Кісілік сүйкімі бар қаламгер

Oinet.kz 01-12-2023 318

Шығармашылық тағдыры бір бұралаң. Анық ғанибет – шырайына шымырын жамаған еңбектің жанғанында. Шынайылық, әлбетте, әдеби категория.

Screenshot_18.jpg

Оқырманын тапқысы, сұхбат жарастырғысы келгеннің бұл есінде мықтап тұтынатын қағидасы. Жазу әліппесі. Жасы зейнетке жеткенінше партия-шаруашылық қызметінде абыройлы жүріп-тұрған ағамыз әдебиетке құлшынғанда осыны ұмытпапты.

Әдіһам Шілтерхановтың қос томдығындағы он екі әңгімесі мен төрт Һиқаятын бас-басына жіліктеуді мұрат тұтпадық. Мұғдарға алғанымыз әңгімелеу машығы қарапайым құнарға бейім болмыс болды. Байырғы қазақ әңгімесі қашаннан ауылға ақпейіл етене. Ауылмен біте қайнасқан әңгімеші Әдекең кәдімгі шындыққа жанасты. Болмысты боямалауға, бойқыздырмаға мүлдем қырсыз.

Жалықтырмайтын әңгімеші Һәм һиқаятшы Әдекеңнің қарадүрсіндікке аяқ шалдырмайтын кісілікті сүйкімі бар. Осыған тәшін қалдық. Күнделікті тыныс-тіршілікті шашпай-төкпей, шып-шырғасыз шүйіркелеседі. Көргенінен көкірегіне көптеу түйген.

Қарапайым өресіне иландырғаны, көңіл жықтырғаны – жазушының анық шеберлігі.

«Ақжалдың ақыры» – осының бір мысалы. Тағдырдың талқысы, пенделердің тартысы – бәрі-баршасы қанық. Кейіпкер түптұлғасын – өзі дей алмаймын, алайда, Бәкір Сапаровты, неге екенін, шығармагерге көбірек ұқсаттым. Өйткені, мінез-құлқы үйлескен сыралғы, таным-көзқарасы ұқсас, кейіпкеріне шығармагер кәдімгідей іш тартады.

Кейіпкер Сапаров Үстел тоқпақтайтынға, номенклатураға іліккеніне қарадай мәз бүлікқұмарға мүлде келмейді, керісінше, күнделікті араласып жүрген кеңсе қызметіндегі келеңсіздіктерге жаны ауырады. Кеңестік кеңсе қызметкерін ілгеріде жалаң мақтап, төбесімен көк тіреттік. Кейіншелік қаралап, жерге тықтық. Әдекең ұстанымы бұл екеуінен мүлдем бөлек. Ақ-қараға ежіктемей, ысырапқа шашпай, бірсыдырғы баяндап берген. Қаз-қалпындағы сезімталға жуық мақам.

Сапаров жоғарыдан жетіп келетін уәкілдерден мезі шығып, бүгінгі жұмыс күнінің тым тырыс өте бастағанына таңырқап үлгермеді... Тыныштықты тулаған телефон даусы түлендетті;

– Жоғарғы Совет Президиумынан баратын адамды жөндеп қабылдап,келген жұмысының бітуіне жағдай жасауға өзің бірге еріп жүресің!

Арыз жазбаса асы сіңетін қазақы ауыл бар ма? Арыз тексеруші Алматының өзінен келіп тұрса, қайдан осал түссін.Қылтықтай қадалғаннан қан алмай тынбайтын алакөздер жетер лік. Жазым қайда демеңіз – бассақ аяқ астында.Жаман ойларын жамап, жөндем пікір түйе алмаған Сапаров қарадай миын шаншытып шаршады.

Мұса қарияның мінездемесіне сенсек, бұл өмірде (кеңес тұсындағы) үш түрлі белсенді көрген; Бірі – 20-30-жылдардың тырнағына ілінсең тірі қалуың қиын кәззап белсендісі. Екіншісі – кешегі Отан соғысында елде есебін тауып қалған есер белсенді. Қазіргісі-көбі оқыған, сыпайы, ұр да жық емес белсенді.

Енді мақтауға іліккен соңғы белсенді ауылының уәкілі Қаражалдың мінез-құлқына ауы-салық.

Дөкей Қаражал ауатком төрағасының орнындағы Сапаровтың апшысын қуыра келді. Жөнін айтпастан, сұрақты қараша боратқанынан секем алдық. Оның айтуынша, арыз мемлекеттік жоспар орындалмаған жерден жазылатындықтан, бұл саяси мәні бар нәрсе.

Ақыры түске қарай арыздың мазмұны белгілі болды. Сөйтсе, екі арыздың әуелгісінде «Күләйім кемпірдің төрт жылқысы (біреуі айғыр), бес сиыры, толып жатқан уақ-тұяғы қоғамдық малдың жем-шөбіне ортақтас екен». Екіншісінде: «Құмның тереңінде тұратын аға шопан Қоңыратпайдың жүзге тарта қойы бар. Соның арқасында жоспарын үнемі артығымен орындайды. Озат болса, байлығымен емес, еңбегімен озат болсын! – делініпті.

Әдебиеттің қашан да адам баласының көңіл-күйіне, жан әлегіне қарайлауымен құны артқан. Өйткені, қоғамды қалыптастыратын да, Құрайтын да сол адамдар. Жеке мүшесінің көңілі пәс түсіп, өмірі сұрқай тартысымен қоғамның да берекеті қашса керек.

Сапаров Қаражал дөкейге ғадетінше ойындағысын бүкпесіз айтып, бәрібір жақпады.Қойшының қолындағы малынан қоғам әсте зардап шекпейтінін, керісінше кем-кетігіне жапсыруға аянып қалмасын түсіндіре алмаған. Дөкей қайта өзіне бас салды:

– Капитализмді қайта тудыратын жекеменшіктік пиғылдан ел басқарып отырған өзіңіз арылмапсыз. Басқаларға өкпелеуге болмас, – деп сызданды, нықтап сөйледі.

Мұндайда ләм-лим уәж айтылмасы екібастан...

Кеңшар директоры да, ауылсәбет те білмейтін Күләйім кемпірді табу әжептеуір әуреге түсірді. Кеңсе маңындағылар да білмейді екен өзін. Ақыры заманында ауылсәбет хатшысы болған, бүгінде зейнеткер һәм ауыл молдасы Әмзе біледі деп сілтеген кеңсе қарауылының ақылымен әлгі шалды ат шаптыртып алдырады. Түнімен әбігер кешіп, Сырдың арғы бетіне кеткен мілиса бастығын да, құдалықта жүрген кеңшардың бас есепшісін де таптыртып, топ құрайды.

Түнерген тексерушілер түске таяу Торышаның (Күләйім кемпірді осылай атап кетіпті) ауылына жетеді.

Әсерлі әңгіме ауылдың алты ауызындай жеңіл, мұңлы ырғақпен оқылады. Алайда мұң еңсені езіп кетпейтін есті, сезімтал. Сонысымен есте ұзақ сақталады. Қайбір қоғамда да адамшылықтың жөні бөлек, Пәлсапа түйгенге айтыларының өзі де осы...

Сыр бойының салаһиятты бір ұлы Саттар Ерубаев – қазақ әдебиетінің романтикалық лебі бетке ұрған жастық дәуірі. Ойшыл жастың Петербор-Ленинградтағы тарих-философия, лингвистика институтында санасы ашылып, сары уызын жұқтырғаны мәуелі жемісін бере алмай, мезгілсіз қазаға ұрынды. Өкініште қалдырғаны – өрелі жастың өткір өзегінен өре тұрған өжеттігі. Өжет Саттар – өре теңестірмек өр оғылан.

Жақсының жаттығы жоқ, әркім өз бауырынан өргенге иісініп тұрады. Бәрібір, Саттардың туған жерін, тіпті дүниенің есігін ашқан жылын шатастыра беру жүйелі ғылымға жараспайтын қылық. Саттар танушы Шілтерханов ешкімнің шамына ши жүгірт-келі отырған жоқ. Шырылы – шындықтың шылбырына шақталмақ ниетінде. Әлбетте, ша-мамен сөйлеп тұрған жоқ, әдебиет пен өнердің Ленинградтағы мемлекеттік мұрағатының мөр таңбалы құжатын көлденең тартып отыр.

Қазақта кім көп осы, шал мен кемпірдің енші басындағы сүткенжелер көп. Саттархан-Саттар да Ерубайдың емес, оның ұлы Асқардың баласы екен. Шілтерханов ағамыз мұны да шегелей айтқан.

Шежіреқұмар Шілтерханов әулеттің арғы-бергі тауарихнамасынан шаңын сілкіп, Ерубай мен молда Мұсаның құдандалғанына ой жібереді. Саттардың бауыры Әбекең екеуі саусағын бүгіп, мүшел қайырысады. Бақара жылы фәниге келген Саттардың ғұмырдерегі 1913-жылға тіреле береді екен. Шенеуніктер Шілтерхановты көзіне қалай ілсін, әліге 1914-жылдан жылжымай қойдық.

Саттардың тәлім-тәрбие алған текті ортасын дөп саралаған Әдіһам Шілтерхановтың ыждағаты шәк-шүбһәсіз.

Телқоңыр Саттардың айналасын түгендеуге әсте ерінбеген. Тәуірі сол, жаттанды схемадан жоғары тұра білген. Әсіресе, Саттардың анасы Бапаның бейнесін дөп көрсете білген. Сүйікті ұлының қазасын көтере алмаған, көзден жазылмайтын дертке ұшыраған ананың қылаусыз сезім-мейіріміне қанықтық.

Ұзынсақал, яки «Плановый комиссар» – Михайл Яковлевтің Асқармен тату достығы бөлек әуезе.

Жасынғұмыр Саттардың тәлімі – ғылымның азығы. Профессор Т.Кәкішев Саттартанудың негізін қаласа, Ә.Шілтерханов оны тың деректермен байытты. Бұл – жалғастығын табатын өміршең шаруа екендігі даусыз. Өйткені, Саттар феномені әр заманның өзіндік бағамына сұранулы қайталанбас біртума үлгі.

Әдіһам Шілтерханов туралы жазушы Сәрсен Бек Сахабат «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 2002 жылы жазған «Бағбан бағы» мақаласында былай деген:

Сөмке сүйретіп мектепте жүрген кезіміз. «Ауылға жаңа басшы келіпті. Ауылды көгалдандыруға кірісіпті. Жаппай ағаш отырғызуға шақырады екен» – десті жұрт. Айтқанындай ақ, ұзамай күллі мектеп оқушылары тайлы-таяғымыз қалмай, ағаш отырғызуға кірісіп кеттік. Беті қабрып, сорланып жатқан көне Отырар жерін ұзамай бақшалық қаптады да кетті. Ауыл ақсақалдары: «Өркенің өссін, Әдіһам!» – десті.

Біз мектеп бітіріп, Алматыға аттандық. Дәм бұйырып Алматыда қалып қойдық. Уақыт шіркін дегенін істейді. Отырар жерін бақшалыққа айналдырып жіберген, сырттан келген жігіт аудан басшысының бірі, совхоз директоры дегендей бірсыпыра қызмет атқарып, ауылда із қалдырып, құрметті демалысқа шығып, «сыртқа» қайтып кетіпті.

Зейнеткерлікке шыққан кісі әр түрлі іспен айналысады ғой. Бір күні қолыма «Үш бәйтерек» аталатын проза кітабы тиді. Авторына көз жіберсем – баяғы ауылды гүлдендірген агроном кісі. Газетте қызмет істеген кездері зейнеткерлердің «өлеңін» көп оқып, жүрекшайлықты болған басым: «Е-е, бұл да жазуды ермек еткен еріккен шалдың бірі болды ғой» – деп ойладым. Кітапты марғау парақтадым. Жо-жоқ. Сақал сатқандар өзімен кетсін: мынау қара сөздің қадірін білетін, қазақ сөзін қастерлейтін кісінің қалам сілтесі. Әдіһам Шілтерхановпен екінші рет осылай кездестім.

Әрі қарай іздеп бардым, ағалы-інілі болып араласып кеттік. Бірсыпыра уақыт көріспесек, сағынатын әдет таптық.

Шығармашылық қадірі кеткен қазіргі күнде кімді-кім қадағалап, кім нендей туынды берді? – деп іздеп оқитын жан қалмады-ау. Әйтпесе, Әдіһам Шілтерхановты оқырман көпшілік білсе керек еді. Әдіһам Шілтерханов санаулы жыл ішінде «Үш бәйтерек», «Аталы сөздер», «Саттар Ерубаев», «Ақжалдың ақыры» аталатын көлемі де, көркемдігі де көңілдегідей төрт кітап, «Қамбар батыр», «Мұңлық Зарлық» эпостары жөнінде, Мұхтар Әуезов хақында, ел-жер тарихына қатысты жүздеген мақала жазып, жариялатты. Аяулы аға қолынан шыққан осынау үлкенді-кішілі еңбектердің қай-қайсысын да қолжазбасынан оқып келемін. Аға еңбегіне ықыласты болып жүрген бір мен емес, қолжазбасын оқып, «Жалын» жорналына қуана-қуана жариялаған жақсы інісінің бірі – ақын-қайраткер Мұх-тар Шаханов екенін айта кету әділдік болмақ.

Егер, Ә.Шілтерханов жазған дүниелер шын шығармашылық еңбек болмай, қиюы қашқан, зорланған бірдеңелер болса, біз бүгін қолға қалам алып, жақсы ағаның «шотын» шаппай-ақ, үндемей қала берер едік. М.Шахановтан бастап бәрімізді иіп жүрген мәселе – Әдіһәм ағайдың шын жазушылығы. Ә.Шілтерханов шығармалары өзінің табиғи болмысымен; ішкі ағым-иірімдерімен әдебиетке қоятын талаптардың қандайына да толық жауап бере алады. Мәселеге нақтырақ келейік.

«Үш бәйтерек» – Қажымұқан, Мұхтар Әуезов, Саттар Ерубаев жөніндегі деректі толға-ныстардан тұрады. Оңтүстік өңірінде агроном болып қызмет атқарған автор ерінбей-жалықпай, көнекөз қариялардан естелік -әңгімелерді жазып ала беріпті. Олардың бірі-күш атасы Қажекеңнің ат арбасын айдаған, бірі қоңсы отырған, бірі-қыршын классик Саттар Ерубаевтың туысы, мектепте бірге оқыған сыныптасы дегендей, жақын жүрген жандар.

Ал, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовты «Өскен өңірі» романын жазу үшін Оңтүстік өңіріне келген сәтінде өз көзімен көріп, қасында болып, ұзақ әңгімелескен, алған әсерін қойын кітабына түсіре қойған. Көп кісі ескере бермейтін ұқыптылық, өнерге деген ықыласты жүректің ыждағаты. Нәтижесінде әдебиетке ырыс, ғылымға тыныс берерлік көптеген жаңа дерек келіп қосылды. Жәй дерек қана ма? Жоқ. Әдекеңде көрген-білгенін, естігенін ой домнасында балқытып, қиялымен жебелеп, тілін әрлеп жазатын әп-әдемі әдет бар. «Үш бәйтеректегі» қай туындыны оқысаңыз да өмірлік дерек пен өнерліліктің, қиял-өрнектің жымы білінбес, шындыққа нұқсан келмес әдемі жарасымын көресіз. Бірін-бірі қайталамайтын үш аяулы тұлғаны Әдіһам Шілтерханов туындылары қазақ әдебиетінде ешкім айтпаған, жазбаған тың қырынан ашты. Қазақ деректі прозасында туындыгердің бұл шығармаларының алар орны бөлек.

Шілтерханов – «Аталы сөздер» аталатын өлең жинағын шығарды. Әуелі қолжазбасынан оқыған сәтте бұл өлеңдерге «мақұл екен» дегенім болмаса, оның прозасын оқығандай құлай қоймадым. Өмір бойы өлең жазып келе жатқан, бірақ ұсынбаған ақынжанды ақылды кісі тым елпілдемегенімді аңғарып, өзіне-өзі сын көзбен қарап, ол өлеңдерге қайта оралды.Жылдар бойы бауырына басып жатып, жан беріп жылытты, нәр беріп қайта туғандай етті. Өлеңдердің кітаптық қалпын оқып, тағы да елпілдеп, тағы да қуанып отырған жайым бар.

«Жалын» баспасы арқылы соңғы кезде жарыққа шығарған кітабы – «Ақжалдың ақыры» /1995/ аталады. Бұл – көркем проза кітабы. Өмір бойы шаруашылықта істеп, әдебиетке кеш келген Әдекеңдей жанның деректі прозаға шамасы келгенімен, көркем прозаға келгенде қиналар-ау, босқа арамтер болады ғой деп ойланып, күдіктеніп оқып едім қолжазбасын. Жоқ. Күдігім бекер болып шықты. «Атақоныс» повесі, «Ақжалдың ақыры», «Қабылдың әңгелегі» әңгімелері кәнігі қаламгердің кәдімгі прозасындай әсер етті.

«Атақоныс» Әмір, Әсем, Таңат, Қанат, Сұраншы секілді өз өмірлерін елмен, жермен етене бауырластырған, Жер-Ананың қиналыс-күрсінісін өзгеден терең түсінетін ауыл азаматының бейнесін даралай тұлғалауымен, Сыр өңіріндегі экологиялық қасіретті характерлер арқылы ашынып айта алуымен талғамнан шығады. Автордың: «Ол кезде дария таситын. Бура тасу, тайлақ тасу дейтін неше түрлі тасулар болады» /22-бет/ деген бір-екі сөйлемнің сөзінен күрсініс, Сырдарияға деген сағыныш аңғарылады.

«Ақжалдың ақыры» – Тәкен Әлімқұловтай тәлімді шебердің атақты «Ақбоз ат» романы- мен іштей үндесіп жатқан хиқаят. Қылқұйрықты қатты қадірлеген, тұлпарын қадір тұтқан қазақ кемелдерінің өзін «Кетпен тұяқ кемеңгерлерім», «Ат басындай алыптарым» деп бағалаған, тұлпардың басы ғана емес, тұяғына дейін ардақтаған. Ақжал арқылы автор қазақ халқы бастан кешкен бір кезең шындығын оңтайын тауып ашыпты.

Ал, «Қабылдың әңгелегі» – өмір бойы қауын еккен диқанның дүние-жиһан, ұрпақтар сабақтастығы жәйлі толғанысы. – «Ә, бәлем, алақанат, қанша қу болсаң да, саған менің әңгелектерімнің шопағын/ұрығын – Қ. Е./біржолата құртып жіберу қайда?! – деп ойлады. Сәлден соң басына бір ауыр соққы тигендей болды ма, дүние шыр көбелек айналып сала берді...» /172-бет/ – деп сипаттайды кейіпкердің ақтық сәтін. Әңгелек ұрығы жайында әңгімелеп отырып та жазушы өмір сырына бойлап, ұрпақтар сабақтастығы жайында толғап, оқушысын дүние тереңіне үйіріп алып бара жатады.

Ә.Шілтерханов – табиғат сырын терең зерттеген, тарих, этнографияға жетік жазушы. Оның шығармаларынан әлдеқашан ұмыт болған табиғат құбылыстарын, саятшылық сырлары, тұрмыс-салт жоралғыларын табасыз. Сусора, алабота, ақсары, қарабарқын секілді шөптің неше атасы, басыбалды, әміркен, шытырлақ, торлама дегендей қауынның түрлі атауларын кездестіресіз. Мұның бәрі кейіпкер тіршілік ететін ортаны жасайтын материал байлығы, жазушының өмір көрегендігінің белгісі. Ә.Шілтерхановты өзге жазушылардан ерекшелеп тұратын да осындай өмір сырына жетіктігі.

Автордың ағымдағы баспасөзде жариялаған көптеген мақаласы тарих, этнография, шежірені байланыстыра әңгімелеуімен, тың ұтымды шешім жасауымен назар аударарлық.

Өзін не жазушы, не ғалыммын деп есептей бермеген Әдіһам Шілтерхановтың деректі, көркем туындылары – әдебиетте, мақалалары – ғылымда салмақты, қаламгерлікті толық ақтайтын дүниелер екеніне еш күмән жоқ. Әдебиетке біреу кеш келеді, біреу ерте келеді. Алайда, мәселе-үзер жемісте. Ә.Шілтерханов әдебиетке кеш келді деп біз көкірегінен итермеспіз, өзі де өкінбес.

Әдіһам Шілтерхановтың шығармаларын оқып отырғанда, менің көз алдыма Құдайдың рақымы түскенімен, құдайсыған басшылар рақымсыздығынан тозып кеткен тарихи Отырар жерін бақшалыққа айналдырсам деп армандай келген ақсары жігіт ағасы келе қалды. Жақында елге бардым: Әдекең алпысыншы-жетпісінші жылдары еккізген бау қурап кетіпті. Ұқыпсыздық. Енді Әдекеңнің әдебиеттегі бақшасы жемісті болсын деп тілейміз.

Жазушы туралы жазғанда оның туындысын айтып өтпеу әбестік болары сөзсіз. Сондықтан оның «Кейуана мен келін» деген туындысын оқырман назарына ұсынамыз.

Соғыстан кейін ел әлі еңсесін көтере қоймаған 1945-жылдың жазында аудандық комсомол комитетінің уәкілі ретінде тау колхоздарына шықтым. Жолсерігім –Гаджиев дейтін әзірбайжан жігіт. Қазақша мінсіз таза сөйлейді. Жасы өзімнен біраз үлкен. Мен сияқты емес, жермен де, елмен де таныс, өмір тәжиірбесі мол кісі екен. Көлігіміз – ат. Байжансай кеніші мен Қаратаудың сай-саласында бытырап жатқан «Жаңаталап», «Бозбұтақ», «Көржайлау», «Орловка», « Красная нива» колхоздарында мал баққан шаруа, егін өсірген диқанмен дидарласып, көптеген жиналыс өткізіп, сол тұстағы талап-тілектерді айтып, жұмысқа өзімізше өлшеусіз қарқын туғызып, оншақты күнді артқа тастап, ауылға беттедік.

«Көкжайлаудан» таңертең ерте шыққанбыз. Ылдилы жоғарылы, кейде арқар соқпағындай қия жерлермен жүріп келеміз. Жүрісіміз өнбейді. Біз Шыбықбелге жеткенде, Күн де төбеге көтерілді. Сылдырай аққан тау бұлақтары, көк торғынға оранған салқын самалды өзен жағасы артта қалды. Жон үстінің шөбі күннің аптап ыстығына шыдамай, сап-сары болып күйреп кеткен. Тек анда-санда кездесетін долана, тау шиесі, қандым сияқты бұталар ғана реңін бермеген көкжасыл қалпында. Өзен ұлтаны мен Шыбықбелдің үсті көзге жақын көрінгенімен, едәуір жер екен. Кілең өрге өрлегендіктен бе, әлде тауда жүрмеген жазықтың малы болғандықтан ба, аттарымыз шып-шып терлеп, едәуір барлығып қалды.

Қамшыламай,аздап ентігін бассын деп,аттың жайына қарап, аяңмен келеміз. Қарсы алдымыздан соққан керімсал күйдіріп, кептіріп барады. Қаталап шөлдесек те, бір-бірімізге сыр бергіміз жоқ. Гаджиев әңгіме айтпайды. Мен де үнсізбін. Әрқайсысымыз өз ойымызбен болып, тізгінді бос тастап, ілби басқан ат үстінде қалғыған адамдай әрең отырмыз.

Төбемізден шаңқая төнген Күн әпшімізді бір уыс қылып, бидайдай қуырып барады – есіл-дертіміз бір жұтым су. Екі ауылдың арасында мұншалықты шөлдейміз деп кім ойлапты?! Белден еңкейер-еңкейместен, бізді қуантайын дегендей, сардалада көк жолақтанып ирелеңдей ағып жатқан Сасық өзені көрінді. Оған жеткенше әлі бір-екі сағаттай жол жүру керек екенін шамаласақ та, көз қуанып, көңіліміз өсіп, бір салқын леп бетімізді желпіп өткендей, еңсеміз көтерілді. Гаджиев нақ ұйқыдан жаңа оянған адамдай көзін уқалап, өзен жаққа мейірлене қарап қойып, өзінің Қапқазы жәйлі өмірі таусылмайтын әңгімесін айта бастады. Ауыл қарасын көрген аттар да еңсесін түзеп, ентелей басты. Өзенге жақындағанда, елден оқшаулау жон таманғы екі үйге қарай бұрылған соқпаққа түстік.

- Анау қос үйдің жанында керемет бұлақ бар. Үйге түсіп, сол бұлақтың суынан ішейік. Аттар да аздап тынықсын, деді Гаджиев. Үйдің біз жақ шеткісінен бір жас келіншек сыртқа шығып тұр. Екіншісінің көлеңкесін-де алаша үстінде ұршық иіріп бір кемпір отыр. Келіншек қазақтың ескі салтымен сәл иіле сәлем қылды.

- Көп жаса, рахмет қарағым, енді бізге бір-бір кесе су бере ғой,-деді Гаджиев атты тоқтатар- тоқтатпастан, ештеңеге даһат қылуға мұршасы келмей. - Ағай, су жоқ еді, деді келіншек. Бір сәт аңырап қалдық. «Су сұрап неміз бар еді? Бұлаққа өзіміз-ақ барып, жиегіне жата кетіп, неге қанғанымызша ішпедік?» деген ой келді. Аттың басын бұрып, енді кетуге ыңғайланғаны- мызда, кемпірдің қасымызға қалай жеткенін де аңғармадық. Жасы үлкен ғой деді ме, менен өтіп барып, Гаджиевтің атының тізгінін ұстады. Бір түрлі өктемдеу:

- Аттан түсіңдер, су дейсіңдер ме, сусын дейсіңдер ме, үйде жайғасып отырып ішіңдер,-деді.

Жаңағы келіншектің жауабынан тіксінген Гаджиев сәл ыңғай бермей:

-Аттың үстінде-ақ ішеміз-ғой, шеше,-деп еді:- Ой, балам-ай, малдың да обалы бар, сендер су ішкенде, олардың да бір сәт арқасы босағаны жөн емес пе, мал болса да жолсеріктерің ғой,-деді кемпір жылы шыраймен.

Аттан көңілсіздеу түсіп, үйге кірдік. Қаракөлеңкелеген мұнтаздай бөлмеде жан жоқ. Көрпені қалың төсеп, қолтығымызға бір-бірден мамық жастық қойыды.

Он адамға арналғандай кең дастарқан жайды. Сап-сары таба нан, құрт, ірімшік, сары май дегендей, барын жайып салды.Бізге керегі су, не сусын. Бір кезде дастарқан шетіне дәу керсен әкелінді. Бұрышта үсті жабулы, ашып тұрған бір қабақ арпа көжені шараға толтыра құйды.

«Біз екеу-ақпыз ғой, мұншаның қажеті не?»- деймін іштей. Осының бәрі жолаушыға құрмет, ықылас, ниеттің, ақ көңіл тілектестіктің белгісі екенін мен сол сәтте онша түсінбеген екенмін. Бір кезде күбіден бір тостақ піскен айранды алып, арпа көжеге араластырып-араластырып жіберіп, қымыз сапырғандай біраз сапырды. Сусынның бір-бір тостағын ішкенде-ақ рахаттанып қалдық. Арпа көженің суы шілденің өзінде мұздай болатынын, сусынды жақсы қандыратынын білмеппін. Маңдайымнан тер бұрқ етті. Көңіл күйін жасыра алмаған Гаджиев:

- Шеше, көжеңіз тіпті жақсы ашыған екен, не деген керемет!- деп, мақтап қойды. Кейуананың көзінде қуаныш сәулесі ойнап, тағы құя бастап еді, Гаджиев!

- Шеше, енді былай болсын. Мынау шараны маған беріңіз. Демалып, әбден сусынымыз қанғанша асықпай, өзіміз-ақ құйып іше берейік. Сіз басқа тірлігіңізбен бола беріңіз,- деді.

- Келін мен бала жұмыста, шырақтарым. Бірақ, жолаушыға бір табақ ауқат беруге мен де жараймын. Біраз отырып, түстеніп кетіңдер,-деді қария.

- Рахмет, уақытымыз жоқ. Шілдеде осы сусыннан артық не бар? Еш нәрсеге әуре болмаңыз,-деп, екеуміз екі жақтан жамырап қоя бердік.

- Онда еріктерің білсін. – Шараны менің алдыма жылжытып қойып, тысқа шығып кетті.

Ол кезде ауыл үйлерінде әдетте бөлмедегі қабырғаның төменгі жағында екі тесік болатын. Жаздың ыстық күндерінде сол тесіктерден салқын самал ұрады. Мысық, күшік кірмесін деп, дуалдағы тесіктерге шыбық шаншып, торлап қояды. Салқын үй, мұздай арпа көженің суы жолда көрген аңызақ ыстық пен шөлдің азабын сейілтейін деді.Сонда да салқын самалға бетімді тосып, тесікке жақындау жылжып отырдым.

- Мына көже қалай әдемі бұрқырап ашыған?-деп, Гаджиев сусынды тағы да бір мақтап қойып, іше бастады. Тесікке таяу маған сыртта жүрген кемпір мен бізге алғаш жолыққан келіншектің сөздері естіліп жатты.

- Берірек кел, жұмысыңды содан кейін істерсің,- деді кемпір өктемдеу. Әже қасындағы келіншек үнсіз отырды.

- Ал, сенің жаңағы жолаушыларға су жоқ дегенің қай сөз? Түсіндірші!- деді сыздана сөйлеген кейуана.

- Үйде су ада болып, бұлаққа енді барғалы тұрғанымда келіп қалды ғой ол кісілер.

- Ал, сонда су жоқ деп жауап бере ме екен адам деген? «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді»- деп мені Құдай сендердің сондай көргенсіздіктеріңнің куәсі болсын деп алмай жүр екен ғой. Осынша жасқа келіп, жолаушыға су жоқ дегенді сенен есіттім. Бұ- лақтың басында, өзеннің қасында отырып та, адам су жоқ дейді екен-ау. Сенікінде жоқ болса, су біздің үйде бар емес пе? Барлық үйдің шелегі қаңырап тұрса:- Аттан түсіңіздер, бұлақтан тез мұздай су әкеле қояйын- деп неге айтпадың?

- Кешіріңіз, әже, байқамаппын. Қайдан білейін, Үйде болмаған соң, жоқ дей салып едім,- деді келіншек ұяңдау үнмен.

- Жақсы байқап сөйлейді,

Жаман шайқап сөйлейді.

Жаманның берген асынан,

Жақсының айтқан сөзі артық,- деп отырмайтын ба еді аталарымыз?! Сен неге байқамайсың? Ата көрмеген дейін десем – атаң бар, ана көрмеген дейін десем – анаң бар. Құдай қай жағыңнан ұрды сені?! «Кешір» дейсің, кешпегенде – сені көшіріп жіберер деймісің? Менің кешкен-кешпегенімде тұрған не бар? Абыройың бар екен, әйтеуір. Егер, мен сыртта отырмағанымда, меймандар сол бетімен аттың басын бұрып кетіп қалғанда, су бермейтін ауыл атанатын едік. Мынау аңызақ ыстықта жол жүріп, жол азабын, су ішпей шөл азабын тартып келе жатқандар, біздің ауылдың төбесі көрінгеніне қуанбады деймісің? Жеткен ше асықпады деймісің? Ынтығып жеткенде, сенен есіткен сөзі сол болды ма? Мүнкін бұл өңірге қайта оралмайтын адамдар шығар? Ауылды алғаш көрген, белдеуімізге ат басын бірінші рет тіреген жолаушы су сұрап іше алмағанда, бұл өтеннің моладан неменесі артық? Бір құмалаққа қырық адам тайып жығылады. Сенің көргенсіздігіңнің ұяты бүкіл ауылға келетінін неге ойламадың? Бір ауылды су бермейтін пес атандыруға қандай ақың бар? «Жасы білмесе-үлкені бар емес пе?»-деп, өлеріміздің шағында бізге кінәрат арқалататындай ала алмай жүрген өшің бар ма еді?

- деп, кемпір келіншекті сөзбен төпеп, тықсыра жеп барады. Келіншекте ләм-мим үн жоқ. Сәл кідіріп, кемпір сөзін қайта сабақтады:

- Есіңде болсын. Адамның бәрін қадір тұтып, сыйлағаның жөн. Соның ішінде жолаушының жөні де, орны да бөлек. Қоржынына нан, торсығына су алмай, айлық, апталық жерге аттана береді біздің қазақ. Себебі, олар барлық жерде туысқаным бар деп сенеді. О баста қазақ атамыз ұлдарына енші бермеген. Сондықтан, жолаушыны еншілесім деп біліп, аңсап көрген туысқаным,бауырым деп түсіну керек. Еттің сүбелісін, асының тәттісін мейманға сақтап, жалғыз малы болса-қонағасына сойып беретін салтты көрмей жүрсің бе?Аштан өлем деп қорықпайды, мейман- нан ұялып қалмасам етті-деп қорқады қазақ. Елдің салтын, халықтың құнтты пейілін көрмей, қайда өстің өзің?...

Кемпір басылар емес. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді»-деп, осындайды айтады екен ғой. Келіншек одан әрі тыңдай беруге шыдай алмады ма, бір мезгілде:

- Кешіре көріңіз, әжетай, менен бір білместік өтті,- деп,орнынан тұра жөнелді. Екі шелекті иығына салып, оқтын-оқтын көз жасын сүрткілеп бара жатқан келіншекке тесіктен есіркей қарап мен жаттым.

Содан бері қырық жылдай уақыт өтті.

Қаратау жонының күнгейінде қасиетті әженің қабақтан құйып берген, ашытқан арпа көжесінің дәмі, келінге айтқан сөздері әлі күнге естен кетер емес.

Сатираның саңлағы, қаламгерліктің оғланы
Сері мінезді Серік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу