Абай Құнанбаев ескерткіші туралы мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың естелігі

Oinet.kz 09-12-2019 2267

Абай ескерткішінің дәл бүгінгі қалпына орнатылуына, оның композициялық шешімінің ойдағыдай шығуына Мұхаң (Мұхтар Әуезов) көп көмек көрсетіп еді. Ал ескеркішті салу жөніндегі тапсырма алуымның өзі бір оқиға. 

image.png

Бір күні Министрлер Кеңесіне шұғыл жетсін деген хабар алдым. Келсем, Д.Қонаев, В.Беляев, Т.Тәжібаев және М.Әуезов отыр екен. Әңгіме Алматыда Абай ескерткішін орнату туралы өрбіді. Сөз реті келгенде Т.Тәжібаев: "Мына Хакімжан әлі жас қой, ал Абай аға образын шығару үшін батылдық керек. Сондықтан осыны тәжірибесі мол Урманчеге берсек қайтеді" деп ұсыныс айтты. Арада екі-үш минуттық үнсіздік орнады. Сонан соң әдеттегідей биязы, әуезді қоңыр үнімен Мұқаң Төлегенге қарап: "Әй Төлеген-ай, қашанғы осы өзімізді-өзіміз олқысына береміз. Біле білген жанға Хакімжан халқымыздың тұңғыш мүсіншісі ғой. Бұдан басқа қазақтың қай баласы саз балшықтан өнері өріп жүр. Ал енді сен қазақтың Абайдай алыбының мүсінін осы балаға беруге азырқанып отырсың. Абайды Хакімжан салуы керек"

Әңгіменің шиыршақ ата бастаған райын байқаған Димаш аға басу айтып, жалпы қазақ мүсін өнерінің болашағы туралы өзінің толғаныстарын ортаға салды. Сөйтіп сол әңгіменің ақырында мен Абай ескерткішін салатын болып тапсырма алып шықтым. Тапсырма алуын алғанмен, енді мұны қалай орындаймын деп уайым шектім. Бірлі-екілі кездескенде менің осы қалпымды байқап қалған болу керек. Мұқаң: "Әй, Хакімжан, жасыма, жігерлен. Абай ағаңның аруағы қолдайды, батыл іске кіріс. Ойлануға уақыт жоқ" деп қайрап қойды. Сонымен, ақын образын мүсіндеуге кірісіп те кеттім. Мүсін өнерінің, өнердің өзге түрінен көп өзгешелігі бар десек, соның бірі болашақ туындының жер жағдайымен, геокеңестікпен үндесіп жатуы. Ескерткіш салынатын ең алдымен оның болашақ тұратын орны мұқият еске алынуы керек. Осы шарт ойдағыдай орындалғанда ғана ескерткішке "жан бітеді".

Әсет Ақмолданың әлеуметтік парақшасынан алынды

Әміре Қашаубаев туралы
Құдайберген Жұбанов қазақ күйі туралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу