" />
" />
" /> Әзілхан Нұршайықов: Апамның айтқандары-Жаңалықтар

Әзілхан Нұршайықов: Апамның айтқандары

Oinet.kz 16-08-2020 1123

"Махаббат қызық мол жылдардағы" Меңтайдың апасының айтқандары.

screen-0.jpg

1.Жазғы салқыннан жаныңды аяма.

2.Ешқашан да ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.

3.Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.

4.Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан төңкерілген сең сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап, жойып кетеді. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей, жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел аландамайды, адалдық бұзылмайды.

5.Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағанды жоясың.

6.Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу - дарақылық белгісі.

7.Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.

8.Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.

9.Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп, көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы - бәрі де сай-рап тұрған сөз. Сондықтан, оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.

10.Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.

11.Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем, жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

12.Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек. Жақсы дос жаман әкеден артық.

13.Үміт күткен ұлы оңбаған боп кетсе - әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе,- шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз боп шықса - жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса - жар сорлы.

14.Ак көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс әдемі болса да жиіркенішті.

15.Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету - одан да қымбат.

16.Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ.

17.Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол мінез жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық қырсықпен тең.

18.Махаббат барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлыктың қоса қолдауын ұнатады.

19.Екі адамның бір-біріне шын ықыласпен қалтқысыз қызмет етуі не араларындағы адал махаббаттын, не асыл достықтың арқасы.

20.Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.

21.Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап, жер бетін, тұрған үйінді жұмақ ете біл.

22.Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме.

23.Жақсы адам - магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң - айналанда досың көп; жаман болсаң - жалғыз жүресің; орташа болсаң - сен де бір жақсының жанын жағалайсың. Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса - іздеген досың алыстан үйіріліп, өзі келеді.

24.Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы - жүз жойылса екен. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе екен!

25.Ел билеген жақсы адамның өмірдің күнделікті күйбенімен кетіп, ертеңгі ұрпаққа мұра боларлық өз атынан ештеңе қалдырмауы өкінішті. Абай атамыздың өзгелерден артықшылығы да осында - артына тастап кеткен асыл кітабында ғой.

26.Біреуді пәленше көп біледі деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса, мақтауға болар еді. Көп біліп, түк тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ. Ондай «білгіштен» аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық.


Мирас Асан. Құлып жоқ махаббаттың кілтіне тең
Мирас Асан: Бір өлеңімнің аяғы менен басындай!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу