АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ. ОН СЕГІЗІНШІ ҚАРА СӨЗ
ОН СЕГІЗІНШІ ҚАРА СӨЗ
Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.
Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» – дейтұғын болмаққа ойланбақ.
Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.
Абай Құнанбайұлы.
ОН СЕГІЗІНШІ ӨЛЕҢ
Басыңа қонсын десең бақ пен ырыс,
Сыпайы болу дағы сүймек бір іс.
Адамның баласына бұл өмірде,
Жыртықсыз, таза киім кимек дұрыс.
Көріну жұрт көзіне «кердең кісі»,
Адамның ол дағы бір көргенсізі.
Дәулетін көңіліне қуат тұтып,
Артық боп көріну де кербез ісі.
Әйтсе де әр нәрсенің құрығы бар,
Шіркінде ес болсайшы мұны да ұғар.
Кісіні мінезімен мезі қылар,
Кербездің екі түрлі қылығы бар.
Тұрғандай ғайыптан бір әулие қолдап,
Бейбаққа батпандай бақ зәуде қонбақ.
Жүрісін, қас-қабағын қолдан түзеп,
Тарақтап саусақтарын әуре болмақ.
Болғанмен көңілің мен күйің тыныш,
Бола ма жұрт ішінде сыйың дұрыс?
Егер де мұндай ойға барар болса,
Қайтадан адам болмақ қиын бір іс.
Басыңа қонсын десең жарқырап құт,
Өзіңді ақылыңмен бақылап күт.
Адамнан – адам білім, ар мен озбақ,
Басқалай оздым демек, ақымақтық!
Әлібек Шегебай.