Есенгелді Сүйінов. «Сен қымбатсың алтыннан»

Oinet.kz 23-09-2018 1089

Қандай ғажап, қандай әйбат дидарың,

Тілім жетпей, жыр жазғанда қиналдым.

Талдырмашсың, сенің құлын денеңді,

Қызғанамын, бөтен жанға қимадым.

Түнде отырып өлең жазып, жинадым,

Барым осы баға жетпес, сыйладым.

Күнім де сен, Айым да сен жап-жарық,

Сенем саған, сөздеріңе иландым.

Тағат таппай соңыңнан мен жүгірдім,

Басымды идім, тіземменен бүгілдім.

Сөзсіз саған жан-тәніммен беріліп,

Ханшайымым, тек өзіңе жүгіндім.

Нұр жүзіңе көз саламын құмартып,

Қарамашы жанарыңа мұң артып.

Иығыма қолыңды сап, сүйенші,

Кешір мені кетсем егер тым артық.

Мұңаймашы, қайғың жанға батады,

Ет жүрегім күйіп-жанып жатады.

Түн артынан күн келеді күлімдеп,

Күтші жаным, арайлы таң атады.

Барасың ғой сапарларға аттанып,

Жүрші аяулым, ұзақ жолда сақтанып.

Аман болшы, сен керексің жаныма,

Айтам әсем есіміңді мақтанып.

Ақылыңа мінезің сай жарқын жан,

Айнымашы дәл осындай қалпыңнан.

Кездестірген тәңіріме ризамын,

Сүйем мәңгі, сен қымбатсың алтыннан!

Есенгелді Сүйінов. «Тәп-тәтті үнің тербейді»
Нұх пайғамбардың кемесіндегі мысық, тышқан және доңыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу