Ауған сәбиінің монологы
Сәлем жолдар шама жоқ жыл құсынан,
Ай бетінен өтемін, күн тұсынан.
Құс баласы бұл жақта қайдан болсын,
Сейілмеген түтіні ұңғысынан…
Өткен-кеткен керуен сауға сұрап,
Заманында рухынан жау жасыған.
Басынан бағы тайған, баяны ұшып,
Біздің өлке бұл күнде қан сасыған.
Ахеменид, Селевкид, Парфияным,
Құшан, Құрттар құбасы Азияның.
Хан Шыңғыс, Әмір-Темір, Бабыр, Гурид,
Бабаларым еді ғой әз ұямның.
СССР-ің бабамның басын алды,
Есерлерің атамды қасына алды.
"Дүние - жарық қой" деп келіп едім,
Жолымнан қалың тобыр тосып алды.
Тағдырым тарамыстай жиырады,
Санама сансыз сауал құйылады.
Ей, әлем! Кінәміз не? Неге менің,
Кіндігім қирандыда қиылады?..
Құрбаны біз - саяси ойыншының?
Соққысы бұрын тиген сойылшының.
Балалық бізде, сірә, болған емес,
Автомат пен тапанша - ойыншығым.
Панджшер - алып менің Эвересім,
Кандагар - отқа ораған керегесін.
Кабулдан ұшып көкке кетем қазір,
Атам жоқ жетелейтін немересін.
Құндызда құнсыз кеткен әкпем қалды,
Аярлар аяқ-қолы жеткенді алды.
Мазари-Шарифтегі нағашыдан,
Хабар жоқ… қысың өтіп көктем қалды.
Байтал түгіл бас қайғы, панам да жоқ,
Қуырып бара жатыр даламдағы от.
Тырбанып қол созамын әлдекімге,
Топ ішінде әкем жоқ, анам да жоқ.
Алла тірек - бақи мен фәнидегі,
Қандай аян жеткізер Нәбилері…
Құдайға хат жазамыз әр күн сайын,
Жиылып Ауғанстан сәбилері…
Тәтті екен ғой, тәтті екен жан дегені,
Жан алады, Жаратқан, жан береді.
Көзімді тырнап ашып көрген көштен,
Құлағыма пуштунша саз келеді
"Бабамның жері - ғашық мекенім,
Қашып келемін, жосып келемін.
Ауғанның басы - Алланың добы,
Бас ауған жаққа қашып келемін...
Жазым келсе ғой жаңбырға бөлеп,
Бөленсек, шіркін, ән-жырға кенет!
… Атамекеннен басты қаңғыртқан,
Тасбауыр мынау тағдырға нәлет!"
Жанарбек ӘШІМЖАН