Бейімбет Майлиннің Ілияс Жансүгіровке жазған хаты

Oinet.kz 11-12-2019 1642

Товорищ Ілияс! Бармысың? Қайдасың? Тірі болсаң, болғаны. Мұндамыз. Аманбыз. Күн шығады, батады. Кейде аптап қыздырады, кейде самал жел еседі, самалды шаң араласып, түтіннің тұншықтыратын кезі де болады.

image.png

Жалғыз киномыз бар. Күн ара жаңа суреттері болады. Барамыз. Ұрысқан адамдай қырындап, әр жерде жалғыздан отырамыз. Бірақ жұмысқа мүмкіндік бар. Сен жер соқтырып кетсең де, календарды бітіріп келем. 15-күні тапсырғалы отырмын. Сенің "әзірлеген" материалдарыңды 8-бет қылып қана алдым. Оның үшін ұрсам десең өзің біл. "Қазиздатқа" берген бір романым бар еді ғой ("Садық"), сол шіркін ұнаңқырамай қалып қайта жазуға кірістім. Атын "Тартыс" қоймақшымын. Бұрынғы жазғанымның бірсыпыра жерін пайдаландым. Қалғанын тыңнан қосып жатырмын. Биыл жаз қайтсе де бітірем деп өзіме серт бердім. "Көзілдірік" (пьеса) жорналға басылып еді, кітап болып та шықты. Шыққан соң біреуін жіберермін. "Жаңа әдебиеттің" 5-санына шейін шықты. 6-саны осы июньнің 15-20-сында шығады. 7-саны баспада теріліп жатыр. 8-9 сандары июль ішінде шығады. Жіберетін материалың болса, тез жібер. Бірталай хабар айттым. Сендей адамға осы да жетер. Азсынсаң көшке берген тайыңды ал.

Айтпақшы, "наркомпростың" жұртта қалған шөп-шарының ішінде сенің бір үлкен қолжазбаң жүр екен. Балалар ертегісі, Лермонтовтың "Шеркестер" дегені, Қазақстанның 5-жылдығына арнап жазған өлеңің, Мен жиып алып үйге апарып қойдым. Керек десең айтарсың. Керек емес десең оныңды айт, мен де тастап кетем. Жұрттың боқтығын жиып көшіп баратын адамың мен емес.

Қызылордада гәзет шыққалы жатыр. Бірінші саны осы июннің 20 күні шығады. Аты "Сыр бойы". Жазушылары толып жатыр. Белсенді адамдары: Мансұр, Әбдірақыман (Мұстапаның), Мәтіжан. Оқшау жазушысы мен. Сырт өсегі: "бұл газет "Еңбекші Қазақ"-тан асып түсер-деседі. Кім білсін, қайткенде де бірінші санын алып оқуға асыққаның жөн.

Аяғы бітпей қалды. Асықтым хош!

Бейімбет (қолтаңба)

1929 ж. 12 маусым

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Бауыржан Момышұлы салған сурет
Қайым Мұхамедханов. Жарына хаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу