқып түстім.
Ал сосын қайта-қайта дәретханаға бара берем. Есім шығып отырып-тұрып, әрі-бері жүрдім ба-ау. Тәтеге телефон соқсам ба деп бір ойладым, оған да көңілім соқпады. ...Сосын іштей есептеп едім, толғағым келетін уақыт емес секілді. Бес ай... алты ай... жеті ай... Жай ғана запор боп жүрсем керек деп ойладым. Дәрігерлер де «әлі емес» деген болатын.
Тағы ішім бұрады да, дәретханаға кіріп кеттім.
Есімді бір жиғанда бір-ақ көрдім: өнебойым сауыс-сауыс тер. Қабырғаға сүйеніп, тәлтіректеп тұруға тырмыстым. Унитаздың жанында қып-қызыл болған шақалақты көріп, тұра бере жүрегім тас төбеме шығып, құлап түстім. Сақылдаған тістеріммен, дірілдеген қоларым өзіме бағынбайды.
Ес-ақылым шығып, құлағым шыңылдап не істеп, не қойып жүргенімді өзім де білмеймін. Денемнің қиналғанын да сезбей қалдым. Жылайын десем көзімде жас жоқ.
Сосын әрең-пәрең жылжып, қып-қызыл ала шақалақты көрдім. Осы сәт есіме бейкүнә нәрестенің бұлай тууына себепші оқиғаны, – ессіз кештер есіме түсті...
Нәрестені ұстап көруге кәдімгі жеркенгендей болдым. Әрі-бері түртіп байқап едім, жансыз тәрізденді. «Мүмкін өлі туған шығар...» деп бір ойладым. Себебі шақалақ еш қимылдаған жоқ. Мен талып құлап жатқанда қимылдап жыламаса, ес жиғалы қол басындай неме қыбыр еткен жоқ-тұғын. Әлде мен ес-түссіз жатқанда шаранасына тұншығып қалды ма, беймәлім. Тіптен нәрестенің кіндігін қалай қиғаным есімде жоқ.
Жүрегім аттай тулап, ішім алай-түлей боп біраз жаттым. Сосын өз өзімді бекемдеп, соңғы күш-қуатымды бойыма жинадым. Сүлдерімді сүйрете жүріп, дәретхана ішін аздап ретке келтірдім. Содан әлгі бейкүнә нәрсені пакетке салып... Салған кезде талықсып кеттім.
Таңертеңнен күн еңкейгенге дейін болары болып бітті. Аздап әл жинап алдым. Бұрын-соңды көрмеген азап, төтен оқиға бәрі қосылып, өзім қатты соққы алыппын. Іште аздаған түсініксіз сезім пайда болды. Алайда, «нәресте өлі туды ма, әлде өлгенін қаладым ба? Болмашы қыбырламағанын сылтау ғып одан әрі тұншықтырдам ба?» деген ой мазалай берді...
Сосын шағын сырғымалы жолчемоданымды және пакетті алып лифтімен төмен түстім. Ауладағы қоқыс жәшігіне пакетті тастадым...
Такси де аулада күтіп тұр екен, отырдым да кеттім. Такси қозғала бере, тағы да жақын маңнан тарсылдып салют атқылып жатты...
Бақытбек Қадыр