Жадыра Байбұланова. «Жүрдек поезд. Қайтып келем асыға»
Жүрдек поезд. Қайтып келем асыға,
Сағынышым… Ол да қайтты бірге еріп.
Жолсерік боп жайғасыпты қасыма,
Мұң келіп.
Үміт. Күдік. Жетім қыздай жетекте,
Неткен ауыр, неткен ұзақ түн еді!
Сенімен бір күтіп тұр-ау бекетте
Жүрегім!
Мені үнемі суық қарсы алатын,
Қарағанды салқын шығар бүгін де.
Қырсыққанда тоқтап қалды сағатым,
Мұның не?
Тағдыр мені таң қалдырып,
тағы алдай,
Бір құшақ гүл сыйлар қазір, әлде мұң…
Сезімімнің сенер тұсын таба алмай,
Әуремін.
Арманыма жетем енді сәл жүрсем…
Көңілімнің күркірейді аспаны.
Мен түсетін бекет. Күтіп алдың сен
...Басқаны.