Шыңғыс Айтматов: Адамдар – тағдырын, тағдыр – адамдарын іздейді
Әр заманның ойшылдары артында ізі мен өзіндік идеясын қалдырып отырған. Ақындардан мұраға өлеңдері қалса, жазушылардан қанатты сөздері қалды. Oinet.kz тілшісі жазушы Шыңғыс Айтматовтың айтқан ойларын назарларыңызға ұсынады.
1. Бала күнгі естеліктер, көрген-баққаның, ойға түйгенің, бастан кешкен алуан түрлі оқиғалар мен жүздесулер сұрыпталып, бір жүйеге түсіп, шығарманың негізін құрайды.
2. Билік дегеніміз – айбалтаның басы да, демократия – сабы. Ал сабын ұстайтын әлеуетті қолдың иесі қашан да халық екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан бұл екеуін бөле-жара қараудың қажеті жоқ.
3. Өмір мен өлім, махаббат пен қасірет, илхам-шабыт – бәрі-бәрі музыкада. Адам адам болып көзін ашқалы азаттық үшін күресіп келе жатса, сол азаттық арманының асқақ аңсарын адам тек музыка тілімен ғана айта алады.
4. Әр адамның өз пешенесіне жазылған тағдыры бар. Мынау ғалам қандай шексіз болса, ол да сондай шек-шетсіз, құпиялы да күрделі. Әркім өзінің өмір жолында бұйырған адамына жолығады. Бірігіп әрқайсысы өз түсінігіндегі бақытын іздеуге аттанады.
5. Адамдар – тағдырын, тағдыр – адамдарын іздейді... Сөйтіп ғұмыр шіркін шыр көбелек айналып өте береді...
6. Адамның мәні – адамгершілік. Адамның мәні – ізгілік пен сұлулық. Бұл да Құдайдың құдіретімен болмақ.
7. Осы планета адамға соншалықты тар сияқты көрінеді. Адам байғұс жер үстіне сыймаймын-ау, аштан өлемін-ау, деп үрейленіп, өзге өзі сияқтылармен сыйыса алмай жүретінін қайтерсің. Жер жарықтықты стадионның көлеміндей-ақ етіп тарылтатын осы бір ұғым, осы үрей, осы бір жауығу емес пе екен.