Арба үстінде қарбыз жеп келе жатқан қызға аяқ астынан не болды?

Oinet.kz 10-06-2023 4335

1947 жыл болса керек, соғысқа кеткен әкем жараланып, госпитальдан тіке Қазан қаласындағы шошқа зауытына жұмысқа жіберіліп, содан елге әлі оралмаған кезі екен. Әжем Бәтиманың қолында Ақжайық ауданының Бұлан ауылы жағында тұратын анам 25 жаста, болашақта атақты сынықшы боламын деп ойламаған уақыт еді.

Screenshot_6.jpg

Бір күні анам қасында ауылдың бір топ адамы бар ат-арбамен көрші ауылдан келе жатады. Жолай бақшадан қарбыз алып, арба үстінде бәрі жеп алады. Күн батып бара жатқан уақыт. Арбадағы бойжеткен қыз қарбызын әлі жеп келе жатқан-тын. Бір кезде шыңғырып құлап түсіпті. Аяқ астынан көзі шапыраштанып, алысып, еліріп кетеді. Анам «Қой» десе ғана бұғып, үндемей қалады екен. Содан бәрі жабылып, қызды байлап молдаға әкеліпті. Молда: «Шайтан қағып кетіпті, күн батып, жындар көшетін уақытта жолда тамақ жегені несі? Үш күн оқимын» деп алып қалыпты.

Алысып жатқан қыздың қасына анам барса, тып-тыныш болып қалатынын байқаған молда анама: «Қызым, сен қала тұр, жалғыз өзімнің шамам келмес» дейді.

Хабарды естіген қыздың әке-шешесі келеді. Молда Құранын ашып оқи бастайды. Қыз тынышталғандай болып, үйдегілер ұйықтап кетеді. Түннің ортасында сыртта иттің қыңсылаған дыбысынан анам оянып кетіпті. Қараса, қыз жоқ. Сыртқа шықса, қыз молданың итін екі құлағынан бұрап, үстіне мініп алыпты. Қабаған иттің бейшара болып момақансып қалғанына таңғалған анам: «Бісмілла» деп қыздың шашынан бұрап ұстап, иттен айырып алады. Құтылған ит байғұс қыңсылап, құйрығын қысып, қашып кетіпті...

Молда қызды Құранмен оқып, ауруынан айықтырып алады. Тәуір болып, есі кірген қыз анама не болғанын әңгімелепті: «Жолда қарбыз жеп келе жатқанымда, арбаның соңынан шашы жалбыраған бір әйел ерді. Ымдап, қолын созып менен қарбыз сұрайды. Бірақ сіз маған қарай бұрылып қарасаңыз, ол қорыққандай кейін шегініп кетеді. Сөйтіп келе жатқанда, сіз арбадағы басқа адамдарға қарай бұрылып әңгіме айтып кеткен сәтіңізде әйел шап беріп менің қолымдағы қарбызды тартып алды. Мен құлап түстім. Олар менімен бірге молданың үйіне де барды. Бірақ ішке кіре алмай, сыртта, терезенің жоғары жағынан, перденің ашық жерінен қарап тұрды. Сендер ұйықтап кеткенде терезеден үңіліп, ымдап, мені сыртқа шақырды. Олар соңынан көбейіп кетті, бірақ, неге екенін қайдам, сіз келе жатқанда қашып кетті» депті.

zhaikpress.kz

Дуакеш біреу өлген жарқанатты анамның конвертіне салып кетіпті
Жатақханада әруақ шақырған студент қыздардың оқиғасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу