Қабір азабына куә болып есімді жоғалтып ала жаздадым

Oinet.kz 28-11-2023 4795

Бұл оқиға 1981-жылы Ақтөбе облысы, Ленин ауданының жерінде болған. Мен сол ауылдың жай қарапайым тұрғыны ретінде осы оқиғаға куә болған адаммын. Сол уақытта ауылдың жергілікті элеваторының директоры қазақ, есімі Моциал деген азамат еді. Ол азамат ауылында өзінің адамгершілігі мен еңбекқорлығы және қазақылық мінезімен лайықты сыйға ие болған.

Screenshot_10.jpg

Сол уақыттарда Құдай берген Шыңболат және Жамболат есімді ұлдары да ержетіп қалған. Бұл азаматтың есімі коммунистік идеяға жақын болғанымен, ішкі дүниесі мұсылманшылықта еді. Кеңестің дінсіз дәуірі жүріп тұрған, бірақ партияның рухани жұмыстары тоқырауға ұшырап жастар бетімен кете бастаған кез болатын. Не дін жоқ, не тәрбие жоқ, жастар әйтеуір өз беттерімен қалыптасып жатты. Қазіргідей дамыған озық техника, интернет жоқ, бар болғаны кешкісін жастардың барлығы ағылып кино көруге немесе билеуге ауылдың клубына жиналады.

Бір күні Моциалдың Жанболат деген ұлы клубта Витя деген бір орыстың жігітімен шекісіп қалады. Ал орыс жігіті ауыл директоры А.Таракановтың баласы еді. Кикілжіңнің соңы Жамболаттың өлімімен аяқталды. Жігіттер шекіскен соң Витя клубтың ішіне кіріп, Жамболаттың қасындағы бос орынға отырып, онымен татуласуға сыңай танытқан болып, жігіттің мойнынан құшақтап, алдап отырған да мойынын шұғыл бұрап кеп жіберген. Жұлынына едәуір әсер еткендіктен Жанболат қырылдап ұйықтап кеткен, ешкім оған мән бермеген, соңынан өліп тынған.

Әкесі ауруханаға апарса, дәрігерлер «баланың ешқандай жері бүлінбеген, мойын омыртқасы қозғалмаған» дейді. Оның үстіне ауыл директорынан бәрі қорқып, ештеңе көрмедік, естімедік деп куә болудан бас алып қашады. Нәтижесінде Моциал мырза өзінің баласын орыс жігіті өлтіргенін медициналық тұрғыдан да, куәгерлер арқылы да дәлелдей алмайды. Ауыл- аймақ, ағайын- туыс жиналып, Моциал мырзаны сабырға шақырып, өлікті жерледі. Десе де әкеснің жүрегі жай таппайды.

Шамамен бір жыл өткен соң Жанболаттың әкесі баласын орыс өлтіргеніне әбден көзі жетіп, оны қазақ жерінде жүріп дәлелдей алмағанына қатты кейіп Мәскеуден экспертиза шақыртады. Мәскеуден төрт дәрігерден тұратын арнайы зерттеу комиссиясы келеді. Экспертиза адамдарына еріп, бір жағынан куәгер ретінде, бір жағынан ағамыз жақта екенімізді білдіргіміз келіп, қабірдегі мәйітті қазып алу үшін бір-екі ағайын бірге келдік. Экспертиза дәрігерлерінің бізге қойған талабы: «Қабірді ашқан кезде бес минут аулақ тұрыңдар, себебі өліктен у бөлінеді» деді. Қабірді ашып, өлікті алды.

Бізде жақындадық, байқағанымыз мәйіттің сүйектері аппақ, тек ауаға шыққанда қарая бастады. Комиссия өлікті оңтайлы жерге қойып, зерттеу жүргізді. Шамамен 3-4 сағаттан соң қорытындысы белгілі болды, яғни бұрынғы экспертизаның үкімі жойылып, жаңа экспертизаның шешімі шықты.

Шешімге қарасақ, өлген мәйіттің сынбаған қабырғасы жоқ, омыртқасы күл-талқаны шыққаны дәлелденген. Сол экспертизаның шешімен қайтадан іс қозғалып, Витяны 15 жылға сот бас бостандығынан айырады. Сол соттың залында орыс бала еңкілдеп жылап, бүкіл елдің алдында шын сөзін айтады: «Ағатайлар! Мен баланың қабырғасын сындырған жоқпын, мен омыртқасын үгіткен жоқпын, сеніңіздерші! Менің бар істегенім, тек баланың мойынынан қысып, кішкене артқа жұлқып қалдым болғаны осы» деді. Витя рас айтып тұр. Оған күмән жоқ.

Содан ойға баттым, бір жағынан жас бала қалтырап, қорқыныштан шынын айтып тұр, оның үстіне клубта адамның қабырғаларын сындыратындай соққы болса, барлық жұрт байқар еді ғой. Ал бір жағынан «Мәскеу экспертизасын» ол кезде біреулердің сатып алуы мүмкін емес екені белгілі. Сонда, сүйектерді сындырған кім? Осы сұрақты өзіме күні бүгінге дейін қойып келем!.

Экспертиза дәрігерлері шаруалары біткен соң бізбен отырып тамақтанған болатын. Шәй үстінде олар осы қызметте жүріп түрлі оқиғаларға куә болғандарын әңгімелеп берді. Сонда кейбір өліктердің аз уақыт ішінде адам танымастай күйге түсетінін айтты. Оларды шақыртқанда, «өлік жерге қойылған ба, әлде табытқа салынған ба?» деп сұраған еді. Мұның сыры жерге қойылған өлік бір жылдай уақыт ішінде сақталса, табыттағы өлік үш жыл шамасында өзгермей, сақталынады, яғни экспертиза жасауға болады екен, одан әрі жарамайды. Кейін мұсылманша сауатымды ашып, Құран оқи бастағанда көкейімдегі сұраққа жауап тапқандай болдым. Яки, қабыр азабына куә болғанымды білдім де, дереу иман келтірдім.

Қайнар Жүсіп

mazhab.kz

Бақытсыздыққа душар болған қыз ата-анасын кешірмеді
Аға, мені неге тірідей көмдіңіздер?. (болған оқиға)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу