Джек Лондон. Арыстан адамның хикаясы

Oinet.kz 05-05-2020 638

image.png

Алыстағы әлдебір ноқатқа қадалған ойлы жанары мен кәрі қыздікіндей мұңлы, бәсең дауысынан ол өмірден түңілгіш жандай болып көрінетін. Болмысы ұқсамағанмен, ол Арыстан адам еді. Оның жұмысы қалың көрерменнің алдында өнер көрсететін арыстандардың торына кіріп, жан түршіктіретін әрі тәнті еткізетін түрлі қойылымдар көрсету болатын. Арыстан адамға бұл үшін ұйымдастырушылар ірі көлемде ақша төлейтін. Жоғарыда айтқанымдай, арыстандардың бел ортасында өнер көрсететін шағын денелі батырды мен бір сағат бойы әңгімеге тартып, қызықты хикая естуге тырысқаныммен, онымнан түк шықпады. Жұмысынан ешқандай жүрек жұтқан батырлық пен ерлікті көрмейтін ол өз ісін күнделікті күйбең тірліктен еш айырмашылығы жоқ қарапайым әрі іш пыстырарлық нәрсе деп есептейтін. Шынында да, ол үшін арыстандармен бетпе-бет келіп, шайқасу түкке тұрмайтын, соншалықты оңай нәрсе еді. Егер сасқалақтап, қобалжымай, сабырлы қалпын бұзбай тұра алса, кез-келген адам арыстанды қарапайым таяқпен-ақ дегеніне көндіре алады. Арыстан адам бірде бір арыстанмен бір жарым сағат шайқасқан болатын. Арыстан өзіне ызалана ұмтылған сайын мұрнынан таяқпен соғып қалады да, ал айлаға басып, басын төмен салып шабынған кезде аяғын таяқ орнына қолданады. Ал аяғына жармасқысы келсе, сәл ғана артқа шегініп, мұрнынан қайтадан таяқпен ұрады. Бар болғаны – осы.

Ойлы жанарымен сонау алыстардағы өзгелер көрмейтін жұмбақ құбылыстарға қарап, бәсең әрі жұмсақ дауыспен сөйлей отырып, Арыстан адам маған денесіндегі жарақат іздерін көрсетті. Тұла бойында жыртқыш аңдармен шайқаста түскен тыртықтар көп екен. Соңғы айқасында жолбарыстың тырнағы иығынан кіріп, сүйегіне дейін жеткендіктен, шекпенінің де иық тұсын мұқият жамап қойыпты. Өткір тырнақ пен пышақтай азу тістерден мылжа-мылжасы шыққан оң қолының шынтақтан төмен жағы бұрғылау машинасына түскендей әсер қалдырады. Бірақ өзінің айтуынша, денесіндегі жарақаттар жаңбырлы күндері сыздап, мазасын қашыратыны болмаса, пәлендей ауырмайды. Әлдене есіне түсті ме, кенет оның жанарында әлдебір ұшқын жарқ етіп, жүзі жадырап сала берді.

–       Бір ер адам жек көрген арыстан-үйретуші туралы естіген шығарсыз? – деп сұрады.

Ол сәл бөгелді де, қарама-қарсы беттегі беттегі торда жатқан сырқат арыстанға қарады.

–       Тіс ауруына шалдыққан, – деп түсіндірді ол, – Жарайды, әңгімеге көшейін. Арыстан-үйретушінің жұмысы қалың көрерменнің алдында арандай ашылған арыстанның аузына басын салып, өнер көрсету болатын. Оны жек көрген әлгі ер адам әр көрсетілім сайын арыстан аузын жауып қалса екен деп тілейтін. Арыстан-үйретуші көп елдерді аралап, өнерін көрсеткенде, ол да бірге еріп жүрді. Жылдар сырғып өте берді. Сөйтіп жүріп, оның да, арыстан-үйретушінің де жасы ұлғайды, арыстан да қартайды. Ақырында ішіне ыза мен кек толып, қаны қайнаған әлгі ер адам бір күні алдыңғы қатарда отырып, ұзақ жылдар бойы сарыла күткен нәрсесі орындалғанын көрді. Бір көрсетілімде арыстан аузын жауып, үйретушінің мойнын «қытыр» еткізіп үзіп жіберді. Дәрігер шақырудың да қажеті болмай қалды.

Сәл ғана үнсіздіктен соң ол әңгімесін қайта жалғастырды:

–       Мен өмірде сабырлы, байсалды қалпымнан танбауға тырысамын. Дегенмен, Де Виль есімді француз танысым ұстамдылықты қадір тұтпайтын. Денесін аралап, кездік жұтып, доппен түрлі өнер көрсететін шағын денелі, арықша келген оның өте сұлу әйелі бар еді. Қызуқанды Де Виль құдды бір жолбарыс сияқты шалт әрі шапшаң қимылдайтын. Бірде көпшіліктің көзінше «бақа-жегіш» деп кемсіткен әріптесін ол ағашқа итеріп қалады да, пышақ лақтыру өнерімен, көзді-ашып жұмғанша лезде денесін қоршап пышақ қадап қояды. Әріптесінің ойлануға да мұршасы келмей қалған екен. Содан бері адамдардың арасында Де Вильдің ызақорлығы туралы сөз тарап, оның шамына тиюге де, сұлу әйеліне қырындауға да ешкімнің жүрегі дауаламайтын.

                                                      ***

–       Алайда Уэллэс есімді азамат ешбір жаратылыстан қорықпайтын. Арыстан үйретуші болып жұмыс істейтін ол арыстанның арандай ашылған аузына басын салу арқылы өнер көрсететін. Кез-келген жыртқышпен өнер көрсетуге шамасы жетсе де, Августус есімді арыстанға сенетін. Тірі не өлі ешқандай мақұлықтан сескенбейтіндіктен, біз оны «Уэллэс патша» деп атайтынбыз. Уэллэс шын мәнінде де патша еді. Мен оны біреумен бәстесіп, таяқ та ұстамай, жалаң қолмен арыстанның торына кіріп барғанын өз көзіммен көрдім. Жұдырықпен аң патшасының мұрнынан бір-ақ ұрып, тырп еткізбей, дегеніне көндірді.

–       Мадам Де Виль...

Кенеттен артымыздан шыққан ышқынған ащы дауыстан Арыстан адам жалт бұрылды. Торға қамалған маймыл әрі-бері секеңдеп жүріп, көрші торға қолын сұққанда, ондағы тайыншадай сұр қасқыр тістеп үлгеріп, жұлып алуға тырысып жатыр екен. Бейбақ маймылдың қолы қалың резіңкедей созылып, тордағы өзге маймылдар құлақ тұндырар шыңғырған дауыспен шу көтеріп жатырған-ды. Әлгі маймылдың қолы үшін ара түсетін ешкім болмағандықтан, Арыстан адам атып тұрып, тордың қасына жетіп келді де, қолындағы таяғымен қасқырды тұмсығынан аямай ұрды. Содан соң бірдеңе бүлдіріп қойған баладай ыңғайсыздана жымиып, қайтып келді де, әңгімесін жалғастырды:

–       Мадам Де Виль мен Уэллэс патша бір-бірінен көз алмай, ұзақ уақыт тесірейе қараған кезде Де Виль ызадан жарылып кете жаздайтын. Біз Уэллэске сан рет ескерткенмен, сөзімізді елемей, күлетін де қоятын. Бір күні ол төбелескісі келген Де Вильдің басына бір шелек желімді құйып жіберді. Мен үсті-басы әбден былғанған Де Вильдің тазалануына көмектестім. Сұп-сұр болып безірейіп, бар ашуын ішіне түйіп алған Де Виль Уэллэске ештеңе деген жоқ. Бірақ сол жолы мен оның жанарынан жыртқыш аңдардың көзқарасындағыдай ызалы жарқыл мен айнымас бір шешімге тоқтаған отты ашуды көрдім. Сол себепті, Уэллэске барып, мен ақырғы рет Де Вильді ерегестірмеуін ескерттім. Ол әдеттегідей күлді де қойды. Дегенмен, содан кейін Мадам Де Вильге тесіліп қарауын доғарды. Бірнеше ай өтіп, айтарлықтай ештеңе болмаған соң, мен текке үрейленіп, уайымдаудың реті жоқ екенін түсіне бастадым. Біз ол кезде шығыста, Фриско деген жерде өнер көрсетіп жүрген едік. Түстен кейін көрсетілім болғандықтан, үлкен шатырдың іші әйелдер мен балаларға лық толы болатын. Менің өнер көрсететін пышақтар салған қоржынымды алып кеткен Қызыл Денниді іздеп жүрдім. Киім ауыстыратын шатырлардың бірінің ішіне қарағанымда, бір топ адамның арасында тұрған Уэллэс патшаны көрдім. Ол да, шатырдағы өзгелері де бірнеше әртістің арасында туындаған кикілжіңді қызықтап қарап тұр екен. Тек Де Виль ғана жек көрініш пен жиренішке толы отты жанарын Уэллэске қадап тұр. Мұны менен басқа ешкім байқаған жоқ. Кенет Де Виль қоржынынан қалта орамалын шығарып, бетінің терін сүрткендей сыңай танытты да (ол күні өте ыстық болатын), Уэллэске арқа жағынан жақындады. Мен оның сол кездегі көзқарасынан қатты шошындым. Өйткені, оның жанарында жек көрініш пен бірге әлдебір жұмбақ қуаныш та бар еді. Де Виль сыртқа шығып кеткен кезде арқамдағы уайым жүгі жеңілдеп, жүрегім орнына түскендей болды. Бірнеше минуттан соң мен үлкен шатырға қайта оралып, Қызыл Денниді кезіктірдім. Ал Уэллэс патша қалың көрерменді таңдандырып, өнер көрсетуін бастап кетіпті. Бүгін ол маған тым дөрекі әрі көңілді көрінді. Қолындағы ұзын қамшысын әрі-бері иіріп, тордағы арыстандарды ақыртып, бір орында отырғызбай, шырқ айналдырып жүр. Тек тым семіз әрі жалқау кәрі Августусқа ғана тиіспей, қозғалыссыз жатуына мүмкіндік береді. Алайда сәлден соң Уэллэс кәрі арыстанды қамшысымен тізесінен ұрып орнынан тұрғызды. Момын Августус көзін жыпылықтатты да, аузын ашып тұра қалды. Уэллэс арандай ашылған ауызға басын сұққанында, арыстан аузын жауып қалды да, «қытыр» етіп, мойын омыртқаның үзілген даусы естілді.

Арыстан адам ойлы кейіпте күлімсіреді де, алыстағы әлдебір құбылыстарға көз тікті.

–       Уэллэс патшаның ақыры осылай болды, – деп жалғастырды ол сөзін мұңлы, бәсең дауыспен, – халық тарқаған соң, мен торға кіріп, Уэллэстің басын иіскедім. Содан соң ащы иіс қолқамды атып, түшкіріп жібердім.

–       Бұл, бұл дегенің... – деп мен жан ұшырып, ойымды жинақтауға тырыстым. Киім ауыстыратын шатырда Де Виль Уэллэстің шашына қолқаны ататын ұнтақ сеуіп қойыпты. Кәрі Августус көрсетілім барысында аузын жауып қалуды мүлде ойламаған. Ол бар болғаны түшкірген екен.

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Чарльз Диккенс. Таңғажайып саяхат
Кетіп қалыпты (Сатиралық әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу