Мағжан Жұмабайұлы. Бала киімі қандай болуы керек?
Баланың дұрыс өсуінің негізгі бір шарты киімнің дұрыс болуы. Баланы желге, күнге тигізбеймін деп орап, шымқап, үлбіретіп өсірудің де қажеті жоқ. Бұлай өскен бала аурымпаз болады. Шынықтырамын, денесін берік қыламын деп, жалаңаш-жалпы ұстау да жарамайды. Шынықтырамын деп жүріп, ауруға шалдықтырып, жазатайым өлтіріп алуы да мүмкін. Киім дененің жылылығын сыртқа, сырттың суығын денеге жібермейтіндей болуы керек. Сондықтан да, бала киімі жұмсақ, жеңіл нәрседен тігілуі қажет.
Бала киімін үлкен кісілер киімімен бірге жууға жарамайды. Үлкен кісі киімінен бала киіміне бір нәрсе жұғуға мүмкін. Жеткен адам денесіне зиян келтірмеген нәрсе жас баланың денесіне зиян келтіруі оп-оңай. Баланың киімі қолпылдаған кең, денені қысып тұрғандай тар да болмасын, шақ болсын. Балаға биік өкшелі етік кигізу, белін белбеумен қысып тастау жарамайды. Жалпы айтқанда, бала киімі әдемі болсын деп емес, ыңғайлы болсын деп білу керек.