Мағжан Жұмабаев. Әйел

Oinet.kz 21-07-2020 982

image.png

Қылмыстан жазып Тәңіріге,

Қарсы келіп әміріне,

Қуылды Адам жұмақтан.

«Қайт,- деген,- қара жеріңе,

Бесігіңе, көріңе!»-

Бұйрық болды бір хақтан.

Батпас жарық күні жоқ,

Періштелер үні жоқ,

Айнала – өлім тып-тыныш.

Өткелсіз биік тауы бар,

Есепсіз түрлі жауы бар,

Қараңғы көрдей қорқыныш.

Жерге түсті жалаңаш,

Көңілде – қасірет, көзде – жас,

«Кеш, Тәңірі!»- деп сұрады.

Қорықты ма қатты жазадан,

Алда құр жалғыз азадан,

Зарлады, қатты жылады.

Жерде жалғыз зарығып,

Көктегі жұмақ сағынып,

Жылады баспай өксігін.

Жасты көріп, Жаратқан,

Ыстық дария боп аққан,

Ашты рақмет есігін.

Жұмақтың жібек желінен,

Жайнаған мәңгі гүлінен,

Хош иісін аңқытып,

Күміс кәусар суынан,

Суының алтын буынан,

Бетінде нұрын балқытып,

Көктің батпас Күнінен,

Періштелер үнінен,

Жұмақта хорлар лебізінен,

Өз нұрынан нұр бөліп,

Сезгіш, сүйгіш жан беріп,

Махаббат, рахмет теңізінен,-

Жаратты Тәңірі әйелді:

Бастасын деп бар ерді

Туралық, шындық жолына.

«Адаспассың, азбассың,

Тура жолдан жазбассың,

Ерсең,- деп,- мұның соңына!»

«Жұмақтан жырақ кеттім!-деп,-

Кешілмес күнә еттім!»- деп,

Жылама зарлап, налыма!

Жолбасшыңнан өрнек ап,

Сенің де көңілің болса ақ,

Жұмақ даяр тағы да!»

Өтті заман. Жас кепті.

Қорқыныш, қатер, қайғы өтті,

Ұмытты адам Алласын.

Жауыздың жасы жалған ба ед?

Жауыздық оған арман ба ед?

Жер жұтты ма уағдасын?

Кешегі әйел-періште

Адамды бастар ғарышқа,

Жүзі жарқын нұрлы айдан,-

Еңіретіп күң ғып сататын,

Еріккенде ойнап жататын

Болды, қалды бір хайуан.

Енді ежелгі көркі жоқ,

Көргені қорлық, еркі жоқ,

Естисің бе зарлы үнін?

Бұл ісіңді қоймасаң,

Әйелмен ылғи ойнасаң,

Жүрмесін көп боп бұл күнің!

Мағжан Жұмабаев. Орамал
Мағжан Жұмабаев. Жер жүзіне
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу