Ырымға сенбейін десем ол сотталып кетті

Oinet.kz 02-11-2024 6121

Негізі мен ырым-наным дегенге атымен сенбейтін адаммын. Дегенмен де кейбір құбылыстарға қарап таң қаламын. Анамның айтуынша кішкентай күнімде ер балалар секілді бұзық болыппын. Ойнап жүріп біреудің баласын ұрып кетсем, міндетті түрде анасы келіп шағым жасайтын, не болмаса маған қатты ұрысатын. Сондай күндері анасында не болмаса отбасында келеңсіз оқиғалар орын алатын болыпты.

Screenshot_11.jpg

Анам айтқан уақытта мән бермеуші едім, өсе келе өзім де қатты байқап келемін. Қайдан білейін, мүмкін кездейсоқтық та болар...

Оқуды аяқтаған кез болатын, мамандығым бойынша банкке жұмысқа орналастым. Бастығымыз ер адам. Ауылда анам сырқаттанып қалып, қалаға келмекші болды. Дәрігерге қарату қажет болды. Жұмысқа жаңа тұрған кез болған соң қаражат жағы да қиындау болатын. Амал жоқ, бастығыма кіріп қарыз ақша немесе алдын ала айлық беруін сұрадым. Ол кісі жолын қарастыратынын айтты. Күттім. Өзінен хабар болмағаннан кейін, бір сенбіде ұялы телефонына қоңырау шалмасым бар ма? Өзімнен де бар, бастығына жас қыз беймезгіл уақытта қоңырау шала ма? Тұтқаны әйелі алды да бар дауысымен айқайға басты. Айтпаған сөзі қалмады. Ертеңінде бастығым кабинетіне шақырып алып кешірім сұрады. Барлығын ұмытып кетіп, жұмысымды жалғастырып отыра бердім.

Кенет банкке бір әйел кіріп келіп, айқай шығарып жүр. Сөйтсем әйелі осы кісі екен. Барлық әріптестерімнің көзінше мені жерден алып, жерге салды. Қатты ұялдым, сол күні үйге ерте қайттым. Түнімен қатты жылап шықтым. Ертеңінде барлығын ұмытып жұмысқа келсем, барлығы шуылдап жүр. Сөйтсем, бастығымның әйелі жол апатынан көз жұмыпты. 

Уақыт өте келе ұсақ-түйектерді есептемегенде осындай оқиғаның бірталайына ұшырастым. Шынымен де, маған біреу себепсізден себепсіз дауыс көтеретін болса немесе қатты ренжітетін болса міндетті түрде жамандыққа тап болады. 

Төрт айдан бері келесі подъезде тұратын бір жігіт қыр соңымнан қалмайтын. Есімі Қанат еді. жұмысқа барсам да, келе жатсам да алдымнан шығып, өлердегі сөзін айтатын. Талай рет кездесуге де шақырды. Қайта – қайта өтінгеннен кейін алғашында кездесе салуды жөн санап жүрдім, кейін уақыт өте келе бауыр басып қалдым. Арамыз жақындай түсті. Біраз кездескеннен кейін өзіне не керек екендігін ұқпай жүрді ме қайдам әйтеуір үйленуге ұсыныс жасай қоймады. Бірақ меннен жай қыз – жігіт болып жүруден артық дүниелер талап ете бастады. Тіптен бірге тұруға ұсыныс жасады. Мен алғашында келіспей жүрдім. Бірақ арты ұзаққа бармады. Бір күні бұл жүрісіміздің болмайтынын, үйленгеніміз дұрыс екендігін айтып едім, дүрсе қоя берді. Ол аз болғандай уақыт өткен сайын хабар ошарсыз жоғалып кететін болды. Ал мен болсам, арымның алдында ұялып біттім. Амал жоқ, жылап сықтап қала бердім. Соңғы бір айда тіптен хабар-ошарсыз жоғалды. Не тірі екенін, не өлі екенін біле алмай дал болдым. Кейін құрбымнан естідім, менің сыртымнан баласы бар, күйеуі жоқ бір әйелмен байланысқан екен. Ал ол әйел мұны көлеңкелі істеріне байланыстырып, ақырында істі болып сотталып кетіпті. 

Барлық қалт басқан жанның жазасын беруші бір Алла. Сол себепті де маған жазықсыз кінә артқандардың да бір Алла жазалайтынын білемін. Алайда тура осы дүниеде, көз алдымда есебі болады деп көбісі ойлай бермейтіні белгілі. Ал бұл жағдайдың барлығын кездейсоқтық дейін десем, ондайға да келіңкіремейтін сияқты. Бірақ өзімді ондай тылсым күштің иесі деп санай алмаймын.

el24.kz

Бойымдағы құпия қасиет, маған жамандық жасағандарды өлімге душар етеді
Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу