Жансүгіровтен жауап алған жендеттің монологы

Oinet.kz 05-05-2020 618

image.png

(Немесе жанар туралы жыр)

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай

Көзімді ілсем қорқынышты түс көрем,

Бұрын-соңды мұндай күйге түспегем.

Отты жанар қарайды тұрады,

Аянышпен, кейде суық сұспенен.

Бұл жанарды қайдан көрдім мен оны,

Көзді жұмсам каһарланып «төнеді».

Ата-анамның жанары емес, ол анық,

Есім кірмей жетім қалғам себебі.

Бай есігін бағып өстім жалшы боп,

Надандықтан тиді басқа қамшы көп.

Бай туыстың жанары емес, Өзімен,

Тең көретін, қарамайтын малшы деп.

Иттігім бе, қас-дұшпаным ол енді,

Аллаға шүкір... тфу...еңсем  теңелді.

Жаңа заман мендейлерді құттыртты,

Биіктетті кешегі «қор» төбемді.

Ұрандаймын күндіз-түні еліре,

«Ащы сумен» шөл басамын көбіне.

Қысылмастан кұл боп өткен тегіме,

Алшаң басып шығар болдым төріне.

«Халық жауы» дей саламын жақпаса,

(Алғырлығым – елде «жаулар» қаптаса?!.)

Кім болса да жазалаймын аяусыз,

Комиссарым «жарайсың» деп мақтаса.

Мойнымда жүр қаны, жасы талайдың,

Оны бірақ ерлігіме балаймын.

... Әлгі арудың жанары ма кектенген,

Еріккенде ермек еткем талай күн...

Қайдан көрді зәрлі, уытты көзді бұл,

Жұмсам болды өр еңсемді езді кіл.

Көкбөрінің жанары ма деп қалам,

Есіме алып малшы болған кезді бір?!.

... Таптым, таптым...көзәйнекті сол тұтқын,

(Рас,  оны бір кездері зор тұттым).

Мойындатам «халық жауы» екенін,

Адалмын деп ойлайтындай артық тым.

Мысқылдайтын секілді ме сөзімен,

(Неге екенін алдында пәс сезінем?!.)

Қан жоса боп сұлап жатып еденде,

Жеп қоярдай ызғар шашар көзімен.

«Сынар емес»... қазандайын қайнайды іш,

Қалжыраймын, «жұтам» содан мен байғұс.

Отыз  екі тісін қағып алсам да,

Илікпейді неткен төзім, қандай күш.

Жансүгіров, дейді есімі – Ілияс,

Ақын екен, удай ащы тілі рас.

Сыбайласы Сейфуллин де осында,

Майлин жатыр бұл қоғаммен ділі қас.

Сейфуллинді... естуім бар сұлу деп,

Суретін де көргем түскен күлімдеп.

НКВД-ім ағызыпты бір көзін,

... Сыңар көзбен жіберердей «тілімдеп»!!!

Майлин шіркін шексе де азап қаншама,

Қасарысты дейді мың сан талса да.

Мүсірепов деген біреу айтыпты,

«Бейімбет пе, онда мен де... жау сана».

Таңғаламын не үшін азап тартуда,

(Арманы асқақ осы өлермен қалпында?!.)

Ұлтым дейді, Алашым деп аһ ұрар,

Атылмақшы... бүгін таңғы салқында...

Мына маған Ұлт, Рухың бес тиын,

Қарным тоқ па, кажет те емес ешкімің!..

Іңір түссе ірің жұтам алайда,

Отты жанар оралады кешкұрым.

Шала ұйқылы, шала маспын күніге,

Жұрт жеркеніп қарайтындай түріме.

Қорқам осы жанарлардан от шашкан,

Зауал болып жетеді-ау деп түбіме...

Серікжан Қажи

Нұрхалық Абдырақан. Бәйтік (әңгіме)
Өлмегені үшін қорлау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу