Мұқағали Мақатаев. «Шаршадым білем»

Oinet.kz 29-08-2019 1656

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

Шаршадым білем,

Жантая кеткім келеді.

Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!

Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,

Аузымнан түссе адыра қала береді.

Өлеңі құрсын,

Таппадым одан ұятты,

Жазбай-ақ қойдым,

Жазғаным енді ұят-ты.

Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,

Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.

Өткізіп жылдар,

Өткізіп айлар,

Бекер күн,

Болғансып ақын,

Мұрнымды несін көтердім?!

Өлмей-ақ жүр ғой,

Өлең жазбаған адамдар,

Өлеңсіз мен де,

Өмірді бірдеңе етермін.

Жанды да жансыз,

Көрінген заттан сыр бағып,

Өлетін болдым,

Өзімнен-өзім ұрланып.

Шаршадым білем,

Жатпасам енді болмас-ты.

Жұрт кетіп жатқан

Қара теңізге бір барып...

Мұқағали Мақатаев. «Большевиктер»
Мұқағали Мақатаев. «Кейіме, інім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу