Шерхан Мұртаза. Тасбақаның көз жасы
08-01-2020
Мұхамеджан Кәтімхан:
Баукең бір әңгіменің кезі келген кезде Шерағаңа:
— "1937 жыл" қазақ зиялы қауымына келген үлкен зобалаң. Осы зобалаң кезінде жазықты да жазықсыз да жапа шекті. Соның бірі сенің әкең Мұртаза еді. Прокурорға атын бере салса аман қалатын еді ғой. Бір атты қимай сенің әкең айдалды да кетті, — деп айтқан көрінеді.
1937 жылдары Шерханның әкесі Мұртазаның мініп жүрген жақсы аты болған екен. Бүкіл уезде оған жететін ат болмаған. Сол атқа уездің прокурорының көзі түсіп, үнемі сұрап жүреді. Мұртаза астындағы атын қимай бермей қояды. Соған ашуланған прокурор Мұртазаны 1937 жылдың құрбаны етіп айдап жіберіп, өзі атты иемденген көрінеді.
Алайда, бұл зобалаңнан Бауыржан Момышұлы да аман қалды. Кім біледі, әскерге кетпей елде жүрсе ілініп кетуі де мүмкін еді. Баукең ол кезде Қиыр Шығыста әскер қатарында жүрген. Әйтпесе, баяғы бастықты бақаға теңегені, милицияны басқармай бас тартқаны, сол зобалаң жылдары алдынан шығатын еді...