Әсет Найманбайұлы. Ән басып, мейір қандыра салғандай қып

Oinet.kz 23-08-2020 920

Ән ардағы – Әсет

Ән басып, мейір қандыра салғандай қып,

Үйреніп жастар ғибрат алғандай қып,

Тәтті әннің арасына асыл сөзді,

Тоқысаң меруерт пен маржандай қып.

Сөйлеген грамафон табағындай,

Мирас боп бозбалаға қалғандай қып.

Бір сағат сандуғаштай сайрап берсең,

Құлаққа қайта есіту армандай қып.

Бесмилла сөз сөйлейін тыңда жұртым,

Көңілдің әңгіме ашар, қайғы бұлтын.

Жарасты жақсы сөзден өлең өріп,

Келтірсе ашуына сөздің кілтін.

Бұрын да тақ Сүлеймен, Зұлқарнайын,

Тастаған талай ғазиз дүние мүлкін.

Болмайды көрген түстей көз жұмылса,

Тірлікте қанша қызық ойын-күлкің.

Бесмилла сөз сөйлейін тыңда қауым,

Сұралық ер азамат, деннің сауын.

Қырандай тоят іздер шіркін көңіл,

Тартқандай томағасын, аяқ бауын.

Аспанға тірі ғайып қазірет Ғайса,

Әзелде оған тағдыр осылайша.

Көп іздеп, аш құландай жаһан кездің,

Көк шалғын табылар деп қайдан майса.

Дүниенің аз тоятын көптей көріп,

Қызығын торғай қуған тұрымтайша.

Кеудемде асыл сөзім шірімесін

Бермеген малдан зекет сараң байша.

Көзден нұр, мидан ақыл, бойдан қуат,

Дәурен жоқ жастық мөлшер бізден тайса.

Күнқақты сұр шолақсың шыр бітпеген,

Кісідей өрт өшірген түр бітпеген.

Араққа апиынды езіп ішіп,

Бір қусың мал-басыңды өрбітпеген.

Асаудай аптық басып арындайсың,

Құр сөзге құнары жоқ жалындайсың.

Терідей сабын жаққан жылп-жылп етіп,

Шіркін-ай қойған жерден табылмайсың.

Жігітке қисық мінез мінменен тең,

Жараспас жас бойына сынменен тең.

Қолы сараң надан бар, көңілі қарау,

Ақ жүрегі қараңғы түнменен тең;

Күлдіргіш қалжыңға ұста тәуір жігіт

Көңілдің бақшасында гүлменен тең,

Сасқан жерде ойланып тапқан ақыл,

Заты жалған болғанмен шынменен тең;

Ақылыңда жарасқан жақсы жолдас,

Кіндігіңнен тараған ұлменен тең;

Ойыншыл, қалжың сықақ көтерген ер

Терісі жуан елі пілменен тең;

Жақсы атадан жарым ес бала туса,

Қайырымсыз, қайғылы - суменен тең;

Ойсыз, мисыз болады кейбір жігіт,

Жігеріңді қылады құмменен тең;

Біреуден пайдаланған ақыл, білім

Жаңбырмен араласқан нұрменен тең.

Қазағым қараңғыда өмірі өткен,

Еңбексіз әр нәрседен көңіл еткен.

Қояндай көлеңкеден босқа қорқып,

Біле алмай барар жолын зеңгіп өткен.

Үш жылда бір келетін сайлау болса,

Бар малын ысырап қылып төгіп өткен.

«Малдының беті жарық» мақал болып,

Малсыздың тіршілігі кеміп өткен.

Қырық жеті қызға берсе шал алады,

Қисапсыз көп мал беріп бөгіп өткен.

Талқан боп тас ошағы шағылса да

Қыз алған қылмысты боп көніп өткен.

Шығарған төре билеп заң, өнеге,

Жоқ жұмыс шариғатта, ол немене?

Төренің қатынынан бір ұл туса,

Онысын ие қылып әр төбеге.

Теңдесіп қара қазақ келе алған жоқ,

Төренің аулы қонған керенеге.

Төре өлсе бір қазақты бәйге тігіп,

Іс қылған есебі жоқ ережеге.

Төрені түк білмейтін сұлтан қойып,

Көргендер білгендермен тең келе ме?

Қабарсыз қара көңіл қазағым-ай,

Еріксіз билік беріп, сол немеге?

Сарт, ноғай саудагер бар базардағы,

Ол-дағы қараңғы елге тажал-дағы.

Ойламай бір теңгеге бір қой алып,

Халықтың ебін тапты олар-дағы.

Бір теңгеге он теңге бексол жасап,

Халықтың қанын сорды-ау бұлар-дағы.

Біркәшік сұлу ат пен әсем киім,

Түрі жат қойға қара шабардағы.

Қазақтың бір сиырын қуа қашып,

Борышын үлестіріп замандағы.

Мал шашып қазақ құмар шен алмаққа.

Тақытта үш жыл жатып демалмаққа.

Аз малын арам жолға ысырап қылып,

Пәледен ұрлық жасап жем алмаққа.

Әкесі олай, баласы бұлай тартып,

Сатады қарындасын он жармаққа.

Сайлауға ат таппаса, өгіз мініп,

Бай түгіл, кедей құмар бір бармаққа.

Би қиқайса тартады мұрындарын,

Білгенсіп әр нәрсенің орындарын.

Ақиқаттан хабарсыз шартақ билер,

Бұзды ғой әділеттің формыларын.

Қаңғыртып қара жұрттың қанын сорып,

Сипаған қазандай қып қарындарын.

Нақақты әділетсіз күйдірдің ғой,

Биеке - ау, мұның қалай қағынғаның?

Бірде кей қателесіп жолға түссе,

Дұрыс па соған қарай сойылыңды.

Әсет Найманбаев. Болжаусыз осы екен ғой өлім деген
Әсет Найманбайұлы. Інжу-маржан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу