Ілияс Омаров. Бауыржан Момышұлына жазған хаты

Oinet.kz 17-12-2019 1754

Қадірлі Бауыржан!

Мына хатты қолыңа берем ғой деп жүретін едім, ауруханаға түсіп қалғасын, тез келе алмас деп жіберіп отырмын. Сонымен қосып жақында түскен бір суретімді жібердім. Кейін екеуіміз сөйлескеннен бері болған айтарлықтай жаңалық жоқ. Қазақтың "ел аман" деген сөзіне көп ұғым кіріп жатады ғой, солай, қандай елден де амандықтан басқа еш нәрсе естіп алғаным жоқ. Биылғы жылы қазақтың тарихи елерлік бір қарт өнерпаз тәтеміз, бір ақын ініміз сөнген жұлдыздай келмеске жол шекті. Дина (Нұрпейісова) шешемнің қарттығы қазаны қанша жеңілдеткенмен, оның тарихы қымбаттылығын есептегенде, мәдениет сарайының бір зор керекті көрікті тасы омырылып түсіп, орны үңірейіп қалғандай болып көрінеді. Динаның өлгенін естіген күні блокноттарыма бір ауыз бірдеме түрте салған екем, соны осы жерге келтіре салайын.

Похожее изображение

Апам ең бір ғасырды арқалаған,

Адам ең бойдан өнер тарқамаған.

Тарихтың өлмес, өшпес меруерт тасын

Шашу қып шашқан жұртқа анталаған.

Қасымның (Аманжолов) өлімі. Әрине, ауыр қаза. Барлық ақындық күші бойында кетті. Бір жақсы жері, көзі тірісінде көп ескерілмесе де, өлгеннен кейін жоқтау көп болыпты. Кейде өз иттігімізді кейін болса да сезгенімізге "Құдая, тоба" деуге болады. Өзің айтқандай қойдың абыройын ешкі жеп жүретін халықпыз ғой.

Қасымның Мәди болып шығарған "Қаракесек" әнімен айтылатын бір ауыз өлеңі есіме түсті. Ол мынадай еді:

Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы.

Тамаша емес пе?

Ал басқа бәлендей жаңалық жоқ. Мұны да зор өмірден басқа тақырып табылмай, я болмаса қазақтығым ұстап кетіп жазып отырғаным жоқ, жалпы әңгімелер бәрімізге таныс болғандықтан, ел әңгімесі таңсық болады ғой деп жазып жатқаным.

Ауырып жатқан кісіге қазаны жазу есептен дұрыс та емес шығар, бірақ сен "суеверный" емессің ғой. Әйтеуір өзім қай сәтте де өмір әңгімесінің ащы-тұщысын ынтамен қабылдаймын.

Әзірге сау бол. Тез жазылып шық! Жақында мен де жатып шығатын шығармын, себебі науқасым Городничийдің әйелі мен қызы құсап жыбырлай бастады.

Сәлеммен, І.ОМАРОВ

6 наурыз, 1955 ж.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Жүсіпбек Аймауытұлы: «Неге неке бекем емес?»
Жазушы Бейбіт Сарыбайдың әңгімелері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу