Азаматтығы асқан ақын

Oinet.kz 01-12-2023 340

Сарыағаш топыраған түлеген ақындар әрине, аз емес. Соның бірегейі, өз оқырмандарына өзінің шынайы поэзиясымен жақсы таныс есім – Мұрат Бөкейұлы. Оның «Арман сапар», «Аққу арман», «Әмір Темір», «Атай Мұхтар» атты поэмалары, өлеңдері табиғи таланттың қаламынан туған құнарлы шығармалар. Мұрат Бекейұлының туындылары бауырмалдыққа, достыққа, татулыққа баулитын қасиетімен құнды. Түркі тілдес халықтарға, басқа да ұлттар мен ұлыстарға қазіргі заманда да, болашақта да керекті рухани байлық. Мұрат поэзиясы осы байлыққа қосылатын мөлдір бұлақ.

Screenshot_16.jpg

Мұрат Бөкейұлы туралы қарымды қаламгер Исраил Сапарбай: «Мұратты алғаш Ташкентте көрдім. Сондағы «Нұрлы жол» атты қазақ газетінде істеп жүр екен. Біз бір топ ақын-жазушы жолаушылап барғанбыз. Тұманбай ағамыз Мұрат інісін көрген бойда: «Астапыралла, Мұқағали қайта тіріліп келген бе, мына бала тура Мұқағалидың өзі ғой!» ден таңданбасы барма. Бәріміз де Мұратқа қайта қарай қалғанбыз. Ұзынтұра, сүйекті, ірі жігіт шынында да Мұқағалидің жігіт кезін айнымай еске түсіреді екен. Таныса, білісе келе Мұраттың тек сыртқы пішіні ғана емес, ішкі ақындық иірімі де, мінез-құлқы да, кесектігі де айтулы ақынды меже тұтқандай әсер қалдырды. Осы кездесуімде ол өлең оқыды. Ойға, толғанысқа құрылған өлеңдер кең құлашты, кербез шабысты бір ақынның дүниеге келе жатқанын аңғартқандай еді. Қателеспеппіз. Қазақ баспасөзінде жарияланып жүрген өлең топтамалары мен толғау, поэмалары өрнек-бедерімен көңіл аулап, назарға ілікті. Олардың ішінде, әсіресе, «Арман сапар», «Әмір Темір», « Абай-Мұхтар», «Аққу-арман» поэмалары Мұраттың ел есінде оз жолын еркін байқатқан дүние екендігі сөзсіз. Алыста жүрген ақынның Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерекесіне арналған жазба мүшайрада жүлдегер аспанында жүргені кездейсоқтық емес. Сөздің сөлін, ақындықтың ұлы мұратын бояусыз болмысымен терең сезініп жүрген Мұрат інімізге қашан да жолболсын айтып, ақ тілегімді білдіруге әзірмін», - дейді. 

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев туралы бірнеше рет қалам тербеген ақын «Мұқағали туған күн» деген өлңінде былай жырлайды:

Бүгін Мұқағалидың туған күні,

Әділеттің салтанат құрған күні.

Жалғыздықтан арылып жапандағы,

Хан-Тәңірі масайрап тұрған күні.


Сардалама атқанда ақ таң күліп,

Таңырқапты еткендер Хақтан күдік.

Ояныпты бір Сенім қазағымның,

Жүрегінің түбінде жатқан бұғып.


Көкке қарап Көк бөрі ұлығанда,

Көк түріктің шалқыпты туа да алдан,

Асан Қайғы оянып мәңгі ұйқыдан,

Басын дереу жастықтан жұлып алған.


Самғайтынын сезіп бір Рух көгінде ер,

Аунап түскен көрінде Күлтегіндер.

Әлдеқандай дәуірлер келеді деп,

Сыбырлап сайтанға үркек үндер.


Бір кеш пенен бір кештің арасында,

Тыныш күні айналып борасынға,

Сары сайтан сабырсыз шарқ ұрыпты,

Жан жайлаған қазақтың даласында.

Мұқағалиды мұңды әлеміне үңіліп, өлеңдерінен қуат алған ақын ол туралы өлең ғана емес, прза жанрында да қалам тербейді. Бүй дейді:

«Мұқағалидың миында қазақтың ұлттық рухының коды бар» деп жазыпты талантты жазушы-публицист, марқұм Марат Қабанбай. Ақын жырларына бір бас қойған адамның оның кітаптарын іздеп жүріп оқитыны, баға жетпес асылындай қастерлеп, өмірлік серік ететіні де содан болса керек. Ұрпақ миындағы, санасындағы ұлттық рухты «Ана тілімізді қастерлейік», «Оян, қазақ», «Ұлттық рухты сергек етейік» деген тәрізді жалаң ұран, насихат, дидактикалық сөз саптау тәсілімен оята алмайсың. Ал, Мұқағали жырымен сырласқан адам, сөз сиқырына арбалып, өзінің қазақ екеніне мақтанумен бірге, ұлттық құндылықтарымыздың иіріміне одан әрі бойлай түседі.

Ойқырыңа мың сәлем мен көрмеген,

Шөлдер менен тауларға, көлдерменен.

Құмда отырған қойшының қараша үйін,

Қайсы бір сарайлардан кем көрмеп ем.

Жетім қалған қозыға жем берген ем,

Жетіліп, жетісіп ем сендерменен,

Кешір менің жанымды емделмеген.

Бұл ақынның «Халыққа хат» атты өлеңінің бір шумағы. Осы қатарларды әр оқыған сайын, ауылда туып өскен кез келген қазақ баласы, өзінің жастық дәуреніне қиялмен сапар шегері анық. Өмірдің сол бір қимас кезеңі жайлы дастанға татырлық шумақ. Бастапқы екі қатарда қазақтық кең даласына деген сағынышы жатыр. Бұл жерде «сағыныш» деген ұғымның ауқымы, біздің жүрегіміздегі осындай сезіммен салыстырғанда әлдеқайда кең және қуатты сияқты. «Ой-қырыңа мың сәлем мен көрмеген». Қараңызшы, ақын өзі өскен аймақ туралы ғана айтумен шектелмепті. Оның ақын жүрегі Қарасазға қоса кең байтақ Қазақстанның өзі аралап үлгермеген, өзге өңірлерін тұтас қамтып тұр. Жарық дүние-ай!

Жарығың неткен жақсы еді!

Жаңылыспаппын,

Жарым деп айтсам нақ сені.

Құшаққа сыйсаң,

Құшырым қанып өбер ем,

Құшақтап тұрып өлер ем.

Ақынның жерге, елге арнаған жырла- рынан жарық дүниеге, яғни өмірге деген құштарлықтан кем соқпайтын осындай ұлы махаббатты көреміз. Оның «Атырау-Алтай» атты поэмасы да шынайы махаббат- тан, іңкәрліктен туған. Ол бүкіл қазақ жерін құшағына алып, құшырлана өпкісі келеді. Бұл мүмкін емес, әрине. Өзі айтқандай «Бір өмір дүниенің құшпас бәрін». Әңгіме елін, жерін дәл осылай сағына білуде және сол сағынышты өлең жолдарына өре білуде. «Құмда отырған қойшының қараша үйі». Бұл әрбір қазақ баласы үшін етене таныс әрі ерекше қымбат, қимас сурет. Керек десеңіз, бұл біздің ұлттық құндылығымыз. «Қараша үй» деген ұғымға қазақ дейтін халықтың бүкіл ұлттық білім мен болмысы, салт-санасы, өмірлік пәлсапасы, тарихи рухани тамырлары сыйып кетеді. «Қайран да менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген қазақтың ұлттық бет-бейнесін сәулетті хан сарайларынан емес, осынау қараша үйден табасыз. Мұқағалидың оны «қайсы бір сарайлардан кем көрмеп ем» дейтіні содан. «Жетім қалған қозыға жем берген ем». Мұнда нағыз қазақтың иісі аңқып тұр. «Жетім көрсе жебей жүрген», «Жесірін қаңғытпаған» мейірім мен қайырымға бай қонақжай қазақ жер аударылып келген қанша өзге ұлттың да баласын бауырына тартып, жатырқамай жағдайын жасады емес пе? Осы қатарды оқығанда, қошақанымен ойнаған қазақтың қара домалақ сәбиі көз алдыңызға елестеп, жаныңыз бір рахат сезімге бөленеді. Өзіңіздің балалық бал дәуреніңізге қайта оралғандай күй кешесіз. Жетіліп, жетісіп ем сендерменен, Кешір менің жанымды, емделмеген! Ақын қағынан безген құландай, туған топырақтың қасиетін ұға алмай, ұлтының рухани құндылықтарынан алыстап, тілі шұбарланған, санасы мұнарланған ұрпақтың аянышты тағдыры үшін өзін жауапты санайды. Халық басына түскен ауыртпалық ең алдымен ақынның жүрегіне салмақ түсіреді. Оның сезімтал жүрегі сұмдықты алыстан сезеді.

Қыздарды көрсем бір түрлі,

Өзімнен өзім мұңданам.

Тиям да бейқам күлкімді,

Өзімнен-өзім сыр бағам.

Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы,

Қиын-ау, қиын, тым қиын.

Не болар екен тағдыры?!

Үйіріліп соқса бір құйын.

Тоймайды көзім жүз көрсем,

Жайқалған менің гүлдерім!

Тоң тұрып жерге, күз келсе,

Не болар екен күндерің?!

Түрткілеп күдік жанымды,

Кетеді жүрек дыз етіп...

Әзірге жасыл бағымды,

Отырмын, міне, күзетіп.

Ақынды қазақ халқының гүлге теңеп аялаған қыздарының алмағайып тағдыры ойландырады, күдіктендіреді. Не деген көрегендік! Бүгінгі жезөкшеліктің желкенін жел керген заманда ақынның көзі тірі болса, қандай хәлге түсер еді?! Қылышымды суырып қынабынан, Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау... Жетімдердің кегі мен жесірлердің, Суарып ем суалған бұлағынан. Қайрап едім зауалдың шарығына, Қақтап едім қан майдан жалынына. Қынабына оны да жасырдым мен, Керек болып жүрер деп халықыма. Бұл шумақтар Мұқағалидың Бауыржан Момышұлына арнаған өлеңі. Арнау өлеңді біреулер «ода» деп түсінеді. Өлең арналатын адамның бойындағы қасиеттерін әсірелей жырлау деп түсінеді. Бұл қате пікір. Мына өлеңде сондай нәрсе бар ма? Ақын батыр ағасына шағынып тұр ғой. «Қазағым» деп көкірек кере айта алмаған, «Елім» деп еңірей алмаған, қазағын қаңсыратқан, санасын саңсыратқан, мәңгүртке айналдырғысы келген жауына семсер боп сілтене алмай, қылышының жүзін қан қапқан шарасыздығына шағынып тұр. Батыр Бауыржанның да басындағы тағдыр да дәл осындай. Мұқағали жа- зушылар одағынан шығарылған кезде, сол жиында залда отырған Бауыржан ағасына: «Мәскеуді фашист құзғындардың тырнағынан аман алып қалғанда, мен сияқты ініңізді мына иттердің тырнағынан арашалап қала алмадыңыз-ау!»,-депті. «Қалқам-ау, ол кезде артымда қалың қолым бар еді. Бүгінде жалғыз қалған батырдың қолынан не келеді?»-деген екен сонда Баукең. Баукең Мәскеуді қорғағанымен, Панфиловтың даңқты 8-гвардиялық дивизиясын басқарғанымен, Суворов атындағы әскери академияда дәріс оқып, қаншама болашақ генералдарды тәрбиелегенімен оған Батыр атағын берді ме, шен атағын берді ме? Бодан елдің баласын кім «батырым» деп аяласын?! Содан ғой Мұқағали:

Мықтымын ғой, дегенмен,

Қорғасындай бір салмақ кетер емес денемнен,

Басады кеп төбемнен.

Қош айтысып өлеңмен,

Терезеге төнем де Алатауды көрем мен,

Басы қарға бөленген.

...Мықтымын ғой тегінде!

Қорқытарлық өлім бе, оранарым кебін бе?!

Түкірдім мен оларға!

 Ей, жүрегім, жеңілме.

Ішкі жан дүниесінің күйзелісі, нәтижесіз күрес қажытқанда ақын Алатауына, баба- тауына қарайды. Қарайды да, ойына нәр, бойына қуат алады. «Сүрініп кетсең, қарғып тұр, қайта даярлан, кедергілерден екінші рет қарғуға» деп жазғанындай, ал өзін:

«Өлі балық жолығар өлмегенге!»

Өлмегенге не жетсін өлмегенге!

Қайтер едік өмірге келмегенде?!

Көнеміз де... Қайтеміз көнбегенде?...- деп жұбатады. Дегенмен, ақынның ел, жер тағдырына алаң көңілі тыным бермей, қаламына қайта жармасады. Бүгінде ұлттық құндылықтарымыздың тұнығы ауылда ғана қалды ғой. Ал, ауылдың жағдайы... Жұмыс іздеп қалаға жөңкілген жұрт, қалған жасты өз діни ағымына ілестірем деп жалаңдаған мысық-пиғыл миссионерлер. Мәдениетінің мәні қашып, ұлттық рухының арқауы бо- сай бастаған қауым. Әрине, бұл бүгінгі таңдағы жағдай. Дегенмен, бұл жағдай сол кезеңдерден бастау алады емес пе?

Сен де кеттің,

Мен де кеттім,

Ол да кетті ауылдан.

Осынымыз ұят болды-ау,

Ұят болды-ау қауымнан.

Ұят болды-ау, бауырлар!

...Момын елдің, Арқа сүйер,

Азаматы біз едік,

Жеке-жеке бақыт іздеп,

Жеке өмір түзедік.

Жетер енді!

Туған жердің топырағына тізе бүк!

«Туған жердің топырағына тізе бүк» демекші, бүгінде дінімізге қайта бет бұрдық, имандылықты мұрат еттік деп қуанып жүрсек, кейбір ислам атын жамылған теріс ағымдардың уағызына бас ұрған жастарымыз «Аллахқа (олар солай атайды) серік қосу» деп, соқыр сенімнің құлына айналыпты.

Я, Аллам!

Жаратушы жалғыз ием,

Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем.

Хал сұрар, жәй түсінер бір пенде жоқ,

Жүрек жүн, ойым опат, жанды жүйем.

Я, Алла! Я, Атамның аруағы!

Ақырын соқтыра гөр жақсылыққа,

Сақтай гөр, соғындырма жат қылыққа!- деп жырлаған Мұқағалидың да сол жанының шырылын естімегеніміз ғой?! Қасиетті хадистердегі «Отанды сүю- - имандылықтан» деген сөз рас болса, жастарымызды кері бағытқа үндеген сұмпайы секталарды ортамызға сұғындыруымызға не жорық?! Мұқағалидың «Үш бақытым» атты өлеңі бар. Әр шумағы «Ең бірінші бақытым- халқым менің»,

«Ал, екінші бақытым- тілім менің»,

«Бақытым бар үшінші-Отан деген», деп басталатын осы өлеңді көптеген мектеп оқушылары жатқа біледі. Әр азаматтың жүрегінде осы үш бақыты ұштасқанда, Отанның да керегесі берік, шаңырағы биік болып, түтіні түзу ұшпақ. Мұқағали өмір сүрген заманда осы үш бақыты басында, төрт құбыласы түгел болғанда, бұл өлең жазылмас та еді, бәлкім. Сондықтан да, қайран ақын мынадай жыр жазды:

 Ах, далам, айхай далам, сағым далам,

Бір бұдыр жоқ-ау көзге шалынбаған. Аспан құлап кетсе де тарынбаған, Бір ғаламат бойыңда сабыр бар-ау.

Ах, далам, айхай далам, сағым далам!

Вулканын тұншықтырып, дамылдаған.

Сабырдың да шегі бар, төзімнің де таусылатын кезі бар. Біз өз мүддемізге келгенде, Мұқағалиша «Жапалақ емеспін мен жалбақтаған, қыранмын екі көзі қан қаптаған» деп қасқая қарап тұруға тиіспіз. Өйткені біз, «болашағы жарқын, таңдаған жолы нұрлы, бәсекеге қабілетті, әлемдік өркениетте дамыған елдермен иық теңестіре алатын Мәңгілік Елдің» ұрпағымыз.

Ақын мұзбалақ ақын туралы осылайша толғаныпты. Оның тың туындылары мұнымен аяқталмайды.

ОЛ ЖЕЙХУННЫҢ ҰЛЫ ЕДІ

(Төлеген Айбергеновке)

Жойқын сезім Жейхуннан жұғысқан ба,

Толқынмен Төлеген ұрысқанда?

Арпалысып ағыстан аласұрған

Иірімдер бетінде жымысқанда.


Түтеп кеткен түтіндей...

Асық атым

Жағаға жан жолаудан тосылатын.

Жұлқынумен жұлып жеп қос кемерін,

Сол бетімен Аралға қосылатын.


Табиғаттың заңын да жарты ескеріп,

Бас қайыру бермейтін нар төстеніп.

Құрсауыңа уақытша кесірленген

Мұздары да қататын өркештеніп.


Өр ағыс – ай!

Бұғауды тыңдармысың,

Қызыл сулар айтумен нұрға алғысын.

Қақырата сөккенде сол құрсауды,

Қалатынды адыра мұзжарғышың.


Жан шошытар дауыстар түнде естіліп,

Мұз болғанға пұшайман күй кештіріп.

Шоқпақ қантша уыстап лақтыратын

Соғыстырып сеңдерді, мәңгестіріп.


Сол көрініс көкейде,

Ұмытпадық

Келген ойды сол қалыпты құрықтадық.

Сыртқа атылған киттейінен теңкиетін

Сенделген сең жағаға шығып қалып.


Жанардағы аумай қап жаңа ұшқыннан,

Шағала әні көктеммен табыстырған.

Жағалауда жас ақын желпінетін,

Жырын сомдап жолдағанғарыш сырдан.


...Шақтарды аңсап жайынды, бекірелі,

Бүгін жайдақ су кешкен жетімегі,

Төлеген де көрінбей,

Төлеген де,

Қарс айырылған қарт арна көкірегі


САРЫАҒАШ 

Ырғатылған жүректе сезімдерді,

Сырға тұнған жыр етер кезім келді.


Ақ пейілден ақындық – ақ мақтадай,

Ағытылмай ақ тілек жатпақ қалай?


Ақ жазығы алғандай Айдан рең,

Асан бабам тамсанған аймағым ем.


Кетсе қашық армандар қанатында ер,

Сағынышпен айналып табатын жер.


Ерке Келес, адырдың күн қақтаған,

Өткеннен сыр сәті жоқ тыңдатпаған.


Келсе кезек, қалайша іркем өлең,

Тербегенде тынымсыз жыр – Төлеген.


Көкіректен сырларды аршып егіз,

Әнге айналса қалған әр Шәмшіден із.


Тасқа маржан жайғандай бау – бақшадан,

Астанаға өзіңді алмаспағам.


Ертеңіне атсын деп күліп ақ таң,

Жолда тұрам мінәжәт Қоңыраттаң.


Құлағыңда жаңғырып сөзім қалсын,

Тұрағым бар мәңгілік - өзің барсың,

Сарыағаш!


БІР ЖҰЛДЫЗ

Қанша ойлар ғарышыңның алды есін,

Жабдықтадық жаңа өмірдің сан көшін.

Ынтықтырып, түсірмеді сәулесін

Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.


Сырын ұқпай көк тылсымның көз ілдім,

Айта алады онсыз жүрекке сөзін кім?

Гүлі екен ашылмаған сезімнің

Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.


Қанша тағдыр тұйықталды мен білген,

Қанша қыран қанат қақты сеңгірден

Түбінде бір жанарына сендім мен

Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.


Мазаламай сол түндерден қалған сыз,

Кеудемде бір үміт шамы жанды әлсіз.

Болғандаймын сені көріп армансыз,

Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.


Жүрегімді емдеп жаздың езілген,

Күйкі тірлік күйбеңінен безінген.

Сөнбе енді – сұранамын Өзіңнен,

Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз!


ЕЛІКТЕРІМ

Қалып кеткен қараусыз моладай нақ,

Бір көрініс жүректі жаралайды-ақ.

Езілемін еріксіз еңсем түсіп,

Жезкиіктер қырылған даланы ойлап.


Жұбатпаған жандарын ғасыр әні,

Жануарлар күдікпен жосылады.

Жасырды екен не сырды

Мөлдіреген

Жанарында еліктің қос лағы?!


Жан шуағы жасанды ерітпей мұз,

Көңілі қалған көмірден көріктейміз.

Көздеріме – түбінен түк ұқтырмас

Тігіледі күдікпен еліктей қыз.


Күңгірт тартты-ай жап-жарық күнің неден,

Тереңіне қалайша үңілмеген?!

Ойран етіп кеткені-ай ойларымды,

Жас ілініп кірпігі дірілдеген.


Арылмаған басыммен кіл нәлеттен,

Табиғаттан қалайша сый дәметкем?!

Бір киені жоғалтып алғандаймын,

Киіктермен қырылған бірге кеткен.


Қайдан ұқсын алдынан не күткенін,

Сенімдерін, Құдай – ай, неге үптедім?

Не қалады көріктен,

Даламда анау

Емін – еркін желмесе киіктерім!


ҚАРТ

Бұл тағдырдың түсінбейсің ісін кей,

Қабақ қалай тұра алады ісінбей?

Таң алдында көрген түсі қартыңның

Албастының түсіндей.


Алдындағы қалады асы ішілмей,

Аңырады адамдарға түсінбей.

Қайшылықтан миы ашиды,

Күбіде

Қалып кеткен қатық сынды пісілмей.


Кім қақсайды,

Көпті көрген қақсамай?!

Төзімдердің белгісіндей ақ самай.

Қақсағаны кімге дəрі,

Сөздері

Құнсызданған ақшадай.


Не біледі мына өркен өрімдей,

Жапырағы тұрған гүлдей төгілмей.

Ой қажайды...

Аштан өлген сараңның

Қазылуы қиын болған көріндей.


ҚҰЛЫП

Бұйырмасқа болмайды екен сеп құлып,

Көлеңкесін аңсатып жүр көп ғұрып.

Құлыпсыз-ақ тұмшалаулы тағдырым,

Тұсаусыз-ақ тынған аяқ көп тұрып.


Жырындының жуындысын ұрттаумен,

Жылмаңдасам,қылығымды құптар ма ең?

Өзім сенбей айтқаныма өзімнің,

Өз аузымды өзім келем құлыптаумен.


Өз бағамды көрсеттім,рас,кемітпей,

Ал құным ит аузындағы кеміктей.

Қаламым да болмаса екен санамдай,

Қашықтықтан басқарылар көліктей.


Асқынғанын аңғарсам да жараның,

Жаутаңдайды амалсыздан жанарым.

Текті іздердің бедерінен көз жазып,

Жолсызбенен қиыс кетіп барамын.


ҚАР ЖАУҒАНДА

Қар жауып тұр қылаулап...

Құбылыстан қыстағы

Мен отырмын сыр аулап.

Жетпедім ой түбіне...

Ақ төсіне адырдың

Алсам ба екен бір аунап.


Қонған бетке ақ ұлпа

Нəзіктігін байқадым.

Кірпігіме ілініп,

Айта алмай тұр айтарын.

Қалыбының осынау

Қайда жатыр дерегі?

Жəркен ағам бір кезде

"Қар тоңады"деп еді...


Осы сөздің астары

Оңай емес білгенге.

Дірілдеген түйіршік

Еріп кетті бірдемде.

Көз тігемін көкке үнсіз


САРЫАҒАШҚА СЫР

Тағы ерекше бір дүрсіл бар кеудемде,

Ерен жарқыл бар көзде мəн бергенге.


Жаным менің толқиды,

Жырақтардан

Сарыағашқа оралып əр келгенде.


Жырдың қанша желінін иіткенмен,

Сенің дəмің өзгеше түйіп берген.

Жасай алмай келемін лайық сый,

Маржандардан өзіңнен жиып-терген.


Тұрам қимай жасарда жолдың қамын,

Жалғыздықтың жырақта көрдім хəлін.

Махаббаттан өзіңе деген ыстық,

Əлі күнге сəбише мөлдір жаным.


Еркелігін ерлікке санады ұлың,

Есейсе де тəрік етпей балаң ұғым.

Ұл алдында ер жеткен есі кіріп,

Ескереді өзінің ағалығын


БӘЙТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ ОЙЛАР

(Немесе Әкім Ысқақпен әңгіме)

Сенімен ел аттап жаңа ғасырға,

Тұрақтаса бақыт құсы басында;

Күн нұр шашып перзентіне аяулы.

Қасым болып тебіренсе тасым да;

Сылаңдаған жағасында Есілдің,

Саялы алып Бәйтеректің қасында

Өзіңдей абзал досым тұрғында.

Не жетеді шырын сұхбат құрғанға!


Білген, кейде біз білмеген тарихтың

Қойнауына бедерлі ізін салып тың,

Перзентіміз – ғалымға алғаш көз ашып,

Тасқа арманын ойып жазған халықтың.

Бұтағымен құшып – сүйіп жер шарын

Тұрысын – ай Бәйтеректей алыптың!

Көкірегім мақтанышқа толғанда,

Тұрады ылғи барғым келіп сол маңға.


Бәйтерекке ұқсап менің жүрегім,

Жер – жаһанның жүгін алып жүремін.

Бәйтеректің оттарындай сол жүрек

Шегіндірер зұлымдықтың түнегін.

Бәйтерегім көкке құлаш жайғанда,

Тымырының амандығын тіледім.

Сыр мен сын Бәйтеректің еңселі,

Әр қазақтың болса, шіркін, өлшемі!


Тырналар

Жетсе көктен əуезді сыңғырлап үн,

Құятындай жаныма жырдың нəрін.

Бір киенің сол үнмен жететұғын,

Жебеу етіп жүрекке жүрдім барын.


Əр көктемде өсерде шалғын жерге,

Тігілемін құлаған қарғын көлге.

Адамзаттық бір тамшы мейірге зар,

Сол жеріңнің үстінде бармын мен де...


Нендей сырды мына үн астарлады,

Неге үнсіз жанардан жас парлады?!

Ойға батам қаяулы Расулша,

Тырналарға көз тігіп аспандағы.


Өрт сөндірген боздақтай кескінім де,

Бозарады...

Білмеймін өшті кімге.

Сансыратқан сұраққа жауап таппай

Тыраулаған ұзаттым көшті іңірде.


Ұмытылып дүниенің жалғандығы,

Ұлы сыйдай көрініп салған мұңы.

Сəулесіне бір сəттік зар болам ба,

Сол киеден көз жазып қалған күні


ЗАМАН-АЙ

Қосынына қу құлқын тонатты елді!!!

Сый-құрметтен еншісі сол-ақ па енді

Шімірікпей Әуезов тұрған бетке,

Шемішкесін саудагер орап берді.


Сөзден қадір кеткесін осы да күн!!!

Тіл күрмеліп,амалсыз тосыламын.

Арыстардың хаттарын анау жердің

Шелегінен көргенде шошынамын.


Тоқтатардай әруақтың тосын үні,

Жон-арқамды бір ұят осып ұлы.

Газеттерден жырыма сол тағдырды,

Қиналамын қия алмай осы күні


ҮСЕНГЕ

Тағдыр-дағы

Ағаңа

Ақ жеңгені сай қылған.

Тұз себелеп жараға,

Жетпеп еді қайғырған!


Күннің нұрлы шуағын

Бұлдағанын кім көрген.

Кей пендені,шырағым,

Білмеген жөн білгеннен!


Жырға салмақ кім тұсау,

Пілге үрмей ме күшік?

Қастарыңның сырты сау,

Жүр деймісің жетісіп.


Бәрін,бәрін түсінем,

Аққа кір тез қонады.

Төменшіктер кісі ме ең,

Қарасаңшы жоғары!


Тағдыр ғой бұл,

Кім білген...

Ақты қалай ақтарсың!

Кетістім деп бұлбұлмен,

Қара қарға шаттансын.


Жүрегіңмен ұқ мұны,

Жігерлі жан емес пе ең.

Күндейтінін мықтыны,

Шығармағын сен естен!


Алтын санап бақырды,

Жүр екенбіз жақын ап.

Үндемеген ақылды,

Біз екенбіз-ақымақ.


Тағдыр да тұр тістене,

Үлесіңді жырымдап.

Болмады,Үсен,

Кішкене

Жібермесек ырымдап


АНА ЖҮРЕГІ

Көңіл көзін арбаған көлемдердің

Сыятынын жүрекке сенен көрдім.

Лебізіңмен жеткенде сиқыр сазы

Біздің жадта жаңғырған өлеңдердің.


Зұлымдықпен жалғанда дара қалсам,

Жігерлендім бейнеңе қарап алсам.

Жалғыз тамшы жасымен мейірімнің

Жазып алдың күресте жаралансам.


Енсем жерге езіліп сергелдеңнен,

Суырып ап апаннан көмген белден.

Тылсым судай тірілтер сол жасыңмен

Қайта әкелдің өмірге өлген жерден.


Жанарыңнан жарқ етсе көңіл емі,

Мұз құрсауы қайғының сөгіледі.

Ақ шәлісін жамылған арайлы шың

Төрімдегі өзіңдей көрінеді.


Жанымнан нұр таралып,тастардан үн,

Ар жұпарын аңқытса асқарларым.

Көкірегіме құйылып Көктен қуат,

Құшу үшін келеді аспандағым.


Сен жетім емессің

Сен жетім емессің,

Ұйықта,құлыным.

Жетімдіктің жайын біздерден сұра.

Ғафұр Ғұлам.


Сен жетім емессің,

Жетім сезімдер

Қуыс кеуделерден иман безгенде.

О Алла! Ақынға мықты төзім бер,

Жүрек ақыреттің лебін сезгенде.


Сен жетім емессің,

Жетім тағдырлар

Тілі мен рухынан тірі мақұрым.

Жолдар торабында басы қаңғырған,

Еліктеу-солықтау шайған ақылын.


Сен жетім емессің,

Жетім табиғат

Аясынан безіп кеткенде марал.

Түбіне бүгінде қайық қайырлап,

Түңіліп тірліктен кепкенде Арал.


Сен жетім емессің,

Жетім ғой Муза

Ақын жаны болса өзімен әлек.

Пегастың шідерлі көзінде ыза,

Үнсіз қожайыннан күтуде дерек.


Сен жетім емессің,

Жетім жүректер

Бәрінен де осы батады маған.

Жармай ұшып тобын қаздар,үйректер,

Қалғанда аяудан адамды адам.


Сен жетім емессің,

Қорғансыз қозым!

Жайын жетімдіктің сұра біздерден!

Ақынның керексіз,өтімсіз сөзі,

Бүгін адамзаттың сұры өзгерген.


Сен жетім емессің,

Ұйықта,құлыным!

Қасыңда отырып мұздайды ішім.

Бәлкім,сен асылдан қалған сынығым,

Жіберілген мұзды қозғауың үшін!

Қоңыр мұңнан құралған әлем
Сатираның саңлағы, қаламгерліктің оғланы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу