Мұқағали Мақатаев. «Айтатын саған сырым бұл»
Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлыңғыр.
Әлсіреп, дымым құрып жүр.
Адасып менен кеткен бе?
Айналайын құлын-жыр.
Айтатын саған сырым бұл,
Бастаудың мұздай суымен
Мерт бола кетсем жуындыр.
Өртенген жанды суындыр.
Ерте келіп,ерте өліп,
Шарамды таусып,төңкеріп,
Кетем бе деп қорқамын,
Өз отыма өртеніп.
Бұлақтың мұздай суымен
Жуындыр мені, жуындыр.
Қауышып жаным жырыммен,
Алайын сосын тыным бір...