Сатираның саңлағы, қаламгерліктің оғланы
«Қазақ сатирасының қабырғасын қатайтып, өзімше соқпақ салу – арманым» дейді Оңтүстік өлкесінің Сабырбегі. Сабырбек Олжабайы. Журналист, сатирик, жазушы. Сабырбектің шығармаларынан есебін тауып өмір сүру, қазақи тіршілік, ауылдың аңғал, кеңпейіл, көңілі таза адамдарын көргендей боласың.
Бұл кейде ауыл адамдарының қазақи психологиясын шығармаларында мөлдірете көрсететін Бейімбет Майлин әңгімелерін еске түсіреді. Сабырбек Олжабайдың сатиралық әңгімелері аңғал, табиғаты алдауға емес, алдануға бейім ауыл адамдарына деген сағынышыңды да оятып жібереді. Сондай-ақ, адам болмысындағы жағдайға қарай құбылуларын, жағымсыз міндерін сатираның садақ жебесіне іліп, өткір түйрейді.Сол арқылы өзіңді тануға шақырады. М.Бахтин: «Күлкі формасы арқылы байсалды түрде айтуға болмайтын көп нәрсенің кілті табылмақ» деп жазады.Олай болса, Сабырбектің сюжеті қысқа дүниелері осы талаптан табылатындығымен ерекшеленеді.
Журналистиканың қым-қуыт тіршілігімен жүру бір басқа да оған қоса әдеби дүниелер жазу бір бөлек.Табыс дегеніміз түптеп келгенде үлгеру.Бәріне үлгеру қиынның қиыны. Ал Сабырбек ағамыздың еңбекқорлығына,табандылығына, жазудан жалықпайтынына өзіміз де таң қаламыз. Ең бастысы ол нені жазу керектігін біледі,өз обьектісін жазбай таниды.Оның әңгімелері кәдімгі былайғы жұрт байқай бермейтін өмір.Кейіпкерлерінің іс-әрекеті де ұлттық тұрмыстың белгілерімен үндесіп жатады.Әдебиеттің жауынгер жанры сатираға батыл барып жүрген қаламгерлер көп те емес.Сабырбек Олжабай сол әлемге өзіндік бояуымен, салмақпен кірді.
Әдебиетті сүйетін оқырмандар үшін сатира саласының саңлағы, журналистиканың жорғасы, қаламгерліктің оғланы Сабырбек Олжабайдың бірқатар туындыларын жариялаймыз.
САУ БОЛЫҢЫЗ!
(әңгіме)
Аядай ғана аялдамада аласа бойлы аппақ қызды күн сайын дерлік көреді. Қыздың студент екені анық. Бір сөмке кітап-дәптерін қолтықтай шығады. Автобус кешіксе кітаптарының бірін парақтап, сабағын пысықтайды. Неге екені белгісіз, секпілді қыз өзге жолаушылардан жырақтау тұрады. Жолаушылар көлігі тоқтағанда көпшілікке жақындайды. Содан бірінің үстіне бірі мінгескен жолаушылар арасына сіңіп кете барады. Ол қызды іштей аяйды. Міне, ол автобус аялдамасына тағы да келді. Әдеттегідей секпілді қыздың оңаша түрғанын көрді. Кенет Сағымбек түшкіріп қалған. Бойжеткен қарап тұрған кітабынан басын әнтек көтеріп: -- Сау болыңыз! — деді ұяң ғана. Сағымбек сасып қалды. -- Рахмет! —деді сосын өзінің ыңғайсыз күйде екенін сездіргісі келмегендей. Сол күннен бастап бейтаныс бойжеткен мұнымен ерекше ықыласпен сәлемдесетін болған. Ағасының саулығын тілеп жүретін қарындастың бірінші курс студенті екенін, осы шағынауданда нағашысының үйінде тұрып жатқанын аз-кем тілдескен соң біліп алған. Аз ғана мағлұматтасу екеуінің бір-біріне үйренісіп кетуіне дәнекер болар деп кім ойлаған. Өзіне тиесілі аялдамадан түсіп қалғанша бойжеткен сабағының өте қиын екенін, оқып жатқан мамандықты өз еркімен таңдамағанын, бітірген соң қайда қызметке тұрарын да болжай алмайтынын айтып үлгерді. Кейде басқа да тақырыптар бойынша әңгіме-дүкен өрбиді. Мұндайда қаршадай қыздың бойынан қазіргі жастардың бойынан ұшыраса бермейтін ізденгіштік, білмекке деген құштарлық тапқандай болады. «Бәлесін-ай өзінің» деп тамсанады. Әңгімелесе отырып (күн сайын бірге отыру бұйыра бермейтін бақыт, түрегеліп тұрып деп санаңыз) межелі жерге келгенін аңғармай да қалады. Автобустан әуелі бойжеткен түседі. Содан соң бұл төрт аялдама бойы бойжеткеннің бүгінгі жастар жөніндегі, өркениет деген өлшемнің мына қым-қуыт, аласапыран заманда арам қатқан өгіздей өмірем қапқаны турасындағы тәмсілдерін тамсана қайталаумен болады. Талшыбықтай бұралған көкөрім бойжеткен жаьандану деген жалмауызға жаны қас. Батыстық бейбастыққа барынша елтіген жастар ұлттық құндылықтардан жұрдай деп өкінеді уыз қыз. «Қоғам қатігезденіп барады. Бұдан құтқаратын бірден-бір жол имандылыққа ұю» деді бойжеткен тағы бірде. Студент Шыңғыс Айтматовтың «Кассандра таңбасын» оқыған болып шықты. «Бұдан былай адамдар атасының белінде, анасының жатырында жатып-ақ өмірге келу-келмеуді өздері шешеді екен» деген ой қоғамның қатігездігінен туындаған. Қатыгез қоғамда адал өмір сүруге бола ма?» дегенде мұның көзі шарасынан шыққан. Міне, осындай пікірталас оларды жақындастыра түсті. Әне студент те көрінді. Мұны көріп әдемі жымиып келеді. Қасына келді. Ағасын көргендей арсалаңдап, оған бетін тосты. Жігіт ағасы қыздың уыз дәмді бетінен ептеп қана өпкен. Мұндай тұла бойды мас қылатын хош иісті ол талайдан бері сезбеген-ді, өн бойы дір етті. -- Саламатсыз ба, аға? — Саламатпыз! Сабағың қалай? -- Жаман емес. Бүгін студент жастар арасында тәрбиеге байланысты жиналыс бар. Соған қатысамын. -- Сөйлемексің ғой. — Әрине. -- Не демексің сонда? -- Құрбыларымның қымсынудан қалып бара жатқанын айтамын. — Сосын? -- Темекі шегетінін, оның денсаулыққа зиянын айтпақпын. Кейін ана болғанда бала денсаулығына едәуір қауіп тудыратынын оқығаным бар. Бұлар жөнінде де тоқталып өтпей болмас. -- Жарадың қарындасым. -- Ал, сіз ше? -- Күнделікті тіршілік қой. -- Сол бір өгізаяңмен жорта бермекпісіз. -- Енді не істеуім керек? -- Сілкінбейсіз бе? -- Біз сілкініп болғанбыз. -- Кеш туылып, ерте қартайғанбыз десеңізші. -- Ерте қартайғаны несі? Әлі де тың сияқтымын. -- Ендеше, неге айналаңыздағы құбылыстарды сезбейсіз. Сағымбек дағдарды. Мұндайда не айтуға болады? Бойжеткен нені меңзеп тұр? Айтпағы, көкейіндегі не? Абырой болғанда Сағымбек абдырап тұрғанда автобус келіп қалды. Салонға екеуі бірге мінді. Бойжеткен мұны қолтықтап алыпты. Автобус қозғалғанда иығына басын сүйеп тұрды. Сағымбек жайлап қана қыздың шашынан иіскеді. Автобустан түсерде қыз мұның қолынан жайлап қана қысып қойды. «Қоштасқаны ғой» деп ойлады жігіт. Сәлден соң ол аялдамада қолын бұлғап тұрған танысын көрді. Қимай тұрған сияқты. Самал жел шаштарын жұлқи тартып ойнайды. Бетіне түсіп кеткен шаштарына да қарамастан бойжеткен терезеден мұны іздейтіндей. Ақтоты бірде оны жұмысына өзі іздеп келді. Сағымбек үстелін жинастырып, енді үйіне қайтқалы отыр еді. -- Ақтоты, қайдан жүрсің? -- Бүгін сабақтан кеш шықтық. Сізді іздеп келдім. «Уақыт тапсаң жұмысыма соғып кет» деп қызметіңіздің мекен-жайын берген едіңіз ғой. Міне, сәті түсті. -- Іздеп келгенше рахмет! Жұмыс бітті. Енді қайда барамыз? -- Ер-азамат емессіз бе? Қайда баратынымызды өзіңіз шешпейсіз бе? -- Онда орталық саябаққа баралық. Бәлкім кинотеатрға кірерміз. Жақсы фильм жүріп жатқан болуы керек. -- Аға, кино деген үйде де бар емес пе? -- Ендеше, кафенің біріне барып дәм ішелік. -- Бұл ұсынысыңызға келісуге болады. Олар кафеден кешігіп шықты. Ақтоты тәтті тағамдарға жиі-жиі тапсырыс берген. Әңгімеден де тартынған жоқ. Студенттік өмір, ауылдағы ата-анасы жайлы біраз әңгіменің тиегін ағытты. Кафеден соң Сағымбек аялдамаға қарай бастаған. Кенет ол Ақтотының аялдамаға қарай жүргісі келмей тұрғанын аңғарып қалды. -- Қайтпаймыз ба? — деді ол. -- Қайда асығасыз? Әлде әдемі келіншегіңіз күтіп қалды ма? — Жо-жоқ. -- Ол екеуіміздің осылай жүргенімізді көрсе қызғанатын шығар. -- Енді ол әйелдік түйсік қой. Қай келіншекте күйеуін басқаның қасынан көрсе қуана қоймас. -- Ә, солай ма? -- Енді қалай деп едің? -- Сіз келіншегім қызғанады деп асығып тұр екенсің ғой. -- Олай емес. -- Ендеше неге асығасыз? -- Қайту керек шығар деп. -- Оны сағынған боларсыз? -- Кімді? -- Кімді болсын, келіншегіңізді де. -- Қызық екен, оны күнде көріп жүрмін ғой. Неге сағына қалыппын. -- Үйіңізге асыққаныңызға қарап айтамыз да. Сағымбек Ақтотыға қарап еді, ол балаша бұртиып тұр екен. Жігіттің күлкісі келді. Бірақ күлсе Ақтотыны ренжітіп алатынын түсінді. -- Ал, асықпадым, енді қайда барамыз? Ақтотының жанары жарқ ете қалды. -- Бассейнге барсақ қайтеді? Менің кешкі суға түскім келеді. -- Ал, не тұрыс бар? Кеттік «Дельфинге». Олар такси ұстап, «Дельфин» су бассейніне келді. Жұмыстан шыққан адамдардың көпшілігі осында сияқты. Әрине, машинасы барлар қала сыртына, өзен бойларына, тау қойнауына кеткен. Ақтоты қанша дегенмен дария бойының қызы емес пе суда жақсы жүзеді екен. Ұзағырақ жүзіп барып Сағымбекке қол бұлғайды. «Кел» деп шақырады. Жігіт жүзіп жарытпайтын. Оның үстіне таныстар кездесіп қала ма деп сақтанып та отыр. «Мына қыз қарындасың ба?» деп әдейілеп сұрайтындар табылмайды дейсіз бе? Қаншама сөздерге тиек етерін кім білсін. Сондықтан судан қорыққан болып жағада салқын сусын ішіп отырды. —Неге шомылмадыңыз? Мен түнде суға түскенді өте ұнатамын, -- деді қасына келген қыз. -- Суықтап қалғанмын ба, белім шаншып ауырып жүр, -- дей салды Сағымбек. -- Жазды күні де адам суықтап қала ма екен? — деп Ақтоты сыңғырлай күлді. Сағымбек қызды түнгі он екілерде үйіне таксимен жеткізіп салды. Арада екі күн өткенде Ақтоты оған телефон соқты. -- Аға, мені іздемейсіз ғой тіпті. Ал менің сізді көргім келеді. -- Онда жұмысқа кел. Түскі тамақты бірге ішейік. -- Қазір жетемін, аға! Ешқайда кетіп қалмаңыз. -- Қайда кетуші едім, сен келемін деп жатқанда. Тезірек жет. -- Мақұл, аға! Түскі тамақта олар оңашалау жерге барып отырды. Әлден соң Ақтоты: -- Неге хабарласпадыңыз? — деп сұрады. -- Сен сабақтасың ғой. Жазғы емтихандарың да басталды. Алаңдамасын дедім. -- Ал мен алаңдадым. - Неге? -- Сізді не істеп жатыр деп. Қайда жүр деп. -- Не істеуші едім. Күнделікті жұмыстамын ғой. -- Жұмысым қауырт, уақыт тығыз деп маған телефон шалмадыңыз. -- Шалғанмын. Телефоның сөндірулі екен. -- Өтірік айтасыз. Мен сізді телефон соғып қала ма деп соткамды үнемі өшірмей жүремін. Тіпті түнде де. -- Айналайын Ақтоты! Енді мен саған түн ішінде телефон соға алмаймын ғой. -- Иә, күндіз де соқпайсыз. Түнде іздеуші ме едіңіз. Қасыңызда адал жарыңыз жатқанда. -- Мұның рас енді. Ақтоты тамағына тас тығылғандай тым-тырыс қалды. Байқап қараса екі көзі мөлтілдеп жылағалы тұр. «Қызық қыз. Неге мені қаужай береді? Одан да өзі құралыптас бір жігітпен неге достаспайды?» деп ойлады Сағымбек. Әйткенмен өз ойынан өзі шошып кетті. Сонда Ақтоты қандай жігітпен достаспақ? Аз ғана уақыт болса да үйренісіп қалған қарындасын ол біреуге қалай қияды? Жігіттің жүрегі атқақтады. Онысын сездірмеуге тырысты. Сосын қыздың иығына жай ғана қолын артты. Осыны күткендей Ақтоты оның бауырына тығылды. Кездесу жиілей түсті. Уақыт өз дегенін істеп Ақтоты барлық емтихандарын тапсырып бітіп, ауылына кетті. Сол күні де олар саябақта ұзақ серуендеді. Ертесіне Сағымбек қызды автовокзалға апарып шығарып салды. Қоштасарда Ақтоты мойнына асылып, бетінен өпті. -- Хош! Әке-шешеңе сәлем айт! -- Жақсы, аға! Маған телефон соғуды ұмытпаңыз. -- Әке-шешеңді көрген соң мені ұмытарсың -- Жоқ, сізді ұмыту мүмкін бе? Сағынармын. — Күзде оқуға келесің ғой... -- Оған дейін талай уақыт бар ғой... Осы кезде автобус жүргізушісі уақыттың болғанын хабарлап, жолаушыларды асықтырған. Ақтоты алақанын ала алмай ұзағырақ бөгелді. Сосын ағасын тағы бір рет бетінен сүйіп, автобусқа қарай беттеді. ... Тамыз айының алғашқы аптасы еді. Сағымбек жұмысында әлдебір қағазға шұқшия қарап отырған. Бірінші қабаттағы кезекші бөлімнен қоңырау соғылды. -- Сағымбек Сейфуллаұлы! Сізге бір қыз келіп тұр. Жіберейін бе? Қарындасымын дейді. -- Жіберіңіз. Бұл кім екен? деп ойлап үлгергенше болған жоқ, есік қағылды. -- Кіре бер. Сағымбек Ақтотыны көргенде сасқалақтап қалды. -- Ақтоты! Жаным-ау, бұл сенбісің? Қайдан жүрсің? Сабағыңа қыркүйекте келмек едің ғой, неге ертелеттің? -- Бекер ерте келдім бе? Сағынбадыңыз ба? —деп Ақтоты мойнына асылды. -- Иә, қайдан жүрсің? — Киім аламын деп әдейі сұранып келдім. Сізді сағындым, аға! -- Сағынғаның жақсы. Бірақ оқуға дейін әлі ерте емес пе? -- Ертесі ерте ғой, Сізді көрдім. Амандығыңызды білдім. Енді ауылға қайтамын. Ал сіз мені сағынбадыңыз ба? Сағынбек "сағынбадым" деп айта алмады. — Неге сағынбасқа. Сағындым, --деді үзіп-жұлқып. Ол Ақтотының жүзінен қуаныш нұрын көрді. Бойжеткен көзімен жігітті аймалап отыр еді. "Неге маған соншалықты ықыласы түсті. Әлде маған ұқсаған бар ағасы болған соң шығар" деген ой санасында жүгіріп өтті. Керек киімдерін алмай жатып Сағымбекке келген. Екеулеп базар аралады, кафеден тамақ ішті. Ақтоты қашан қыркүйек айы келеді деп тосып жүргенін қайталаумен болды. Бәлкім күн көзінде көп жүргендіктен бе, Ақтотының аппақ жүзі аздап күреңітіп. Көздерінде терең сыр тығулы жатқандай. Осы каникулда бәлкім ол біреумен танысқан шығар. Бірақ бұлай ойлауға негіз жоқ. Ол өзінің сағынғандықтан келгенін айтып отыр ғой. Ендеше жанардағы жасырулы мұңның құпиясы шешілер ме? Қыз соңғы автобусқа ілікті. Қыркүйек те келді. Қоңыр күзде жылы жаққа асыққан жыл құстарындай қалаға студент жастар жан-жақтан жамырап жинала бастады. Қаңырап қалған білім ордалары базарлы шағына қайта оралды. Ақтоты тамылжыған тамыздың соңғы күндерінің бірінде-ақ келіп қалған. Беймаза бойжеткен сол күні-ақ Сағымбекке қоңырау шалды. -- Аға, мен келіп қалдым! Бойжеткеннің сыңғырлап шыққан үні жігіт бойына шуақ шашып жібергендей еді. -- Ақтоты! Келуіңмен! Биыл енді екінші курс қой. Қаланы, оқуды, курстастарыңды сағынған шығарсың? Қайда орналастың? -- Сізді де сағындым. Сол баяғы нағашымның үйіне түстім. Мамам қыздармен бірге тұруға рұқсат бермейді. Не істейміз енді? Тағы бір жыл шыдауға тура келеді. Аға, мен сізге бара жатырмын. Сағымбек бойжеткенге "келме" дей алмады. Орталық саябақ. Қыркүйек айы болса да бау іші әлі көкпеңбек. Күн жазғы күнгідей жылы да шуақты. Саябақ іші студенттердің сыңғырлаған күлкісіне толыпты. Қол ұстасып, қолтықтасып бара жатқан жастар жүдә көп. Төңірек тұнып тұрған сұлулық. Сағынбек осы бір сұлулықтан, өн бойына жылы ағыс сыйлаған әдемі жерден, бір кездері өзі де сүйгенімен талай сырласып отырған саябақтағы күндердің тәтті елестерінен, студент шағына деген сағыныш сезімінен ажырағысы келмеді. -- Тым тұйықталып алдыңыз ғой, аға! Әлде біреулерден жасырынып келесіз бе? —деген бойжеткен сөзінен бойын тез жиып алды. -- А-а, не дейсің Ақтоты? -- Қандай қиялға шомып кеттіңіз деймін. -- Бір кездері біз де сендердей жас болып едік... -- Ғашық та болғансыз ғой. -- Бойынан сүйіспеншілік сезімі табылмаған адам хайуанмен тең. Жастық шаққа сүю де, күю де тән. Барлық адамның басынан өтетін сезімге таңқалуға болмайды. — Сонда сіз, сонда сіз ... Оны шын сүйдіңіз ғой. -- Оны деп отырғаның кім? -- Әйеліңізді айтамын да. -- Ә, жеңгеңді ме? Кезінде бізде де жүрек тебіренткен, бір сәт көрмесек сағынысатын мөлдір махаббат болған. — Енді ше, енді. Қазір ондай алаулаған сезім жоқ қой, ә. Неге екені белгісіз, бойжеткен осы сөзді сабаққа жауап беріп тұрған бірінші сынып оқушысындай асыға, тұншыға айтты. -- Албырт сезім, қызуқандылық, таусылмастай көрінетін тұнық та мөлдір махаббат әрбір жастың басынан өтеді. Қазір жеңгеңе деген баяғы алыпұшқан асау сезім басылғанмен, өзара сыйластық, отбасылық тату ғұмыр баяғыда байланған бақыт жібін үзген жоқ. Балаларымның анасы ретінде оны құрметтұтамын, сыйлаймын. Ақтоты ауызын ашып отырып қалыпты. Кенет көңілі қатты жүдеп, көкірегін әлдебір нәрсе қысқандай болды: екі кезі қанталап кеткендей, кекірегі жиі-жиі көтеріліп басылады, маңдайына мелдір тамшы қонақтағандай. -- Ақтоты, Ақтоты! Сен немене ауырып отырсың ба? -- Жо-жоқ, уайымдамаңыз. Мен тек... Қыз тобарсыған ернін қайта-қайта жалап, көздерін жерге тұқыртып ала қашты. Жігіт оның жылап отырғанын сезді. Бойжеткен тұла бойындағы арпалысқан сезімді жігіттен жасырғысы келді ме, ауызынан шыққан әр сөзінен кейін бір күрсініп қойып, не айтып, не қойғанын өзі де байыптай алмай, үсті-үстіне сөйлей берді. Сөйлеп отырып ол өзін ну орманда адасып қалғандай сезінді. Міне, осы жалғызсырағандағы тұла бойды басатын қапасты ҺӘМ қорқынышты сәтті айтып тауысуға тырысты. Кенет ол орнынан ұшып тұрды. Теңселіп тұрған бойжеткенді сырттай көргендер мас деп ойлауы әбден кәдік еді. Содан соң ол орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Екі көзін тарс жұмған күйі, еріндерін қымқыра тістеп, зілдене тіл қатты. -- Құйыңыз. - Нені? -- Рюмкеге арақ құйыңыз деймін. -- Біз араққа тапсырыс бергеніміз жоқ қой. -- Онда неге отырсыз, тапсырыс беріңіз. Сағымбек бойжеткеннің лезде өзгеріп шыға келген мінезіне айран-асыр, түк түсінсе бұйырмасын. Ол енді Ақтотыға шындап назар тіктеді. Қыздың өңі көгеріп, құп-қу болып кетіпті. Бір нәрсенің салқыны тигендей өне бойы дір-дір етеді. -- Ақтоты, түсінемісің, сен жассың. Саған арақ ішуге әлі ерте. -- Жоқ, ерте емес. Сіз сыйласаңыз у ішуге де дайынмын. Сағымбек енді шындап сасайын деді. Күтпеген "концерт" жалғасын таппай тұрғанда бұл жерден ертерек қарасын жоғалтпақ болды. Ол қыздың білегінен демеп, сыртқа беттеді. Қарсы келе жатқан таксиді тоқтатып, барар бағытын шұғыл айтып өтті. Қолтығына басын тығып егіліп келе жатқан қыз жігіттің иегіне саусағын жүгіртті. Кенет жігіттің бетін өзіне қарай тартып алып, ыстық еріндерін тоса берді. -- Аға, мен сізді сүйемін, --деді сосын үздігіп. Өткінші сезімнің шарпуында жүрмін деп ойлаған Сағымбек осылай шоқ басып алды. Енді не істеу керек? Бойжеткеннің бұла махаббатына тосыннан тойтарыс беріп жүрегін жаралап алса қайтеді? Ол қыздан қанша жас үлкен. Балалы-шағалы дегендей. Сонда көзсіз көбелектей айналасында ұшып жүрген Ақтотының махаббаты қай махаббат? "Албырт кезеңде бойжеткен бойында осындай бір көзсіз махаббат болады" дегенді Сағымбек әлдеқайдан оқығаны бар. Ақтотының да бойынан осы сезім өтіп жатқаны сөзсіз. Енді оны лаулатып алмай орайын келтіріп сөндірмесе, бой бермес асау толқынның астында қызды тұншықтырып алуы да мүмкін. Сырттай салмақты көрінетін Сағымбектің сасқан жері осы еді. Арада екі күн өткенде Ақтоты үйіне телефон соқты. Сағымбек газет оқып жатқан. Телефон тұтқасын келіншегі көтерген-ді. -- Сені бір қыз сұрап тұр. Сағымбек өзін салқын ұстауға тырысты. -- Жұмыстағылардың бірі болар. Ол Ақтотының дауысын бірден таныды. -- Жаңағы келіншегіңіз бе? — деп сұрады қыз амандық-саулықсыз. — Иә. — Дауысы жабайы мысықтыкіндей тым ызалы екен. Мен оны жек көремін. -- Не үшін? -- Сол. Жек көремін. -- Мейлі-ақ дейін. Не айтасың? — Ертең сабақтан соң жұмысыңызға барамын. Қалған әңгімені сонда жалғастырамыз. Сағынған соң қоңыраулатқаным ғой. -- Жарайды, жақсы. Ертесіне Сағымбек Ақтотының құрбысымен сөйлесіп көрмек болды. Ақтоты кейде Сәуле екеуі келіп тұрушы еді. -- Ақтоты томаға тұйық қыз. Міне, екінші курс та басталды, әлі бір жігітпен достасқан жоқ. Кейде әлдеқандай тосын мінезіне өзім де түсінбеймін, -- деді Сәуле. Сол күннен бастап Сағымбек түрлі сылтау айтып, Ақтотымен кездесуді кейінге шегеруге тырысатын болды. Тосыннан келіп қалған күннің өзінде кафеде жеңіл-желпі тамақ ішіп, қоштасуға асығатын. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде бойжеткен оған бір дәптер ұстатып кетті. Ашып қараса қыздың өзіне арнаған хаты екен. "Аға! Мендегі жан толқынысын бір түсінсе, сіз түсінеді деп ойлаушы едім. Амал қанша, алыстап барасыз. Мені жеңілтек қыз деп ойлап қалмауыңызды өтінемін. Бір көргеннен өзіңізді балауса махаббатыммен шексіз ұнаттым. Үйлі-баранды екеніңізді біле тұра. Сіздің сабырлы келбетіңіз, жүріс-тұрысыңыз, сыпайы сөздеріңіз мені еркімнен ажыратып, ақылымды айран етті. Япыр-ай, біз осы қалай ғана кездестік екен? Сізге деген өршіген махаббатыма қылаудай кір жұқтырмаппын. Өзімді де, сізді де титтей де болса алдап көрмеппін. Енді сіз "мақұл" десеңіз әлемнің қай түкпіріне болса да ойланбай тартып кетер едім ғой. Бірақ мені өткендегі қаталдығыңыз қатты ойландырды. Сосын осы хатты жазуға бекіндім. Сырымды да, шынымды да сізден неге бүгіп қалайын. Егер дүниеде, мына өмірде біреуді сүйсем, ол сізсіз... Неге екенін білмеймін, түні бойы сізді ойлап көз ілмей шығамын. Қасыңыздағы Құдай қосқан келіншегіңізден сізді қатты қызғанамын. Сосын таңның ертерек атуын тәңірден тілеп түні бойы дөңбекшимін. Біз таңертең жолығып едік қой. Күн шуағы жаңа ғана себелеп келе жатқан. Міне, сондықтан маған әрбір таң қуаныш, бақыт әкеле жатқандай сезіледі. Тентек қарындасыңыздың тегеурінді ойларына тітіркеніп қалмаңыз. Мен сізді ұмыта алмайды екенмін... Ақтоты". Қайшылыққа толы, бұралаңы мол, қалтарысы шексіз мына өмірге не айтарсыз? Сүйіп қосылған қосағы кербез күйеуінің бойынан Құдай сүйер бір қылық таба алмай, күнде тағдырына қарғыс айтудан жалықпайды. Ал, мына қаршадай қыз бұның бойынан өзі де аңғара білмеген, тап басып тани алмаған бірқатар тәуір мінез тауыпты. Қызық. Сағымбектің бойында жақсы бір қасиет бар болса, әуелі Кербезі аңғарар еді ғой. Неткен қарама-қайшылық. Аңғал да албырт бойжеткен бәлкім таң алдындағы жылт еткен соңғы жұлдыздың елесіне арбалғандай адасқақ бір бұла сезім соңында адасып жүрмесіне кім кепіл? Жігіт оны көзге түрткісіз қараңғы түнде ну орман ішінде үркек атпен келе жатқан жолаушыға теңеді. Асау алдынан ағараңдаған әлденеден шошынып жалт бұрылса сағым қуған сұлудың арманы сембей ме? Бұлдыр елес қуған бойжеткеннің одан арғы тағдыры не болмақ. Жауқазындай жайқалып өсіп келе жатқан бойжеткеннің өмірге деген өксігі басым түсіп, аяғын қия басып алса ше? Жалынды жастық шағындағыдай емес, бүгінде әр қадамына есеп жүргізетін жастағы жігіт ағасы осындай үркеккөңіл күйден арыла алмаған. Ұмытамын деген. Қайдағы? Күн өткен сайын Ақтоты қашан телефон шалар екен деп елеңдеумен болды. Бірақ бойжеткен сол бір хаттан соң қара көрсетуді қойды. Жазған хатынан қымсынды ма, әлде сабақтан қолы тимейді ме, ол жағы хабарсыз. Әлде "мен сезімімді жеткіздім, енді маған қайт дейсің?" деп назданып жатыр ма? Қарбалас жұмыс, жыланбауыр уақыт көп сезімді көлегейледі, ұмыттырды. Сағымбек те арада айлар өткенін сезбей де қалған. Бірде жұмыста отыр еді, алдындағы телефон шар етіті. Арғы жақтағы адам "сөйлессем бе, сөйлеспесем бе" дегендей тағатын тауысып барып, леп білдірді. -- Аға! Сағымбектің жүрегі оқыс бүлк етті. -- Ақтоты! Сенбісің, қалқам? Қайда жоғалып кеттің? Неге хабарласпай жүрсің? -- Сабақтан қол тимеді. Ауылға қайтып барамын. -- Жолың болсын! Әке-шешеңе сәлем айт. Айтпақшы, қашан жүрмексің? Мен шығарып салайын. -- Әуре болмай-ақ қойыңыз. - Неге? -- Жәй әшейін. Хош болыңыз. Күзде кездескенше! Сағымбек қызға тағы бірнәрселер айтпақшы "шығарып салайыншы" деп өтінбекші еді, ол тұтқаны тастай салды. "Енді мені іздемеңіз" дегендей қалта телефоны сөндірулі екен. *** Бұл өлкенің қыркүйек айының өзі көркем көктемнің көшірмесіндей. Ағаш жапырақтары жап-жасыл болып жайқалып тұр. Гүлзар бақтағы сан-алуан гүл масатыдай құлпырады. Қала іші студент-жастарға толған сайын думан да, шат-шадыман күлкі де көбейген. Бірақ осындай көңілді қалада Сағымбек өзін жалғыз қалғандай сезінді. Міне, қыркүйек айы бел ортасынан ауып барады. Алайда, Ақтоты қоңырау шалар емес. Күтумен жүргенде қыраулы қыс та түсті. Ағаш бұталарына қонақтаған қар күн сәулесімен шағылысып, алуан түрге малынып тұр. Жыл мезгілінің қайсысы да өзгеше сұлулыққа толы емес пе? Жұмыстан соң кешкі аязда аяқ астындағы қарды күрт-күрт кешіп орталық саябақтың ішімен келе жатқан Сағымбек ұлпа қарды қолдарымен көсіп алып, аспанға шашып жүрген жастарға қызыға қарайды. Сол шашылып түскен ұсақ қар ауада жамырап әдемі өрнек салады. Сағымбек бірінің үстіне бірі уыстап қар шашып шеткерек жүрген жігіт пен қызға да қызыға қарады. Ымырттағы тұнық ауада шыңылтыр аяз дауыс күшейтеді білем, қыздың сыңғыр күлкісі жаңғырып естіледі. Ерке де назды күлкі бойжеткеннің бақытты екенін айтқызбай-ақ аңғартқандай. Кейде қар үстіне ұмар-жұмар құлай кеткен екеу суықтық атаулыны сезінбейтіндей, тіпті мамық көрпе үстінде жатқандай орындарынан тұрғысы келмейді. "Шіркін жастық-ай!" деп сүйсінді жігіт ағасы. Кенет курткасына жабысқан қарды қағып тұрған қызбен жанарлары ұшырасып қалды. Ақтоты! Шыңылтыр аяз бетін сорып тастаған ба, әлде ұзақ уақыт қар үстінде алысқаннан болар екі беті алаулап тұр. Батар күннің жалынындай қып-қызыл болып кеткен жанары көз арбағандай. Бойжеткеннің тарқатылып кеткен бұрымы бетін, иықтарын түгел жауып кеткен. Жігіт мұншалықты сұлулықты көптен бері сезінбеген еді, таңсық көрініске аңырап тұрып қалды. Жігіт бөгеліп, қыз жаймен басып Сағымбектің қасына келді. Ол қыздың бойына таңдана да тамсана қарады. Баяғы секпіл бет қыз емес еді бұл. Кешкі жарқылмен шағылысқан бойжеткен жүзі соншалықты сүйкімді де көрікті еді. Бір кездегі секпілдің ізі де қалмаған. Тұнық та тұңғиық жанарлар еріксіз тұсаулап тастады. Әнтек ашылған ауызынан маржандай тістерге күннің соңғы сәулесі қонақтап қалғандай. Сұңғақ бойлы сұлудың денесі сымдай тартылып тұр. Омырауындағы дірдек қаққан қос алма еріксіз назар жықтырады, түзу де тоқ балтырлар жүрек бұлқындырып, ындыныңды құртады, ал шиедей еріндері естен тандырғандай. "Ойпырмай, аз ғана уақытта қыз дегенің осыншама өзгереді екен ғой" деп таңырқады жігіт табиғат заңдылығына бойұсынғысы келмегендей. Шындап келгенде кезінде өзі бағасын білмеген бойжеткенді жырақтау қалған жігіттен өлердей қызғанып тұр еді. Өзіне ынтық бойжеткеннің беймаза көңілін таразылай алмағанына, түсінбегені үшін бармағын аш қасқырдай аяусыз тістеледі. Бойжеткен түрі әлемтапырақтанып кеткен "ағасының" бет-жүзіне аяғандық сезіммен қарағыштай берді. -- Сәлеметсіз бе, аға! Түсіңіз бұзылып кетіпті ғой, ауырып жүрген жоқсыз ба? -- Жүрегім ауырып жүр, -- деді Сағымбек жан сезімін енді ғана сездіргісі келгендей. -- Дәрігерге қаралмайсыз ба? -- Оның емшісі өзің ғой... Бойжеткен бөгеліп қалды. Осы кезде оңашалау тұрған жігіт "Ақтоты" деп дауыстады. Қыз жалт бұрылып: -- Сау болыңыз, — деп жүгіре жөнелді. Кешкі шыңылтыр аязды күнде бойжеткеннің осы сөзі ауада қалықтап тұрып қалды... Сағымбектің жүрегі атқақтады. Қайткенде Ақтотыны тоқтатпақ, өз сезімін жеткізбек болды. Соңынан дауыстап қаншама шақырса да жігітімен қол ұстасып алған бойжеткен артына бұрылып қараған да жоқ. Өмір. Махаббат. Аяз. Бұлар соншама егіз бе еді? Кешкі сарышұнақ аяздан ба, әлде өзі түгілі өзгеден де жасыратын құпия сезімінен, жүрегін әлдидеп жүрген әдемі әсерінен қапелімде көз жазып қалғандықтан ба өн бойы тітіркеніп, денесі тоңазыпты. Ішін өртеп бара жатқан жалынды сөндірмек болып бір уыс қарды ауызына салып жіберді. Ол қасат қардың соншалықты мұздайлығын сезген де жоқ.
ЖЕЗДЕ ҚОНАҚ
(сықақ әңгіме)
Алжыған кәрі күйеудей арсалаңдап Артықбай кіріп келгенде қамыр илеп жатқан Жұпардың қолындағы оқтау белінен қамшы тиген жыландай қайқаң етіп көтеріліп барып, үстел астына сусып түсті. Онсыз да қолын білегіне дейін жалаңаштап алған Жұпар еңкейіп жерден оқтауды көтеремін дегенде аппақ саны айнадай жылтыр ыдысқа шағылысып, жарқ ете қалды. Осы бір ілкі сәтте асханада қыстық соғымның тәтті иісі танауды қытықтағаны болмаса, саунадағы сұлуды сәулелендіргендей көрініс жігіт атаулының ындынын қоздырып, құмарлық оты бас көтергендей еді.
Кетік тістері арасынан сілекейі шұбатылған Артықбай сол арсалаңдаған күйі келіп, қолы қамыр-қамыр болып тұрған Жұпардың қыпша белінен қапсыра құшақтады. Жұпар жылан көргендей жиырылып қалғанымен, әулетті қолдардың қамытынан босап шыға алмады.
— Балдызым менің, жалбызым менің! Шіркін-ай, тамағыңның тәттісі-ай деп тамсанды қыдырма қонақ.
Осы бір сәтте оның тұмсығы Жұпардың аппақ тамағына барып та қалған еді. "Тамағыңның тәттісі-ай!" деп тамсанғанда екі түрлі ой тастап кетті кәпір. Қазандағы тамақ пен балдыздың бал татыған аппақ тамағын қоса меңзеп, бір оқпен екі қоянды қатар атты пәтшағар.
Әйел махаббаты құлағында. Осы аз ғана мадақ садақтан атылғалы тұрған жебені тежеп қалды. Ұрымтал сәттің соққанын сезіп қалған Артықбай мақтау-марапаттаудың тиек-тиегін, жиек-жиегін аяусыз ақтарды. Жұпардың жайлы мінезін, қонақжайлылығын, кеңпейілділігін, ізеттілігін сары майдан қыл суырғандай сыздықтатып суыртпалағанда бір көтерілсе Арыстанды-Қарабастың желіндей апталатып дауылдататын Жұпардың өзі жым болды.
—Төрлетіңіз жезде! Мақтап жүреді екенсіз, — деп төрді оқтаумен меңзеді келіншек.
Төрде талтиып жатқан Артықбай әу деп дем шығарып, бажасының қайда жүргенінен хабар алды.
—Бажаңыз қамыр илеп болғанда келіп те қалар. Теледидарды қоса салыңыз. Ұласпалы фильм жүріп жатыр еді. Мен үшін де көре отырыңыз. Кейін оқиғасын айтып берерсіз, — деп Жұпар алдындағы қамырын жұлмалай бастады.
— Осы балдыздың балтыры да тоқ, илеп жатқан қамыры да тоқ. Сосын екеуі де әппақ шіркін-ай... — деп ішіне жел біткен Артықбай сайтани ойға ерік беріп сілекейі шұбатыла түсті.
— Әй, төрімде шөккен нардай жайрап жатқан кім десем, бажа екен ғой. Қабырғаларыңыз арса-арса, алқынды болып бітіпсіз ғой, тегі, -- деп Әбен кіріп келгенде төрдегі тәкаппар орнынан ұшып тұрды.
Әбен оның езуіндегі шұбатылғанды тәтті етке деген шыдамсыздыққа жорыды.
Дастарханға үйме табақ ет келгенде Артықбай орнынан қозғалып-қозғалып қойды. Жұтқыншағы асты-үстіне қарай жылжып, еріксіз жүтынды. Әбен оның алдына сүбе қабырға қойды.
— Әй, мынау қылдырықтай сүйегің немене? Бажаңа төс қоймасаң да тоқпан жілік үстатпайсың ба? — деп Артықбай ежірейді.
Жұпар екі рюмкені аққудың сұңғағынан ұстағандай шымшып ұстап әкеліп, дастарханның шетіне қойғанда Артықбай өз-өзіне ие бола алмай қалды. Шікірадай шошаңдап орнынан бір тұрып, бір отырды. Балдызы тастаған жұмсақ қолорамалмен екі езуін кезек ысқылады. Әбен қонағының қолына жуан жілік ұстатты. Артықбай арсалаңдап жілікті мүжуге кірісті. Жарықтық жуық арада қолына жілік ұстап көрмеген бе, мүжи-мүжи сүйектің өзіне тісі батып кетті. Осыны бағамдаған Әбен:
— Бажеке, сізді можыған біреу ме десем, нағыз тасшайнардың өзісіз ғой, — деп астына көпшік тастады.
— Е-е, мені кім деп отырсың. Шүкір, күш-қуатым бойымда, әлі тоқал алу бар ойымда, — деп Артықбай насаттанды.
Рюмкелер ренжітпестен сыңғыр қағып тұрды. Артықбайдың екі езуінен шылқа-шылқа май ағып тұрды. Ол бажасына риза болып түннің бір уақытында аттанды.
Ол кеткеннен соң "осы албасты айналдырған бір айда оныншы рет қонақ болып кетті. Үйкезбе неменің кеш түссе аңдитыны ет пе, әлде қызыл шырайлы бет пе?" деп Әбеннің ішіне ішкілік салдарынан күдік кірді. Денесі тоңазып, бет-жүзі қабыршақтанды.
Соңғы кезде ауылда кешкі апақ-сапақта "Ассалаумағалайкум!" деп арсалаңдап кіріп келетін Артықбай туралы алып-қашты әңгіме желдей гулеп тұр. Жұрттың айтуына қарағанда бұл бетсіз тек балдыздарының үйіне барғыштайды. Балдыздарын қытықтап, ойнағанды ұнатады дей ме, бажалары жоқ болса, кемшіліктерін білмекке түрлі тақырыпқа бойлағанды ұнатады дей ме, соңынан "дейді-екесі" дауыл болып соғып тұр. Шіркіннің тәбетінен тәжірибе алып, теберік етіп қоюға болады деседі. Бір өзі бір табақ тамақты жұмырына жұқ көрмейтін көрінеді. Сосын кішісінен жиырма, үлкенімен он кесе сорпа ішетін сорақылығы тағы бар. Егер үй иесі жомарттық танытып «ақмағанбет» алдырса екі-үш бөтелкесін місе тұтпайды жарықтық. Осы мешкей жуырда Таңатардың, Серіктің, Тортайдың, Жандардың дастархандарын жайпап, Омарбектікінде он күн жатып кетті. Әйелі келіп, алдына салып, айдап кетпегенде әлі екі-үш күн жата тұрмақ еді. Құдай сақтады, әйтеуір. Бір қызығы -- әлгі қонақ болған үйлердің келіншектері Артықбайдың әйелімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа атаның қыздары. Заты орта жүздің қыздары болған соң Артықбай келін болып түскен күндерінен бастап еншілеп алған. Енді сол "жезделігінің" арқасында жілік мүжіп жүр.
Міне, бүгін сол Артықбай сойған түлкідей ыржақтап, Әбеннің үйіне көз байланар тұста тағы да жетіп келді.
— Қайырлы кеш, балдызжан, тілеуіңді тәңір берсін! Қос-қостап қошқардай ұл тап. Құдайы қонақ болып келіп қалдым, — деп үйреншікті төріне қарай төтесінен тартты.
Әбен моншада жуынып жатыр екен, сүлгісімен басын орап алыпты.
— Әй, қатындар сияқтанып басыңдағы мына орап алғаның не? — деді Артықбай өзімсініп.
— Ә-ә, Артеке, бажеке! Сіз екенсіз ғой. Бізді мына Жұман арнайы қонақ етіп шақырған екен. Соған дайындалып дегендей, — деп Әбен тізе бүкті.
— Қонағын жақтырмаған жан үйіне кісі келгенде меймандыққа жиналады. Жақтырмай отырғандарыңды білемін, — деп Артықбай артықтау кетті.
Сол сәт Жұпар жұлып алғандай:
— Жезде қонақ, осы үйдің дәм-тұзын сізден аяған кезіміз болды ма?
Қашан келсеңіз де иіліп жастық, төгіліп төсек боламыз. Барымызды аузыңызға тосамыз. Жұман жолдасымыз шақыра қалған екен, құдайы қонақты тастап кеттіңдер деп тыржиып жақтырмайсыз. Ал, өзіңіз үйіңізден ешқашан дәм таттырмайсыз. Яғни, ел үстінен күн көретін, барған жерде жоқты-барды айта беретін езбе қонақсыз. Сосын өз ошағыңыздың басын сыйламай, өзгенің отының басына өңменіңізді үзіп жүретін кезбе қонақсыз. Соңында бүкіл ауылдың қызын бір өзіңіз алғандай жұрттың бәрін балдыз санап, бары болса ішіп-жеп кететін жезде қонақсыз. Солай жездеке! Бір жолға ренжімеңіз. Біз шақырған жерден қалмаймыз. Сіз тағы басқа жерден өзек жалғайсыз, — деді тартпақтап.
Әбен келіншегіне көзін қысып, жұдырығын түйді.
Артықбай алды-артына алақ-жұлап қарап алды да ләм-мим деместен есікке қарай ұмтылды. Әбен келіншегінің бетінен сүйді.
Осы оқиға көп кешікпей алақандай ауылға шып-шырғасыз тарады. Жұпардың жұлынып айтқан сөзіне сөз ілесіп, түрлене түсті. Қазір екі кісінің басы қосылған жерге Артықбай жоламайтын болған. Оны көрген бала-шаға "жезде қонақ" деп қарқ-қарқ күледі.
"Ауру қалса да әдет қалмайды". Артықбай бүгінде басқа жүріс ашыпты. "Сырымды білмейді" деп шамалайтын болар, шалғайлау бір ауылда бірде құдайы қонақ болып, бірде жезде қонақ болып жүріп жатыр деседі.
Әй, қайдам! Ол ауылды да шуландай шулатып, шұлғауы шұбатылып шаршап-шалдығып келіп те қалар. Неғылыпты сонша. Құшақ жайып қарсы алар бір қонақжай қазақ табылып қалар, талай аунап, түгі қалған өзі туған ауыл емес пе?
ӨТКЕН ҒАСЫРДАН КЕЛГЕН АДАМ
(бүгінгі сатира)
Біз қанағат дегенді ұмыттық.. Қайран қазыналы қарттарымыздың «қанағат қарын тойдырар» деген мынауский мақалын мұрағатқа өткізіп жібердік-ау, сірә. Әйтпесе, айнала толы толағай табыс емес пе? Экономикалық-әлеуметтік салада қаншама өрлеулер болып жатыр. Сонда да «бізде түк жоқ» деп ауызды құрғақ шөппен сүртуден шошынбаймыз. Осы күнi жұрттың барлығы бюрократ болып кеткен. Түкті де көрмейді. Соқыр. «Көрмес түйені де көрмес» деген сөз соларға қарата айтылғанына өз басым шүбә келтірмеймін. Әйтпесе, қадам басқан сайын алдыңнан шығатын базарларға барып неге көрмейді. Қытайдың дейсіз бе, қырғыздың дейсіз бе, бір киер киімдері тау болып үйіліп жатыр емес пе? Бірақ олардың арасында қазақтың қазығы да жоқ. Біз өзі өзгеге дегенде өзегімізді суырып беретін кеңпейіл халықпыз ғой. Пожалыста, көршілердің талғамына татитын киімдерін сатып ал да киіп жүр. Кім сенің қолыңнан қағыпты?
Паласбек пақыр өлдім-талдым дегенде үш-төрт ай кешіктіріліп берілген айлық еңбекақысын алды. Қызылшұнақтарды белінен қайыстырып бүктеп, шалбарының қалтасына сүңгітті.
— «Айлығы жоқ, шайлығы жоқ жұмысыңның аузына бірдеңе қылайын. Одан да базарға барып арба айда» дей беруші еді. Жыныма тие бергеніңді көрейін. Бүгін ұры тазыдай жылмаңдап жаныма өзің келіп жатарсың. Қалтамдағы бір уыс теңге сені терлетпей тұра алмас, — деп өзінше қулық ойлап қойды.
Содан салып ұрып үйіне келсе, Сағымгүлі шаңын шығарып аула сыпырып жүр. Сірә, мұның табысты келетінін бал ашып білген болар. Білген болар да миығынан күлген болар. «Байым жұмыстан болдырып келгенде үй таза тұрсын» деген пәлсапаны басына ілген болар. Әйтеуір Паласбек мұны жақсылыққа жорыды.
— Бәйбіше, байың келді. Тамағың дайын ба? — деп әншейінде істемегенін жасап, келіншегінің бүйрегінен түртіп өтті.
— Көтек, бұған бүгін бірнәрсенің салқыны тиген бе? О, несі-ей, тапа-тал түсте мені түрткілеп? Әлде бүгін еркектігі есіне түсті ме екен? Сорлы! Жетісіпсің! — деп ерінін бұлтитты.
— Сен бүйтіп бұлтима. Үйге кіріп қалтамды қарасаң ерніңді ғана емес, еркіңді де берерсің. Жүр үйге, --деп келіншегінің қолтығынан демеді.
Бір бума теңгені көргенде Сағымкүлдің сығырайған көздері шырадай жанды. Лезде есінен танды.
— Бұны енді не істейміз? — деді сосын алқынып тұрып.
— Не істегені қалай? Базарлаймыз. Саған, балаларға киім аламыз, — деді Паласбек паңданып.
Әрине, теңге тауып келгеннің мерейі үстем. Бұл күні Сағымкүл байына шайды баптап берді.
Сәтін салғанда ертесіне жексенбі еді. Екі ғашық қол ұстасып базарға келді. Олар онсыз да фирмалық дүкендерге бас сұқпайтын. Бар дүниесін базардан алушы еді.
«Қарап тұрсаң, базарға әркім барар» деп данышпан Абай текке айтпаған екен-ау. Ығы-жығы адам. Қысылып-қымтырылып жүріп ерлі-зайыпты екеуі жылтырағанның біразын алып, сөмкелеріне сүңгітті.
Япыр-ай, бұрын түк білмей топас болып келген екенбіз-ау. Қазіргі жұрт қай-қайдағыны жердің шетінен болса да тауып келеді. Мына жерде келілеп сататын киімдер толып тұр. Ана жерде бұрын ұсталған ойыншықтар қап-қабымен жатыр.
—Жұмыста киіп тастармын, — деп Паласбек келілеп сатылатын киімдерден де бірсыпырасын сатып алды.
— Иә, жұмысқа жарай береді ғой, — деп Сағымкүл оған жылы аяқ киім де әперді.
Өңі қаша бастаса да жыртық-жамауы жоқ жап-жаңа бәтеңке. Қазақ мұндай шетелдік бәтеңкені қашан киіп еді? Кеңес үкіметі кезінде ғой, шетелдік киімдерді бастықтар ғана иығына іле алушы еді. Қазір ғой теңестік. Қаржы тап та ала бер.
Балаларға да біраз дүниелер алып, екеуі базардан шаттанып қайтты. Дұрыс таңдау жасай алғандарына мақтанып қайтты.
Арада көп ұзамай Паласбектің ыңқыл-сыңқылы көбейді.Ыстығы көтеріліп, денесін белгісіз жара қаптады. Паласбек салып ұрып тері-венерологиялық диспансерінің дәрігеріне келді.
— Мынау не?
— Жара!
— Жара екенін өзім де білемін. Бұл маған қайдан шығып жүр? Жаман қыздарға үйірсектігім жоқ. Жеңгеңнен өзгені жаныма жуытқан емеспін. Сонда бұл бүкіл денемді емін-еркін жаулап, қаптаған не қылған қаңғыған жара? — деп Паласбек дәрігерді жаналқымнан алды.
Науқастың сауалы таусылған соң тізгінді дәрігер қолына алды.
— Ананы жедің бе?
— Жоқ..
— Мынаны жедің бе?
— Жоқ.
— Түннен қалған тамақты жылытып жеген бе едің?
— Жемеген тәріздімін.
— «Бөтен төсекке жатпадым» дейсің. Былай кір-лас жерге жатып қалған кезің болды ма?
— Мен өзі тазалықты сүйетін адаммын.
—Тазалықты сүйетін адамға мұншалықты жара шықпайды. Бұ қазақ дегенің ненің жақсы, ненің жаман екенін ұқпайды, — деп дәрігер ауруды әрі айналдырды, бері айналдырды.
Содан соң оған «саңырауқұлақ» деген диагноз қойды. Маманның мәлімдеуінше, мұндай жара бұрын осындай аяқкиім киген адамнан ауысады екен. Оның аяқкиіміне тіпті бір рет аяқ сұққан жан «саңырауқұлақпен» сырқаттанатын көрінеді.
— Қазір шетелдің шірік киім-кешегімен еріп келген кесел көп. Олардың арасында дерматофития, күбірткі, теміреткі, микроскопия, трихофития сияқты аурулар да кездеседі. Сондықтан, шетел киімдерінен сақ болғайсыз, —деді дәрігер тағы да дәрісін жалғастырып.
— Дәрігердікі дұрыс делік. Алайда өзімізде өндіретін өнімді қайдан аламыз? Тіптен, бау-бақшалы мемлекет бола тұра жеміс-жидекті шетелден әкелеміз. Олардың да денсаулыққа зияны көп деседі. Бұл дүние не болып кеткен өзі? — деп Паласбек күйіп-пісті.
Бірақ, базар Паласбек «саңырауқұлақ жарасын» жұқтырды деп саудасын тоқтатпайды. Қайта қыздыра түсер.
— Енді базар бармаспын, —деп Паласбек өзіне-өзі ант ішті.
Әй, біздің қазақ қатындарша айтсақ: «толғақ тез ұмытылатын ауру ғой» деп жүре береді. Толғақ та біраз қинаған соң лезде ұмытылып, әйел байғұс келесі баласына жерік болмаушы ма еді? Қазақтың өзі ешнәрсе өндіре алмаса жарасы жазылған соң базарға бармағанда қайда барады?
Паласбек содан кейін бәйбішесіне пүліштен дамбал тіккізіп киіп алды. Аяғына ешкінің терісінен бәшпай тіккізді. Құтыштың қаңғырып жүрген қасқырды атып алғаны қандай жақсы болған. Терісін илеп, ішік жасатты. Бұтында мақта шалбар.
— «Сұлуынан жылуы» деген. «Саңырауқұлақ» деген сұмырайдан құтылып қалдым, — деп масайрайды бәтшағар.
Оның басынан не өткенін білмейтіндер «өткен ғасырдан келген адам» деп сыртынан сыртынан күліп жүрген көрінеді.
Өз басына түспеген соң адам не демейді. Ал, Паласбек базар десе ұйқысынан шошып оянатын болған.